Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты тақырыппен өз Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту Стратегиясымен таныстырды.
Мемлекет басшысы маңызды құжатта нақты мақсаттар қойып, міндеттерді айқындап берді. Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын мұқият тыңдадым. Себебі, Мемлекет басшысының әрбір жаңа Жолдауы – ең алдымен егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашаққа бастар басты бағыт.
Жасырары жоқ, ағымдағы жыл біз үшін ғана емес, әлем халқы үшін де оңай жыл болмай тұр. COVID-19 кеселі қарапайым адамдардың ғана емес, сонымен бірге, үлкен және қуатты мемлекеттердің де болашаққа деген барлық жоспарларын бұзып, адамдардың күнделікті өмір ағымына теріс әсерін тигізгенін жоққа шығаруға болмайды.
Осы орайда дамыған елдердің экономикасына да бұл кесел өз зардабын тигізгені белгілі.
Ел Президентінің биылғы Жолдауы осындай заман талабына сай
туындап отырған экономикалық жаңа өзгерістерге қабілетті жаңа Қазақстанды қалыптастыру міндеті алға қойылған тағы бір құнды еңбек екені сөзсіз. Бұл құжатта экономикалық даму көрсеткіштері, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салаларды дамытып, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын өркендету керектігі баса айтылды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін сөзімізден бұрын ісімізді іске қосу қажет, яғни, ой-өрісіміздің озық және заман талабына сай болуын қамтамасыз ету керек.
Кәрім БОСТАНБАЕВ,
еңбек ардагері, «Nur Otan» партиясының мүшесі.