Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЕРЕЙМЕНДЕ ТУҒАН АСЫЛДЫҢ БІРІ ЕДІ - АРҚА АЖАРЫ

ЕРЕЙМЕНДЕ ТУҒАН АСЫЛДЫҢ БІРІ ЕДІ

белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Байланыс министрі Сәбит Байжановтың туғанына – 80 жыл

Пенде баласының пәнидегі өлшеулі дәм-тұзы таусылып, бақилық дүниеге беті бұрылғасын, артында тек арпалысы көп тірлікте ар-ожданын ту етіп, адамгершілікпен атқарған ісі ғана белгі боп қалады екен. Тіпті ол да әркімнің пешенесіне бұйырмаған бақ. Олай дейтініміз, тірлігінде мадақ пен мансаптың қызығын қатар көрген талайлардың тәні қара жердің қойнына кіргеннен кейін-ақ, оның кім болғаны, қандай лауазымның тізгінін ұстағаны жамағаттың жадынан біржола жоғалып жатады. Ал енді бір адамдардың ат-есімдері уақыт ұзаған сайын ұмытылғанның орнына, бұрынғыдан да ұлықтана түсетінінің куәсі болып жүрміз.

Уақыт ұзаса да оларды ұмыттырмай келе жатқан саналы ғұмырында қоғам үшін төккен адал тері ме, әлде алдындағы аға, соңындағы інімен жасасып өткен жарасты ғұмыры ма, болмаса арыстанның аузына апарса да ақиқаттың тура жолынан таймаған адалдығы ма, әйтеуір жай емес екені анық. Бұндай «тұлға» дәрежесіне жеткен адамдарды ұмытамын десең де тарихтың өзі ұмыттырмайды. Уақыт ұзаған сайын, олардың бейнесі барынша бедерлене түсетінін байқаймыз. Осындай адамдардың қатарына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Мұқанұлы Байжановты қосуға әбден болар еді.
Бүгінгідей атақ пен мансапты былай қойғанда, ар мен абыройдың өзі саудаға салынып жатқан келеңсіздеу заманда бұндай тұғыры биік тұлғаларға еріксіз тәнті боласың. Егер ол кісі бүгінде арамызда жүрсе, қалай істер еді, қандай әрекет жасар еді деп ойлайсың.
Оның іскерлік қабілеті, алмастай алып түсер өткірлігі, қиын жерде сөз таба білетін, жол таба білетін білімдарлығы, соңынан ерген азаматтарды бір ұяның баласындай етіп ұйыта білетін ұйымдастырушылығы, қарамағындағыларды ұлты мен ұлысына бөлмей, іскерлігіне қарап бағалап, жетелей білгені, оның азаматтық болмысын айқындай түседі.
Мектеп пен институтта орысша оқығандықтан ба, Сәбеңнің бойында қазақи қарапайымдылық, дархандықпен қатар, орыс баласына тән тура айтып, тік сөйлейтін де мінезі болғанын айтады білетін адамдар. Мүмкін Сәбит Мұқанұлын биіктерге жетелеген осындай турашылдығы, адалдығы мен ақиқатшылдығы шығар.
Өзінің тағайындалған қызметінде жай ғана атқарушы шенеуніктің бірі болып қалмай, қашанда сол салаға жаңалық, өзгеріс енгізіп, жандандыра білген. Үлкен-үлкен мінбелерден сөз сөйлеп, айтқанын орындатып, соңындағыларға үлгі-өнеге болған Сәбит Мұқанұлы бастысы кадр саясатын дұрыс қолданып, қазақ баласы көп бара бермейтін байланыс саласына қаншама қандас бауырларымызды әкеліп, тәрбиелеп өсіргені өз алдына бір әңгіме. Осының бәрі екі ауыз сөзге оңай сыйғанымен, үлкен жігер мен ақылмандықты талап ететін аса күрделі шаруа еді.
Арқа өңіріндегі жер шоқтығының бірі – Ерейментауда дүниеге келген Сәбит сол аймақта жасап өткен жақсылардың жалғасы болатын. Арғы бабасы – Абылай заманында «ақырып атқа мінген» атышулы «Мәмбеттің бесқасқасының» бірі – Досай батыр. Өз әкесі – от ауызды орақ тілді Аманжол ақын. Осы бір әріден келе жатқан қанда бар тектілігін жоғалтпаған Сәбит те өз заманының бірегей тұлғасы, айтулы азаматы бола білді.
Айта кетерлік бір жайт, бұл кісінің туған әкесі Аманжол ақын десек те, аты-жөні Байжанов Сәбит Мұқанұлы болы жазылған. Оның себебі, Сәбитті сәби шағында Аманжолдың немере ағасы Байжанның Мұқаны деген адам бауырына салып алады. Бұл қазақ арасында жиі кездесетін жағдай.
Мектеп қабырғасында жүргенде өзінің зейінділігімен, ерекше қабілетімен оқшауланған Сәбит сол кезде-ақ өмірде жүрер жолын айқындап алған тәрізді. Орта білім алған соң, ол уақытта әркімнің қолы жете бермейтін Ленинградтың электротехника институтына арнайы жолдамамен барып түседі. Оны ойдағыдай аяқтап келгеннен кейін, Алматының телеорталығында инженер болып еңбек жолын бастаған жас маман кейін Целиноградқа ауысып, сол жердегі радиоорталықты басқарып, ұзамай Целиноград облыстық Байланыс басқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары, одан соң Павлодар облыстық байланыс басқармасының бастығы болып тағайындалады.
Павлодарда қызмет істеген бірнеше жылда ол Ертіс-Баянаула өңірін телефон байланысымен қамтамасыз етіп, шалғайдағы ауылдарға теледидар хабарларын жеткізетін бірнеше бекеттер салғызады. Жалпы Арқа өңіріне теледидардың келуін Ақмола-Кереку өңірі қашанда Байжанов есімімен байланыстырып айтатынын естіп жүреміз.
Осындай оң істерімен елдегі жамағаттың да, жоғарыдағы басшылардың да алғысын алған Сәбең компартияның 14 съезіне делегат болып сайланып, сол жерде болашақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен танысады. Екеуі бір жыл туған төл құрдас болып шығады. Көп ұзамай Сәбит Байжанов өзінің кәсіби мамандығынан қол үзіп, облыстық партия комитетінің ұйғаруымен партия-кеңес жұмысына ауысып, Павлодар қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына тағайындалады.
Ол кезде Екібастұз қаласында екпінді құрылыстардың қарқынды жүріп, ірі индустриялық кешендердің бой көтеріп жатқан уақыты. Сәбит секілді іскер басшыны Павлодар обкомы көп ұзатпай Екібастұз қалалық атқару комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Республикамыздың үлкен энергетикалық орталығы болып саналатын Екібастұзда ол кезде бас көтертпейтін қат-қабат жұмыстар, шешуі түйінді мәселелер жеткілікті болатын. Оның үстіне, энергетикалық кешендердің барлығы тікелей Мәскеудің бақылауында. Сәбең бұл жұмыста да қамшы салдырмай, қуатты кәсіпорындардың жұмысын қашанда назарда ұстап, жергілікті халықтың тұрмыстық мәселелерін де шеберлікпен шеше біледі. Осындай жігерлі жетекші, жаңашыл басшының Екібастұздағы жұмысын сырттай таразылап жүрген республика басшысы Д.Қонаев 1981 жылы Сәбит Байжановты Қазақ ССР Байланыс министрі етіп тағайындайды. Байланыс жұмысы оның бүге-шүгесіне дейін білетін үйреншікті саласы. Осы лауазымда алты жыл отырғанда, Сәбит Мұқанұлы байланыс жүйесін барынша жандандырып, айтарлықтай деңгейге көтереді. Әрине, оның бәрі бір мақаланың көлеміне сыймайтын әңгіме…
Сәбеңнің бұдан кейінгі қызмет баспалдақтарын атасақ: Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы, Мәскеудегі Орталық комитеттің инспекторы, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы… Еткен еңбегі де елеусіз қалмай, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталады.
Бірақ, осындай биік лауазымдарды атқара жүріп, Сәбит ағамыз өзінің кісілігі мен кішіпейілдігін, азаматтығы мен абзалдығын жоғалтпаған. Қашанда сол баяғы кішіге – іні, үлкенге – аға, досқа – бейіл Сәбит болып қалды деп еске алады бүгінде әріптестері.
Қазақта «ұлық болсаң – кішік бол» деген ұлағатты сөз бар. Сәбит Мұқанұлының кейбір әрекеттеріне қарап тұрып, осы мәтел сол кісіге қаратып айтылған ба дейсің. Сәбеңнің өзімен көп жылдар үзеңгілес жүріп, Павлодар облыстық байланыс басқармасын басқарып, Байланыс министрінің орынбасары болған Өсербай Қарасаев ақсақал былай деп еске алады: «Сәбит министр болып жұмыс істеген алғашқы жылдардың бірінде Алматыға зауыттан келіп түскен «Волга» автокөлігінің бірін Павлодар облыстық байланыс басқармасына бергізді. Ол кезде бұндай көлік әр мекеменің қолына түсе бермейді. Машинаны тезірек алдыру үшін Керекуден екі жүргізушіні астанаға ұшақпен аттандырдым. Олардың бірі – кезінде Сәбиттің өзіне бес-алты жыл жүргізуші болған Василий Кириченко, екіншісі – менің жүргізушім Виктор Ступак деген жігіт еді. Олардың Алматыға ұшып кеткенін министрге хабарладым. Жаңағы екеуін әуежайға көлік жіберіп алдыртудың орнына, Сәбең министр басымен шоферларды ұшақтан өзі қарсы алып, үкімет мүшелеріне бөлінген саяжайға апарып орналастырып, қаланы аралатып көрсетіп, ертеңінде Қапшағайға дейін шығарып салады. Осы кішіпейілдік, ізеттілік емей немене?».
Өсербай ақсақал Сәбеңнің қызмет барысында айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей, өзінікін дәлелдей білетін адам екенін еске алып, мына бір оқиғаны да әңгімелейді: «1986 жылы Сәбит партия-кеңес қызметіне қайта ауысқан сәтте, өзінің орнына – министрлік лауазымға орынбасары Игорь Вадимович Ульянов деген адамды ұсынады. Оның бұл ұсынысы республика басшыларының біреуіне ұнамай, Сәбиттен өз орныңа еврейді ұсынғаның қалай деп сұрапты. Сонда Сәбең мүдірместен: «Егер Игорь Ульянов еврей болса, онда Ленин де еврей болғаны ғой» – деген екен. Мұндай жауапты күтпеген басшы қабылданатын шешімге қол қоюға мәжбүр болыпты.
Иә, Арқа жерінен шыққан ардақты азаматтардың бірі Сәбит Байжанов жайлы айта берсе, бұл секілді бір кітапқа жүк боларлық хикаяттар бар. Біздер аяулы азаматтың 80 жылдық мерейтойының кезеңінде білмегендер біле жүрсін, марқұмның рухы риза болсын деп, Сәбит Мұқанұлы жайлы осы бір шағын әңгімені ұсындық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар