Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылғандай, мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – тәуелсіздікті нығайтудың, еліміздің елдік, халықтық сипатын сақтап қалудың және қоғамдық келісімнің ең басты кепілі болып саналады.
Тілді оқып-үйреніп сертификат алған қызметкерлерімізден жарты жылдан соң, тағы тест жұмысын алсақ, білім көрсеткіші алдыңғы деңгейінен төмен болып шығады. Неге? Себебі алған білімін іс жүзінде қолданбайды.
Мекемелерде мемлекеттік қызметшілер іс-қағаздарын мемлекеттік тілде өздері рәсімдемейді. Аудармашыға арта салады. Неге? Себебі, басшы тарапынан әр қызметші өз құжатын өзі рәсімдесін деген талап қойылмайды.
Мекемелердегі лездеме, жиналыс, кеңестер мемлекеттік тілде өтпейді. Неге? Себебі ұжымдағы бірді-екілі өзге ұлт өкілдері түсінбейді. Осылайша сыныққа сылтау табылып, тілімізді тиісті биігіне шығара алмай келеміз.
Тіл – қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан тату елміз. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңылмаспыз.Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ал, тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ.
Қазіргі таңда «Қазақ тілін оқыту», «Қазақ тілін үйрету» немесе «Мемлекеттік тілді оқыту» деген сөздер қатарласа айтылып жүр. Біріншіден, осылардың аражігін айырып алайық.
«Қазақ тілін оқыту» – балабақшада, мектептерде жоғары оқу орындарында қазақ тілін арнайы оқытып, тіл ғылымы бойынша сауатты оқып, жазуға машықтандырады.
«Қазақ тілін үйрету» – тілді мүлдем білмейтін өзге ұлт өкілдеріне, сонымен қатар, өз ана тілін білмейтіндерге қатысты жүргізілетін әрекет. Бұл әрекет те сөйлеуге, айтқанды түсініп, жазғанды оқи алуға және сауатты жазуға үйретеді.
«Мемлекеттік тілді оқыту» дегеніміз, бұл мемлекет қызметкерлерінің күнделікті еңбек қарым-қатынасында жиі кездесіп отыратын сөздер мен ресми іс-қағаздарда қолданылатын сөздерді, мамандығына қарай салалық-кәсіби сөздерді үйрету, сауатты оқып, жаза білу үшін грамматиканы қоса оқыту.
Мемлекеттік тілді оқытудың тағы бір ерекшелігі, әдеби тілдің нормасындағы көнерген сөздер, сирек қолданыстағы сөздер, бір қолданыстағы сөздер болып саналатын лексикалық элементтер, сондай-ақ, бейнелі, образды фразеологизмдер, қарапайым лексикаға тән тұлғалар, ауызекі сөйлеу стилінің тілдік элементтері қолданылмайды.
Жалпы, адам баласы тілді екі түрде үйренген: бірі – табиғи тілдік ортада, екіншісі – арнаулы ұйымдасқан оқу арқылы игерген. Екеуі де тиімді, екеуі де тіл үйреткен. Әсіресе, тілдік ортада тіл үйрену өте тиімді. Мысалға, бүлдіршіндердің орыс тілін орыс балабақшасында не ауладағы орыс балаларымен ойнап жүріп-ақ үйренуі. Әскери борышын өзге ұлт өкілдерімен өтеген ауыл баласы тіпті ана тілін ұмыта жаздап келеді. Ал, қазіргі таңдағы тілдік ортаны айтпаса да түсінікті. Сонда тілдің бағын байлап тұрған кім?
Бұған жауап біреу-ақ, ол – өзіміз. Тіл саясаты жайында көп айтылып, жазылып келеді. Тіл үшін жасалып жатқан шаруалар да аз емес. Тіл үйренемін деушілерге Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, А.Байтұрсынов атындағы тіл институты тарапынан қаншама бағдарламалар мен жобалар жасалуда. Бөлініп жатқан қаражат та қомақты, алайда, ұшы-қиыры жоқ бір шеңберді мардымсыз айналып, жүріп келеміз. Тілімізді таңдайымызға қондырып, санамызға сіңдіріп, жүрегімізге жаттатып беретін не өзі жоқ не көлеңкесі жоқ бір құдіретті күшті іздеп жүрген сияқтымыз.
Мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір азамат өзінің азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қойып, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.
Тілді оқып-үйреніп сертификат алған қызметкерлерімізден жарты жылдан соң, тағы тест жұмысын алсақ, білім көрсеткіші алдыңғы деңгейінен төмен болып шығады. Неге? Себебі алған білімін іс жүзінде қолданбайды.
Мекемелерде мемлекеттік қызметшілер іс-қағаздарын мемлекеттік тілде өздері рәсімдемейді. Аудармашыға арта салады. Неге? Себебі, басшы тарапынан әр қызметші өз құжатын өзі рәсімдесін деген талап қойылмайды.
Мекемелердегі лездеме, жиналыс, кеңестер мемлекеттік тілде өтпейді. Неге? Себебі ұжымдағы бірді-екілі өзге ұлт өкілдері түсінбейді. Осылайша сыныққа сылтау табылып, тілімізді тиісті биігіне шығара алмай келеміз.
Тіл мәселесі Ата Заңымыз бен Тіл заңында тайға таңба басқандай анық та айқын жазылған. Енді бізге қандай заң, қандай қаулы керек? Қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз және оған тек өзіміз ғана кінәліміз. Кеңес заманында санамызға сіңіп қалған құлдық психологиядан құтыла алмай келеміз. Үлкен болайық, кіші болайық әлі күнге ауыз толтырып, ассалаумағалейкумнің орнына приветіміз оңай. Әкешім дегеннің орнына батя дегеніміз оңай боп тұр, ең бастысы, Шыңғыс Айтматовтың мәңгүртіндей ойымызды қозғап, тілімізді сындырып, жүректерімізді жылытқымыз келмейді.
Мемлекеттік қызметшілер бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеспесе, қызмет барысында күнделікті іс-қағаздарын өздері мемлекеттік тілде рәсімдеуге машықтанбаса және ол басшы тарапынан ұдайы қадағаланбаса, қоғамда, ұжымда тілге деген қажеттілік болмаса, қайтып тілімізді тұғырына қондырамыз? Сондықтан, ең әуелі Қазақстанның әр азаматы қай ұлт болсын, өз ана тілін білуді өзінен бастаса екен деген ұсынысым бар.
Бүгінгі тіліміз кешегіден, ертеңгі тіліміз бүгінгіден әлдеқайда артық болсын, ағайын! Ұлт айнасы – тілімізді қадірлеп-қастерлеп, халыққа адал еңбек етіп, тіліміздің туын жықпай, биік ұстап, тіл мәселесін көтеруге атсалысайық!
Қаратай ТӨЛЕКЕЕВ,
Ақмола облыстық оқу-әдістемелік
орталығының басшысы.