Халықаралық отбасы күні қарсаңында отбасы мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген, зеренділік жеке кәсіпкер, он баланың анасы Жаңыл Секенованы әңгімеге тарттық.
Бүгінде «Nur Otan» партиясының партияішілік праймеризіне сайлау өтуде. Соған қатысушылардың қатарында болып, өзіндей көпбалалы отбасылардың үнін билікке жеткізгісі келетін біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жаңыл Әжекеқызы осы сайлауға өзін-өзі ұсынып отырғаны құптарлық жайт. Қазіргі таңда жас отбасылар қатарынан жақсы танылып келе жатқан ерлі-зайыпты Марат пен Жаңыл өздерінің алты баласына қосып, балалар үйінен төрт сәбиді қамқорлықтарына алып отырғанына қалай риза болмассың.
Иә, олар бүгінде отбасылық жеке кәсіптерін де ашып, содан нәпақасын тауып отырған қарапайым жандар. Бір қызығы, Жаңыл Әжекеқызы он баланың анасы бола тұра, 2013 жылдан «Күміс алқа» иегері. Бір қараған адамға «бұл қалай?» деген ой тууы мүмкін. «Алтын алқа» жеті баладан кейін берілетінін ескерсек, жас отбасының жетінші сәбиі де дүниеге келген. Тағдырдың жазуы шығар, өмірге келген торсықтай ұлдары, жігіт болып қалған 19 жасында қыршынынан қиылған. Ұлдарының қазасына қайғыра жүріп, әр баланың өз несібесі барын түсінген олар сауапты іс жасауды ойластырады. Содан, балалар үйінен бір ұл баланы алуды ұйғарады. Балалар үйіне бірнеше рет барып, олармен танысып, әңгімелесіп жүреді. Сөйтіп, 2017 жылдың соңында Есіл балалар үйінен Эдуардты алады. Сөйтсе, Эдуардтың соңынан ерген үш қарындасы бар екен, көздерін жәудіретіп тастап кетпей, оларды да бірге бауырларына басады. Жүректеріне иман мен мейірім ұялаған Марат пен Жаңыл осы балаларды алу үшін алдын ала арнайы оқудан да өткен. Олар бүгінде билікке алақан жаймай, өздерінің отбасылық жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр. «Балаларым – бақытым» деген көп балалы ана кондитерлік тәттілер пісіруді он жыл бұрын бастаған. Алдымен үйде, одан кейін жалға орын алып, торт, пирожный, бауырсақ, тәтті тоқаштарды тапсырыспен дайындап отыр. Тіпті, карантин кезінде де ыстық тамақтар пісіріп таратқан. Өткен жылы үкіметтен 505 мың теңге грант ұтып алған. Қазіргі таңда отбасылық бизнестерін үлкейтуді ойлаған ол ендігі жерде кондитерлік бағыттағы 5 миллион теңгеге тапсырыс беріп, сабырмен күтуде.
– Мен көп балалы отбасында тәрбиелендім. Сондықтан, маған көп баланы тәрбиелеу қорқынышты емес. Қазіргі өз отбасымның үлкен болғанына Аллаға шүкір деймін. Міне, 10 баланың ата-анасы болып отырмыз. Үлкен қызымыз Гүлбарам тұрмыста, үш жиеніміз бар. Ұлымыз Эдуард Көкшетау экономика және менеджмент институтының 3-курсында оқиды. Одан кейінгі қыздарымыз Наташа мен Әйгерім 9-сыныптан кейін грантқа медколледжге оқуға түсті. Ал, Ерназарымыз биыл 9, Светлана 8, Айзере мен Альбина 5, Ерәлі 2-сыныпта оқып жүр. Одан кейінгі кенжеміз Айлин 4 жас-та, «Балауса» балабақшасына барады. Эдуардтың соңынан ерген үш бауырын да өз балаларынан кем көрмеймін. «Алтын алқа» алмасам да, балаларыммен бақыттымын, – дейді Жаңыл Әжекеқызы.
Жаңылдың өзі қызылтулық, жолдасы Марат Зеренді ауданының тумасы, Үлгілі ауылынан. Отбасының өмірлік тірегіне айналған ардақты әке. Бүгінде көп балалы ана «Nur Otan» партиясының партияішілік «Праймеризіне» қатысу арқылы өзіндей көп балалы аналардың өмірін жақсарту тұрғысында жұмыстар жүргізгісі келетінін жеткізді.
–Елімізде көп балалы отбасыларына көмек көрсетілуде десек те, кейбірлері азын-аулақ атаулы әлеуметтік көмектің өзінен қағылып жатады. Осы жағы мені қатты алаңдатады. Ашынып айтып, даурығып сөйлегеннен ештеңе ұтпайсың. Ал, егер депутат болсам, көп балалы аналарды толғандырған мәселелерді қолға алар едім, – деген оның ойы құптарлық.
Көп балалы анамен әңгімелесу барысында тұрмыс жағдайын да сұрадым. Он баламен екі қабатты үйдегі төрт бөлмелі пәтерде тұрса да, балалары бірінен кейін бірі өсіп келеді. Оның үстіне жыл басынан бері елімізді жайлаған қауіпті індетке байланысты жарияланған карантиннің салдарынан мектептегілері өз алдына, жоғары оқу орындарындағы балалары да қашықтықтан оқуға көшкен.
– Өткен жылы облыстан «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қабылдауында болдым. Соған барар кезде аудан әкімі үйімізді кеңейту мәселесі шешіліп, жер үй берілетінін айтқан. Сондықтан, ол жақтан абыроймен барып, абыроймен келуді ойладым. Бірақ, өкінішке орай, ол мәселе шешімін таппады. Жалпы, Үкіметтен «бір нәрсе бер» деп сұрау қанымда жоқ қасиет. Енді аудан басшылығы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 10 миллион теңгеге пәтер алуымды ұсынып отыр. Алайда, ол менің жағдайымды шешпейді. Ол үй екі-үш бөлмеден аспайды әрі 10-15 жыл ақшасын төлеуге тура келеді. Сондықтан, жеңілдікпен берілетін үйлерден алсақ деп армандаймын. Балаларымызға шамамыздың келгенінше, дұрыс тұрмыстық жағдай туғызғымыз келеді. Өзге ұлттың өкілі болса да, үйде қазақша сөйлеп, мәнерлеп тақпақ оқып, өлең айтып, қазақы ұлттық тәрбиеге бейім болғандарына қуаныштымыз, – деген Жаңыл Әжекейқызы бізбен әңгімесінде, егер үкімет қамқорлық жасап, пәтерлерін кеңейтіп, жаңа баспаналы болуларына жағдай туғызса, әлі де ата-анасыз қалған балаларды алуға ниетті екендіктерін де жеткізді. Өйткені, ол балалар үйіндегі сәбилердің аналарын аңсап, көздері жәудіреп тұратынын алғаш балаларды алуға барғанда-ақ, көріп-біліп, жүрегі сыздап келген.
Иә, бұл өмірде балалар жетім қалмасыншы. Он баламен өз күнін өзі көріп отырған мұндай отбасыларға қандай қолдау көрсетсе де, көп емес-ау. Олар балалардың көптігіне еш өкінбейді. «Балалар үлкен отбасылық өмірге жол ашты, біздің бағымыз бен бар бақытымыз осылар» деген көп балалы ана мына өмірдің сәнін келтіріп тұрғандай. Оның үстіне Жаңылдың сүйіспеншілікпен пісірген тәттілерін айтсаңызшы. Біз Жаңылдың қайраттылығы мен болашаққа деген көзқарасының түзулігіне шынайы ризашылығымызды білдіріп, өз отбасын өнегемен өрістетеріне сенімді болдық. Өйткені, көп балалы ананың арманы таудай. Ертеңгі күні «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы алғысы келген 5 миллион қаражат қолдарына тиетін болса, алдымен, отбасылық жеке кәсіптері үшін орын тауып, кондитерлік тәттілер дайындайтын үлкен жабдықтар сатып алмақшы. Одан кейін жүйелі тапсырыстармен ауданды қамтитын дәрежеге жетері сөзсіз.
– Әрине, қиындықтар жоқ деп айта алмаймын. Карантин кезінде кәсібіміз мүлде тоқтап қалды, – дейді өзі. Карантинге дейін үш адамды жұмыспен қамтып тұрса, кейін екеуі қысқарған. Қазір бір ғана көмекшісі бар. Оның үстіне өздері бір мектепті тағаммен қамтамасыз ету үшін тендерге де қатысқан екен. Алайда, қазір бұл жұмыс та тоқтаған. Сондықтан, мұндай жағдайда Үкімет тарапынан қамқорлық болмаса, кейбір отбасылардың құрдымға кетері белгілі. Бүгінде сол сенген Үкімет те «кәсібі бар» дегенді желеу етіп, 10 балаға қарамай, «өткір қажеттілікке жатпайтын отбасы» деп танып, қолдау көрсетуге құлықты емесі тағы бар. Иә, бұл «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кері болып тұрғаны жасырын емес. Бұл бір ғана отбасының басындағы жағдай емес. Мәселен, балаларға кеңсе заттары мектептен берілгенімен, көп балалы отбасылардың дәрежесі пайдаланылмағандықтан, жағдайлары шешілмесі анық.
Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, он баланың анасы Жаңыл Әжекеқызы да жолында кездескен осындай қиындықтарға қарамастан, жігерін құм қылмай, қамыға жүріп, қайсарлана түскен аяулы ана, асыл жар, өз кәсібінің білгір маманы.
Бүгінде үлкен отбасы болуды армандаған Марат пен Жаңылдың болашаққа деген сенімдері нығая түскенін көріп, көңіліміз толды. Біз де ылайым солай болғай деген ниеттеміз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қабылдауында; көп балалы Секеновтер отбасы.