Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы елімізде орын алған қауіпті індеттің қиын тұстарын еңсеру барысында дер мезгілінде жарияланған тарихи құжат деп білемін.
Әрбір Жолдау – қоғамымыздың қозғаушы күші. Бұл Жолдау да ел еңсесін көтеріп, халықты жігерлі істерге бастайтын сондай күш боларына сенімдімін. Өйткені, Жолдау-да бүгінгі қиындықтардан шығу, әсіресе, осы бір сындарлы сәттегі әлемдік нарықтың жаңа ахуалына дайын болу керектігі жан-жақты айтылған.
«Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жәй қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Сонымен қатар, экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы міндетті түрде орындалуға тиіс» деген Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.
Еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек екенін былай жіктеп берді. Алдымен, игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу. Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек.
Бұл жеті қағидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз. Жалпы, өткен уақыт шағын және орта бизнеске жедел қолдау қажет екенін, озық технологияға негізделген тиімді экономика болмайынша, модернизациялау мүмкін емес екенін көрсетті. Сондықтан, мен адами капиталды дамыту қағидатын Жолдаудың негізгі тармақтарының бірі деп санаймын. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен басқа да салаларды қамтыған Жолдауды ойдағыдай жүзеге асыру билік пен қоғамға деген халық сенімін арттырудың бірден-бір кепілі екендігіне сөз жоқ.
Сонымен бірге, аудандық мәслихаттың депутаты болғандықтан, Мемлекет басшысының мәслихат туралы айтқан пікірлері де көкейге өте қонымды. Бұл орайда, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру қажеттілігі талас тудырмайтын мәселе. Кейбір ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлап көруі де бұл жұмыс учаскесінде басшылардың белсенділігін арттырмаса, басқа зиян әкеле қояды деп ойламаймын. Мәслихаттар, егер кейбір құзыреттіліктері кеңейе түссе, қоғамға, ортақ ісіміздің алға басуына айтарлықтай серпін әкелер еді. Мәселен, бұл ретте тексеру комиссияларының да ықпалын арттыруға болар еді. Ал, мәслихат отырыстарының онлайн көрсетілімдерін енгізу біріншіден, өкілетті орган жұмысын халыққа кеңінен жария етсе, екіншіден, депутаттар қабылдайтын шешімдерде сайлаушылардың өзекті мәселелерінің ескерілуіне түрткі болары анық.
Бір сөзбен айтқанда, өз тарапымыздан қолдау тапқан маңызды құжаттың өн бойында қамтылған міндеттер, егер сәтімен жүзеге асырылса, қоғам тынысына одан сайын қан жүгіртіп, біраз істерімізді оңға бұрып, күткендегідей қалыпқа келтіруге көмектесе түсеріне күмән жоқ.
Гүлмира КУРТАБИЕВА,
Біржан сал аудандық
мәслихатының депутаты.