Ұлы ақын заңды ардақтаған

Тәуелсіз мемлекетіміздің мәдени-рухани өміріндегі сапалық жаңаша өзгерістер ертеңгі жарқын болашақтың жаршысындай көрінетіні рас. Бәсекеге қабілетті ұлт болу – шындығына келгенде әрбір қазақстандықтың білім мен біліктілігіне, адал еңбекке деген құштарлығына, кәсіби шеберлігіне, рухани жан дүниесінің бай болуына байланысты екендігі даусыз.

Ақмола облыстық полиция департаментінің музейі өз қызметінде бұрыннан келе жатқан іс-тәжірибені одан әрі жетілдіре отырып, заман талабына сай жұмыс атқаруды жалғастырып келеді. Музейдің тарапынан ұсынылып жатқан қандайда бір шаралар әрдайым облыстық полиция басшылығының қолдауымен, әсіресе, кадр саясаты басқармасының тікелей қатысуымен жүзеге асырылады. Соның бір дәлелі, мемлекетіміздің негізгі құжаты Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толуына орай, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген жас сақшылардың интеллектуалдық-рухани болмысын жетілдіру, олардың өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында тарихи болмыспен сабақтастырыла отырып ұсынылған арнайы бейнеролик.
Бейне материалдың негізіне бірқатар деректер енген. Алдымен, облысымыздың мемлекеттік архивінен алынған тарихи деректер, Ақмола облыстық сотының музейіндегі суреттердің көшірмелері, хакім Абайдың Семейдегі музейінен жіберілген бірқатар мәліметтер, кітапхана сөрелеріндегі мерзімді басылымдар мен кітаптар жинағын атап өтсек дейміз.
Аталмыш жобаның өзіндік бір құндылығы бар. Жобада Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениет ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында тойланып жатқан ұлы Абайдың 175 жылдығы, сондай-ақ, сонау он тоғызыншы ғасырдың ортасында ақынның алғашқы рет 93 баптан тұратын Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін жазып шығарғаны жайлы деректердің негізгі орын алуы. Осылайша бұл сол кезде қазақ даласында белгілі бір аумақты қамтитын жаңа Ережелер немесе заңдардың жазу үрдісі пайда болғанын айшықтап көрсетеді.
Сол заманда Семей губерниясына қарасты бес уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өтеді. Бұл съезді Семейдің генерал-губернаторы Цеклинский басқарады. Сол съезде тікелей генерал-губернатордың тапсырмасымен Абайға Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін жазып шығару тапсырылған. Мұны данышпан ұлы ақын жанына бірнеше адамды алып, ойдағыдай орындап шыққан.
Осы ереже азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және қылмыстық жазаға тартылуына қатысты жағынан бұрынғы заңдарға ұқсамайтын өзгеше құжат болған. Міне, қысқаша айтқанда, тамыры тереңде жатқан еліміздің негізгі құжаты – Ата Заңымыздың 25 жылдығы қарсаңында осындай бейнероликке назар аударуымыздың бір себебі, Абай жылында Абай жазған заңды ұлықтау болатын. Сол ойымыз сәтті жүзеге асып, ұлт ақын тойы мен Ата Заңымыздың мерекесіне мысқылдай болсын өз үлесімізді қостық деген сезімдеміз.

Амантай ЫСҚАҚОВА,
Ақмола облыстық полиция
департаменті музейінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар