Толағай тоқсанның толғауы

Тарихы сонау көне заманнан жол тартатын, мыңдаған оқырмандардың сүйікті басылымы болған «Көкшетау» газетіне 90 жыл толып отыр. Тоқсан жыл!.. Онда қаншама дәуір тынысы, уақыт үні, жасампаз өмір жатыр. Сонау 1930 жылы 17 қыркүйекте заманның жаңа шежірелі бетін бастаған еңбекші қауымға «Колхоз жолы» деген атпен жол тартқан газет содан бері талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, жақсылықтарға да кенеліп, үлкен тарих көшінен көрінді. Бірде сол «Колхоз жолы», бірде «Көкшетау правдасы», бірде «Көкшетау» газеті болып шықса да, әр уақытта елдің қамын ойлап, халықтың көкейінен шығып, неше
құбылған заман тынысымен тыныстады.
Сонау Ұлы Отан соғысы қызып тұрған 1944 жылы құрылған Көкшетау облысының баянды тарихы іспеттес бар үлкенді-кішілі оқиғаларын тілге тиек етіп келді. Газетте әр кезеңдерде қалам қуатымен бүкіл елдің сүйіспеншілігіне бөленген небір марқасқа журналистер еңбек етті. Олардың көбі бұл күнде өмірде жоқ. Алайда, сүйікті газетім деп жарғақ құлақтары жастыққа тимеген жанкешті еңбектері ел есінде.
Көкшетау облысы таратылған 1997 жылдан бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің ұйымдастыруымен қалалық газет деңгейінде шығып келе жатқан «Көкшетаудың» бүгінгі сөзі де салмақты, айтары мол. Толағай тоқсанына аты ескірмей, осы бар, жігерлі қалпында жетіп отырғанына басылым қабырғасында еңбек еткен, еңбек етіп жүрген аға буын, кейінгі толқын да шүкіршілік дейді. Жаса, «Көкшетау»! Сенің үнің, көзге ыстық дидар-келбетің келер күндерге үздіксіз жол тартып, бір ғасырлық ғұмырлы биіктің төрінен де көрінеріңе сенеміз!
Газеттің бүгінгі шығармашылық ұжымын біздің де біразымызға ыстық ұя болған сүйікті «Көкшетауымыздың» 90 жылдық мерей жасымен құттықтап, отбасы амандығын, қалам қарымын тілейміз!
«Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар