Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ұзақ жылдан бері қордаланып қалған ауыз су, жол, елді мекендерді абаттандыру тәрізді күрделі мәселелер шешілуде. Білім ошақтары, мектепке дейінгі мекемелер жөнделіп, қазандықтар салынуда.
Баспасөз турын ұйымдастырушылар жұмысты Степногорск қаласына қарасты Ақсу кентіндегі №1 орта мектептен бастауды ұйғарыпты. Кент әкімі Марат Смағұлов пен қалалық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Салтанат Жетпісбаева оқу жылын ойдағыдай бастаған ұжыммен таныстырды. Мектеп ғимараты 1987 жылы заманауи талаптармен қайта жаңғыртылғанымен, журналистер қауымы білім ошағының 90 жылдық тарихы барын біледі. Өзіміз де мектепті 32 жыл басқарған Минуара Өтеуованың тәлім тәжірибесі туралы қалам тартқанбыз. Бүгінде Степногорск қаласының құрметті азаматы мектеп музейіне жетекшілік етеді екен. Қазір мұнда 352 оқушы білім алуда. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мектеп түлегі әрі директоры Саят Мұқановтың айтуынша, мердігер компания «Крофост» ЖШС (Т.Темірбеков) жұмысты талап деңгейінде орындаған. Осының нәтижесінде мектептің 20 оқу кабинеті жаңғыртылып, шатыры ауыстырылған, едені жаңа жамылғымен көмкеріліп, есік-терезелері алмастырылған, сыртқы әрлеу жұмыстары да көз тартады. Ұжымдағы 32 педагог арнайы оқудан өтіп, қашықтықтан білім беруді ұйымдастыруда.
Келесі сапарымыз қала тіршілігін қамтамасыз етуші «Степногорск су арнасы» кәсіпорнына қарасты «305 шоқыда» жалғасты. Мұнда өнімділігі тәулігіне 48 мың текше метрді құрайтын «305 шоқыдағы су тазарту стансасын қайта жаңғырту» жобасын «АП-Импекс» ЖШС мердігерлік ұйымы» жүзеге асыруда екен.
–Жобаның жалпы құны 5 миллиард 82,3 миллион теңгені құрайды. Күрделі жаңғыртудың нәтижесінде біз техникалық және ауыз су өндіруде арнайы сертификатталған «Аguapore-UF» заманауи мембраналық тазарту қондырғыларын пайдаланудамыз. Осындай бес қондырғы 360 мембрандық модульді қамтиды. Ауыз судың талап етілетін микробиологиялық көрсеткіштерін қамтамасыз ету гипрохлорит натрийдің дайын қоспасы пайдаланылады. Осынау күрделі жобаны іске асыру нәтижесінде өнімділік сапасы артып, электр қуатының, реагенттердің және шайынды сулардың шығынын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік алдық. Жалпы, кешенді жобаның құрамында «3 D» моделіндегі сүзгі стансасын қайта құру, техникалық су резервуар-
ларын қайта жаңарту, таза су резервуарларын құру және инженерлік желілер тарту сияқты күрделі жұмыстар қамтылған. Бүгінгі күні техникалық жабдықтарды іске қосу шаралары атқарылуда. Ауқымды жобаның сәтті атқарылуына «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының септігі тиді,–дейді «Степногорск су арнасы» кәсіпорнының директоры Алексей Гетманов.
Степногорскідегі өзге мектептермен қатар, кәсіптік-техникалық білім жүйесі де қамқорлықтан қағыс қалмаған екен. Мәселен, осындағы индустриялдық-техникалық колледж құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай сыңғырлап тұр. Сөз арасында аталмыш білім ошағында 17 мамандық бойынша мамандар даярланатынын айта кетуіміз керек. Колледж басшыларының айтуы-на қарағанда, бұл мамандықтардың барлығы сұранысқа ие екен. Келер жылы жарты ғасырлық тойын тойлайтын білім ошағына «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бо-йынша 115 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ғимараттың шатыры жаңартылып, бірінші, екінші корпустардың ағаш терезелері «металлстеклопакет» үлгісінде алмастырылған. Оқу корпусының кіреберісі жөнделіп, төбесі қалыпқа келтіріліпті. Жоба бо-йынша көзделген жұмыстардың барлығы мәресіне жеткен. 2020 жылы «Жас маман» жобасы бойынша да аталмыш оқу орнын жақсылық шарапаты шарпып өткені айтылды. Бұл бағдарлама бойынша 248 миллион теңгеге токарьлық, фрезерлік құрылғылар алынған. Білім алушылар енді оқу бағдарламасы бойынша алған білімдерін өндірістік тәжірибемен ұштастыра алады.
Қалада оқушылар мен білім алушыларға қыруар жағдай туғызылып жатса, спортпен айналысушыларға да мол мүмкіндік жасалып отыр. Мәселен, осындағы футбол, баскетбол алаңдары, көпбейінді жаттығу залдары бой көтеріп, әншейінде бос уақыттарын қайда, қалай жұмсарларын білмей жүрген жас буынға айта қаларлықтай жанашырлық жасалғанының куәсі болдық. №3 мектептің маңында ені 30, ұзындығы 50 метрлік спорт алаңы салынған. Сондай-ақ, №4 шағын ауданында қолға алынған футбол және баскетбол алаңдары таяу арада пайдалануға беріледі. Мұндай көріністі №9 шағын тұрғын ауданы ауласынан да көруге болады.
Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды қолға алынған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 375 миллион теңгеге 45 пәтерлі екінші тұрғын үй салынуда. «Ақылды үй» түріндегі баспана пайдалануға берілген кезде 30 пәтер әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына берілсе, қалған 15-іне түрлі жеңілдіктерге ие адамдар қоныстанады. Бағдарлама шарапатының арқасында құрылыс жұмыстарына жергілікті ондаған адам тартылған. Еңбекақылары да толымды. Арнайы маман емес, жай қолғабыс қана көрсететін жұмысшылардың айлық жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Моно қала тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс.
Баянды бағдарламалардың арқасында кем-кетігін жөндеп, ажары ашылып келе жатқан ауданның бірі – Ақкөл. Мұнда да бірқатар білім ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелер жаз айларында жөнделіп, жаңа оқу жылын жаңа жасауымен бастап отыр. Аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Петр Исаков атындағы №1 орта мектеп сонау 1936 жылы ашылған екен. Осы орайда, бұл мектепте кезінде Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те оқығанын айта кеткенді жөн көрдік. Тарихы тым әрідегі білім ошағына үстіміздегі жылы 40 миллион теңге қаражат бөлініп, жалпы көлемі 4030 шаршы метрді құрайтын ғимарат «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілген. Жөндеу жұмыстарын «Нұрзаман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарыпты. Білім ошағының 2040 шаршы метрді құрайтын төбесі жаңадан жабылып, 700 шаршы метр едені ауыстырылған. Сондай-ақ, 180 дана бұрынғы ағаш терезе жаңартылыпты. Спорт залына жылу жүйесі тартылған. Жергілікті жерден алты адам уақытша болса да жұмыспен қамтылған. Мұнда бүгінгі күні 620 оқушы білім алуда.
Жерлес жазушы Жайық Бектұров атындағы №3 қазақ орта мектебі де аталған бағдарлама шеңберінде жөндеуден өткізілген. 1985 жылы пайдалануға берілген үш қабатты ғимараттың жылу, су жүйесі алмастырылып, спорт залына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектептің қысқа дайындығына да жақсы баға берілді.
Осы мектептің 2 сынып оқушылары Ерасыл Набай мен Мөлдір Меңдіғалиді сөзге тартқанбыз. Олар кезекші сыныптағы сабақтары аяқталып, ата-аналарын тосып отыр екен. Мұғалімдері Науан Ақанұлы ағаларын мақтап қояды. Әйткенмен жүздерінде аз-кем көңілсіздік бояуы байқалып тұр. Біз балдырғандардың басынан сипап, көп ұзамай-ақ, мектептің думанды ортасына бөленетіндерін айтып жатырмыз…
Бұдан кейін «Жұмыспен қамту картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде, қаладағы «Восточный» шағын ауданында салынып жатқан жаңа жылу қазандығы құрылысымен таныстық. Жобаның 2018-2020 жылдарға арналған жалпы құны 816789,407 мың теңгені құрайды екен. Мұнда жергілікті өнім – Щучинск қазандық зауытының сынақтан өткен қазандықтары орнатылып, қаланың жылу жүйесінің жүктемесін елеулі мөлшерде жеңілдететіні анық.
Қазандық құрылысы басында аудан әкімі Алпысбай Қайыржанов журналистерге өңірдегі әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде әңгімелеп берді.
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Аршалы ауданында да ауыз толтырып айтатын қыруар жұмыс атқарылып, шағын кенттің шырайы кіріп қалыпты. Осындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір алыстан менмұндалап, тұрғындарды мәдениет ошағына шақырып тұрғандай. Аудандық ауруханаға да «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
–Ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген аурухана биылғы жылы арнайы бағдарламаның шарапатының арқасында тап-тұйнақтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір жаңғырып қалды,–дейді аурухананың бас дәрігері Альбина Анюхина,–карантин кезінде аздап қолбайлау болғандығы да рас. Біздің ауруханаға 1991 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Енді міне, кіреберістен бастап іші-сырты жұтынып тұр.
Бас дәрігердің айтуына қарағанда, індеттің алғашқы легі оңайға соқпаса керек. Дәрігерлер уақытпен санаспай дерттің бетін қайтаруға, адамдарды аман алып қалуға жанталаса атсалысты. Бірнеше ауданнан медицина қызметкерлері көмекке келіпті. Қазіргі күні ұжымның кез-келген тосын жағдайларға дайын екендігі айтылды. Бұл орайда, мемлекет қамқорлығынан өзге, жергілікті демеушілердің жанашырлығына да ризашылық білдірілді. Олар ауруханаға айта қаларлықтай материалдық көмек көрсеткен. Елдің бірлігін, азаматтардың жанашырлығын аңғартатын жүрек жылуы жұмыстан қажып жүрген дәрігерлерге моральдық тұрғыдан үлкен әсерін тигізгендігі көрініп тұр.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы «Светлячок», «Солнышко» тәрізді мектепке дейінгі мекемелер күрделі жөндеуден өткізілсе, агротехникалық колледж де құрылыс қалағынан жаңа шыққандай сыңғырлап тұр. Мұнда тас қалаушы, сантехник тәрізді сұранысқа ие бес мамандық бойынша мамандар даярлануда. Оқу корпусымен бірге жатақхана да жөндеуден өткізілген. Айтпақшы, бұл жатақхана тоғыз жыл бойы бос тұрған екен, енді міне, қабырғалары түзетіліп, әктеліп, едені мен төбесі қалыпқа келтіріліп, терезелері алмастырылған, яғни, жаңа ғимаратқа бергісіз кейіпке енген. Оқу корпусының кең ауласы да абаттандырылған.
Ел еңсесін көтерген осындай қадау-қадау істер мемлекеттік бағдарламалардың аясында игі жемісін төгіп отыр. Осының нәтижесінде ұзақ жыл қаражаттың жетімсіздігінен қағажу қалған нысандар ажарланып, елге аса қажет қызметпен айналыса бермек. Осының барлығы ел мұратын көксеген бағдарламалардың берекелі баяны десек, жарасады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДанИяров.
Степногорск-Ақкөл-Аршалы.