Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, өңірімізде тіл саясатын іске асыруда белсенді жұмыстарымен көзге түскен бірқатар ақмолалық тіл жанашырларына Алғыс хаттарын табыс етті.
Тілдер онкүндігінің жабылу рәсімінде сөз алған Ермек Маржықпаев ел тәуелсіздігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың басты кепілі – мемлекеттік тіл екенін айта келе, биыл Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті.
–Тіл саясатын іске асыру бағдарламасы Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді көздейді. Республикалық деңгейде мемлекеттік тілдің ғылыми тіл танымдық базасы жасалып, бизнес, білім, мәдениет салаларында және мемлекеттік секторда тіл қолданысын кеңейту тетіктері әзірленді. Мемлекеттік тілдің демографиялық базасы күшейді. Яғни, қазақ тілді азаматтардың саны артты. Осы жылдар ішінде тіл оқыту мен аударма орталықтары ашылып, тілдік қолдаудың инфрақұрылымы дамыды, – деген Ермек Маржықпаев мектепке дейінгі және орта білім беретін мекемелерде қазақ тілінде білім мен тәрбие алушылар саны жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап көрсетті.
Қазіргі уақытта балабақша бүлдіршіндерінің 64 проценті қазақ топтарына барса, биылғы жылы мектеп табалдырығын аттаған балалардың 49 проценті қазақ сыныптарында білім алуда. 30 жыл ішінде қазақ тілін меңгерген жастар саны 32 проценттен 78 процентке дейін артқан. Облыстық телеарнадағы мемлекеттік тілде берілетін хабарлар 70 процентке жетіп, мемлекеттік органдардан шығатын мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 97 процентті құраған. Өз сөзінде облыс әкімі еліміз тәуелсіздік алғалы Ақмола облысында 1341 көше атауы қайта аталғанын, көшелерге ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімдері берілгенін айтты.
– Әр қазақстандыққа Отан қорғау қандай парыз болса, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сондай парыз деп білемін, – дей келе, облыс басшысы жиналған қауымды мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік тілдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар ақмолалықтарға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті. Мұндай марапатқа ие болғандардың қатарында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова, Біржан сал ауданы Макин орта мектебінің мұғалімі Мәнсия Әбжанова, «Қазақпарат» агенттігінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Аслан Оспанов та бар. Сондай-ақ, салтанатты шарада бірқатар азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы, аталған министрлік жанындағы Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай өткізілген облыстық байқаулар мен конкурстардың, «Абай сөзі – жүректің үні» мүшәйрасының жеңімпаздарына жүлделері табыс етілді. Сондай-ақ, бес тілді меңгерген Атбасар қаласындағы №2 орта мектептің оқушысы, полиглот Диас Исатаев Ақмола облысы әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Шара «Тіл – ұлттың тұғыры» онлайн конкурсының жеңімпазы Қайыржан Бердібайдың орындауындағы «Мемлекеттік тіл» әнімен өз мәресіне жетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.