Абай мұрасының ұлағаты

Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары, Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық. Абай – ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. …Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың», – деп атап көрсетті. Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, қоғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.
Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген саласының бірі. Жүз жылдан астам тарихы бар Абай мұрасының зерттелу тарихына көз жіберсек, баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан басталып, бүгінде қазақ мәдениетінің, ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған үлкен саласына айналды.
Абай мұрасының бірегей білгірі академик М.Әуезов: «Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Бұл жөнінде Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тұрғанын еске алу керек. Бірінші жолы – баспа арқылы тарауы; екіншісі – халық арасына ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы; үшіншісі – қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар болып, көшіріліп таралуы», –дейді. «Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихының үлкен бір саласы». Бүгінгі таңда Абайды тану, жас ұрпаққа насихаттау, ақынның асыл мұрасын әр тараптан зерттеу Абайтану ғылымының керегесін кеңейтуде. Жүз жылдан астам уақыт өтсе де ешбір үздіксіз, үнемі дамып, жетілу үстінде келе жатқан абайтану ғылымын одан әрі дамыта түсу – бізге қойылар басты міндет. Абай мұраларының педагогикалық құндылығы өте мол.
Білім беру мазмұнында Абай шығармаларын төл өлеңдері, қарасөздері, аударма өлеңдері деп үш жүйеде қарастырамыз. Абай өлеңдері мен қарасөздерінің тәрбиелік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары. Абай көтерген мәселелер бүгінгі күні де маңызды, өзектілігін еш жойған жоқ. Абай – адамзат ақыл-ойы мен ақындығының ірі тұлғасы. Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын, ағартушы ретінде енді. Әдебиеттану саласы бойынша көптеген ғалымдар Абайды тануға айтарлықтай үлестерін қосты.
Абайды тану, оның шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне дұрыс қолдана білу – әрбір азаматтың парызы десек, оны оқып-үйрену, жан-жақты талдай білу, Абай тереңіне үңіле білу де бүгінгі ел болашағының міндеті болмақ. Әр адамның іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын, бағыт-бағдарын айқындай алатын қуат күші де осы Абай шығармаларында. Уақыт та, қоғам да ұлы Абай философия-сын қажет етіп отырған шақта ұрпаққа ақын тағылымын үлгі ету, үйрету, өміріне азық етерлік білім беру – оқытушылардың мақсаты мен мұраты. Сабақта студенттердің адамгершілік сезімдері мен бағдарларын Абай шығармалары арқылы дамыту жұмыстарын жүзеге асыру кілттерін, тетіктерін табуға бағыттайды. Ол өз негізінде жас ұрпақты Отанды сүю, елжандылық, азаматтық рухтарында тәрбиелеу құралы да болып саналады. Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнар бұлағы.
Ал, оқу-тәрбие процесінде Абай шығармаларын нәтижелі өтудің бір кепілі – мұғалімнің әдебиеттану, педагогика, психология ғылымдарын терең меңгеріп, әр сабақта ұтымды әдіс-тәсілдерді аталған негіздермен бірлікте ұстай білуі қарастырылған. Абайдың жыл мезгіліне арналған өлеңдерінде жыл мезгілдеріне тән белгілерді суреттеп, табиғат көрінісін елес-тете отырып, әлеуметтік жағдайды көрсету, соны айқындау ниеті басым жатыр. Күз туралы көңілсіздеу ой мен ақын суреттеуіндегі көрініс көз алдыңа екінші бір сиықсыз көріністі алып келеді. Ол – жыртық киім, жамау-жасқаумен жүрген ауыл әйелдері, бәрінің қабағы жабырқаңқы, бүрсеңдеген бала, от жақпаған, суықтан құты қашқан үй. Бұл көрініс біріншіден, автордың оларға деген аянышы мен жан ашуын туғызып, екіншіден, одан туған көңіл-күйдің кейіске айналғаны байқалады. Берілген эмпатиялық әңгіме-сұхбат арқылы ақынның осы көңіл-күйін оқушыға сезіндіру мақсаты көзделуі керек. Олай болса, Абай шығармаларын оқытуда басшылыққа алар тағы бірден-бір тиімді әдіс-тәсіл сабақты эмпатиялық диалогқа негіздей құру.
Абай мұрасын кімдер зерттеді дегенге келсек, Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан бас-талды деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады.
1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, «Ескендір» мен «Масғұт» поэмалары енді. Бұл тұңғыш жинақты дайындап, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның өмірбаянын жазған. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмаған. Шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды. «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды. Бірақ, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдан қорғап, мақалалар жазды. Ал, Мұхтар Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарында жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Әсіресе, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы осы салаға қосқан өлшеусіз үлесі болып саналады.
Енді Абайды шетелде танытқандарға тоқталсақ, Қытайда Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек сіңірген. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туған. Қытай тіліндегі мектептерде оқыса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен.
1950 жылы Абайдың «Ескендір» поэ-масын, ал 1958 жылы «Масғұт» поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарған. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған. «Абай және Абай шығармалары» деген үш кітабын да Пекинде бастырған. Абайдың өлеңдері басқа тілдерге аударылды. Мәселен, Грузин тілінде – Ш.Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде – Ш.Сеитова, қырғыз тілінде – А.Токомбаева, татар тілінде – М.Максуд және Н.Арсланов, француз тілінде – Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде – А.Самохмалов, түрікмен тілінде – А.Хайидова, Т.Қасымова, П.Искакова және М.Хамраева Абайды ұйғыр тілінде сөйлеткен.
Баршамызға белгілі, Абайдың 175 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұдан бөлек, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту жоспарланған.
Абай – мұрасы телегей-теңіз. Ол ешкімнің де құшағына сыймайды. Абайды тану – қазақ халқын танумен бірдей. Өйткені, қазақ қауымын дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім болған жоқ.

Ботагөз ӘУБӘКІРОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар