Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Адамдардың саулығын ойлаған отбасы - АРҚА АЖАРЫ

Адамдардың саулығын ойлаған отбасы

Бұл жолғы мақаламызды Есіл ауданында тұратын дәрігерлер отбасына арнағымыз келіп отыр. Отағасы Дастан Асанұлы аудандық аурухананың бас дәрігері, отанасы Әсел Серікбайқызы дәрігер-фармацевт. Кейіпкеріміз Дастан Асанұлы 1985 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2008 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының стоматология факультетін бітірісімен Есіл аудандық емханасында дәрігер-стоматолог ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды.

Осы қызметімен қатар, дәрігер-статистің жұмысын қатар алып жүрген. Осында үш жылдай уақыт қызмет еткеннен кейін Ақмола облыстық онкологиялық диспансеріне дәрігер-статис, әрі ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысқан. Одан кейінгі жылдары Біржан сал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары, облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары болған, сонымен қатар, Алматы қаласында да денсаулық сақтау саласында бірқатар басшылық қызметтерді атқарған. Еңбек ете жүріп, денсаулық сақтау менеджментінен магистрлік диссертациясын қорғаған. Есіл аудандық ауруханасында бас дәрігер болып жұмыс істеп жатқанына биыл екінші жыл. Жуырда кейіпкеріміз бірінші санаттағы денсаулық сақтау ұйымдастырушысы категориясын сәтті қорғап шыққан.
– Есіл ауданы жаныма жақын. Өйткені, академияны тәмамдағаннан кейін бірден осында келіп еңбек еттім. Алғаш емдеген науқастарым да осы жердің тұрғындары болды. Бас дәрігер қызметіне тағайындалғанымда әріптестерім жылы қабылдады, – деген ақ халатты абзал жан болашақ жарымен 2011 жылы Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы мамандандыру курсына барғанында танысып, арада біраз уақыт өткеннен кейін екеуі шаңырақ көтерген екен. Жұбайы Әсел Күлкеева Қарағанды медициналық университетінің түлегі. Дастан Асанұлы екеуі бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр.
–Дәрігер болғаннан кейін уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Түнде ауыр науқастарды қарайтын, консилиум өткізетін кездер болады. Сондай сәттерде жұбайым түсіністікпен қарайды. Мамандықтарымыз ғана емес, мақсатымыз, өмірге деген көзқарасымыз бір болғаннан кейін жан дүниемізбен де, білімімізбен де бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Келешекте балаларымыздың ішінен біздің жолымызды жалғастыратын бір дәрігер шыққанын қалаймыз, – дейді отағасы Дастан Асанұлы.
Осы ретте, коронавируспен күресте дәрігер-фармацевт Әсел Күлкееваның да үлесі өте зор екенін айта кеткеніміз абзал. Ол науқастарды инфекциялық стационарда емдеуге қатыспаса да, қатерлі індетке шалдыққандарды емдеп жазуға қажетті дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуын қадағалап, медициналық ұйымға дер кезінде жөнелтіп отырған.
Қыркүйектің алғашқы күндері Есіл аудандық ауруханасы коронавирусқа шалдыққан соңғы науқастарды үйлеріне шығарып, инфекциялық стационарды жапқан. Одан бірер апта бұрын провизорлық стационар да жабылыпты. Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Коронавируспен ауырып жатқан науқастар жоқ. Дегенмен, індетті қайта болдырмау үшін амбулаторияда бес мобильдік топ жұмыс істеп, үй жағдайында тұмауратып жатқан науқастардың жағдайын тексеріп, медициналық көмек көрсетуде.
–Ауданда 24 мыңнан астам адам тұрады. Ауруханадан бөлек, емханамыз, жеті дәрігерлік амбулаториямыз, фельдшерлік-акушерлік пунктіміз, 19 медпунктіміз бар. Соларда сапалы медициналық қызмет көрсетілуіне жауап береміз. Қазіргі таңда ауруханамыз қалыпты режимде жұмыс істеуге көшті. Күндізгі стационар мен пациенттерді жоспарлы түрде жатқызатын тәуліктік стационар жұмыстарын қайта жандандырды. Барлық мамандар өз орындарына жұмысқа шықты. Инфекциялық стационардың жұмысына біраз дәрігерлер атсалысты, індетпен күресті. Өзгені емдеймін деп, өздері ауырып қалған дәрігерлер де болды. Осы ауыртпалықтардың бәрін қайыспай көтере білген ұжымыма зор алғысымды білдіремін, – деді бас дәрігер әңгіме барысында аурухананың тыныс-тіршілігі, әріптестерінің пандемия кезіндегі қажырлы еңбектері жайлы айта отырып.
Жалпы, адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек деген түсінік бар. Біріншісі – жар таңдауда және екіншісі – мамандық таңдауда. Мақаламызға арқау болған дәрігерлер отбасы осы екеуінде де мақсаттарына жеткеніне нық сенімдіміз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар