Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Ақмола облысы бойынша сайланған депутаты Дәурен Зекенұлы Әділбеков Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл сенаторға көрсетілген үлкен сенім және жауапкершілік болса керек. Біз бүгін Сенат депутаты Д.З. Әділбековтің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жүзеге асыру жайлы пікірін жариялап отырмыз.
Әлемдік тәжірибе экономика мемлекеттік жоспарлау және стратегиялық болжамдаусыз тығырыққа тірелетіндігін, модельдер мен құралдардың бағдарсыз көшірмесіне жол ашып, жалпы дамуға теріс ықпал жасайтынын көрсетіп отыр.
Нарықтық экономика жағдайында стратегиялық жоспарлау маңызды шарт болып табылады. Сондықтан, мемлекеттік басқаруды реформалау мен оның жаңа моделін қалыптастыруда, Мемлекет басшысы, 2020 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірікке мәжілісінде ел халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында стратегиялық жоспарлау және реформалау Агенттігі мен реформалар жөніндегі президенттік Жоғары кеңес құрау туралы ұсыныс жасады.
Негізгі көрсеткіштермен түбірлес стратегиялық болжам мен талдаулар ел экономикасын дамытудың орта және ұзақ мерзімді перспективалық дамуын бағдарлап, бюджет қаржысының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етті, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асырудағы кешенді индикаторларды толыққанды қалыптастырады. Осы орайда, мен оңтайлы тұжырымдарға бағытталған Президент бастамаларын толық қолдаймын.
Кез-келген елдің экономикасында шағын және орта бизнес экономикалық даму қарқынын айқындап,тұрақты салықтар түрінде бюджет түсімін қамтамасыз етеді және жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, ұлттық жалпы өнімнің құрылымы мен сапасын арттырады.
Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлының экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту жөніндегі ұсынысы өзекті болмақ. Біріншіден, қолданыстағы кредиттің жылдық пайыздық ставкасының 6 пайызын мемлекет субсидиялайды. Екіншіден, айналым қаржысын толықтыру бағдарламасы жалғасын табады. Үшіншіден, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жыл соңына дейін жылжымайтын мүлік нысандары салығынан босатылады. Төртіншіден, жыл аяғына дейін бюджеттен тыс Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерліктің жүктемесін жеңілдету мен қолдау көрсету мақсатында микро және шағын бизнесті тексерудің үш жылдық мораториясын жалғастыру мен шағын және орта бизнестің қызметін реттеуге бағытталған жаңа нормативтік-құқықтық база түзуге тапсырма берді.
Президент өз Жолдауында әлеуметтік мәселелерге айрықша назар аударды. Әсіресе, жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын тиімді пайдалану мақсатында оның бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емдеу шаралары мен қаржы компанияларының басқаруына бере алатындығы көңілден шығады. Осының нәтижесінде, 2021 жылдың соңына қарай мұндай салымшылар саны 700 мыңнан астам адамды құрауы мүмкін.
Азаматтардың елеулі бөлігін баспанамен қамтуда жалға алу ақысын субсидиялау маңызды орын алады. Мұның өзі жүз мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттен тұрғын үйді жалға алу түрінде көмек алады деген сөз.
Балалардың жан-жақты дамуы мен жастардың өз мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануы үшін Мемлекет басшысы тарпынан бірнеше ұтымды бағыттар айқындалып отыр. Мәселен, Үкіметке 2025 жылға қарай мектепке дейінгі тәрбие ісін 100 пайыз қамтамасыз ету және 6 жасқа дейінгі балаларды оқумен қамтудың түбегейлі міндеттері қойылды. Осынау әлеуметтік-экономикалық маңызды секторға жеке бизнесті тарту ортақ істің орайын келтіруге септесетіні айқын. Бұл орайда, Президент ұсынған мемлекеттік көмек тұрғындарға ваучерлік механизм түрінде көрсетілетін болады.
Жастардың даму деңгейі заманауи әлеуметтік-экономикалық талаптарға сай болуы керек. Біздің жастарымыз бәсекелестік күрес сындарынан биік тұруы қажет. Бұл орайда дәстүрлі емес оқу тәсілдерін қамтитын және кәсіби біліктілікті алға шығаратын үздіксіз білім беру Тұғырнамасы әзірленіп, іске асырылатын болады. Білім беру жүйесінде жаңа «Кәсіпкерлік негіздері» пәні елеулі орын алады.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының денсаулық әлеуеті қалалықтардан біршама төмен екендігі жасырын емес. Ауылдық жерлерде өмір сүрудің орташа көрсеткіші төмендеп, сырқаттану көрсеткіші артқандығы байқалады. Мұндай теріс динамикадан арылу үшін Президент алдағы үш жылда ауылдарды фельдшерлік-акушерлік пункттермен және амбулаториялармен, сондай-ақ, шалғай өңірлерді көлік арқылы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Мемлекет басшысының, пандемия кезеңінде, ағымдағы жылдың екінші жартысында медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстеме қосу туралы шешімі үлкен маңызға ие болмақ. Бұл үшін бюджеттен 150 миллиард теңге қаржы бөлінбек.
Аймақтарға тиісті көңіл бөлінбей, еліміздің жалпы экономикасын дамыту мүмкін еместігін сеніммен айта аламыз. Президент, осыған байланысты, облыстардың бәсекелестік артықшылықтарына негізделген теңгерімді дамуына айрықша назар аударды. Мәселен, ірі металлургиялық кәсіпорындар орналасқан өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарас керек. Бұл, ең алдымен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары жоғары технологиялы, ғылымды қажет ететін өндірістің және техникалық қызмет көрсетудің орталығы бола алатыны атап көрсетілді.
Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймағының одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Президенті аргроөнеркәсіптік кешенге дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тоқыма өндірісі мен құрылыс материалдарын шығару қуатын арттыруға баса назар аударды.
Президент ұсынған орталықтан басқару ісін өңірлерге жылжыту үрдісі жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа Тұжырымдамасы аясында атқарылатын болады. Жергілікті даму мен оны тиісті қаржылық қамтамасыз ету шараларын шешу үшін Мемлекет басшысы ауылдық округтердің мүліктік құқықтары мен бюджет кірістерін кеңіту міндеттерін қойды. Бұл орайда мәслихаттардың тексеру комиссияларының бюджетті жетілдіру мен қалыптастырудағы құзырын күшейту көзделуде. Осы арқылы биліктің жергілікті буынына өңірлік мәселелерді дербес шешуіне мүмкіндік беріледі.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын оқып, саралай танысқанымызда, Қасым-Жомарт Кемелұлы алға қойған міндеттер еліміздің тұтастай әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуді ғана емес, әрбір қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған деп сеніммен айта аламыз.
Дәурен Әділбеков,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы