Жаратқан иеміз кей жандардың тағдырына мүгедектікті жазса да, оларға қажыр-қайратты, рухани байлықты үйіп-төгіп береді екен ғой. Бұлай дейтін себебіміз, кейде он екі мүшесі сау адамның қолынан келе бермейтін шаруаны мүмкіндігі шектеулі жандар атқарып жатады. Сондайда адамның мүмкіндігінде шек жоқ екеніне көзіңіз анық жете түседі. Мүгедектігіне қарамастан, өнерде, бизнесте де зор жетістіктерге жеткен жандардың бірі – Целиноград ауданы Ақмол ауылының тұрғыны Әлия Хасенова.
Әлияда мүгедектік туғанынан пайда болған екен. Дәрігерлер оған сәби кезінде сал ауруы, оның ішінде арқаның бұлшық ет амиотрофиясы деген диагноз қойыпты. Белден жоғары дене мүшелерінің барлығы сау, тек туғанда омыртқасына зақым келгендіктен аяғын баса алмайды. Кейіпкеріміздің осы бір қиын дертпен өмір сүріп келе жатқанына 37 жыл. Дәрігерлер ауруын шетелде күрделі ота жасап, емдеп жазуға болатынын айтыпты. Алайда, оған қыруар қаражат керек.
Телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында Әлияға қазіргі кезде көптеген науқастардың әлеуметтік желілерде өз хикаясын баяндап, жомарт жандардан көмек сұрайтынын, демеушілерден түскен қаражатқа емделіп жатқанын айтқан едік. Бірақ, ол ешқашан біреуге алақан жайып көрмепті. Тағдырдың салған сынағымен бір өзі күресуге бел буыпты. Қазақтың батыр қызы Әлиядай болсын деп туғанында ата-анасы ырымдап қойған аты да жығылмауға күш, сүрінбеуге сүйеніш болған ғой деп топшыладық осы арада.
Әлияның бір емес, бірнеше мамандығы бар. Оның біреуі – психологияны өзі үшін, яғни, жаман ойларға беріліп, өмірден түңілмес үшін, өзін осы қалпында қабылдауға үйрену үшін меңгергенін айтады.
–Бала күнімде қатарластарыммен асыр салып жүгіріп ойнағым келетін. Сол кезде жүре алмайтынымды ойлағанда жүрегім егіліп сала беретін. Болашағым бұлыңғыр болып елестеп, мына қоғамда өзімді толыққанды адам ретінде сезіне алмайтын шығармын деп ойладым. Өз-өзімді қолға алуым үшін психологияны оқуға тура келді. Сөйтіп, Еуропалық мектепті психолог мамандығы бойынша қашықтықтан бітіріп шықтым. Бұл қадам өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Бойымда белсенділік, сенімділік пайда болды. Психолог болғасын өз-өзімді бақылап отырамын. Көңілім түсіп бара жатса, ойымды жақсы бір нәрсеге аударуға тырысамын, – дейді бірінші топтағы мүгедек Әлия Хасенова.
Ол еуропалық мектепті ғана емес, орта білімді де үйден алған. Қызының жағдайына алаңдаған анасы тиісті мекемелерге барып, баласының үйден оқуға жағдай жасауын сұрапты. Замандастары секілді мектепке барып білім алуға мүмкіндігі болмаса да, оқуын үздік аттестатпен бітіріп шығады. 11 сыныпты тәмамдағаннан кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран» колледжіне түсіп, экономист мамандығын меңгереді.
–Менің анам – әлемдегі ең жақсы ана. Әр бастамамда анамнан қуат аламын. Сау баласын тастап кетіп жататын небір безбүйрек ата-аналар бар емес пе? Ал, менің анам өмірге шыр етіп келген сәтімнен бастап жанымнан табылуда. Осы күнге дейін қандай да бір жетістікке жетсем, оның бәрі анамның арқасында,– деген кейіпкеріміздің ақындық, жазушылық қабілеті де бар. 11 жасынан қолынан қаламын тастамай келеді. Әр жылдары аудандық, облыстық «Алтын қалам» байқауына қатысып, жүлделі орындарды еншілеген, республикалық шығармашылық байқауда «Көрермендер көзайымы» аталымында үздік деп танылған. 2012 жылы жастайынан жазған әңгімелері, новеллалары және өлеңдері жинақталып, орыс тілінде «Любовь не умирает» атты алғаш кітабы жарыққа шығыпты. Қазір кейіпкеріміз екінші кітабын шығару үшін зор ізденіс үстінде. Оның әрбір өлеңі өмірге деген сүйіспеншілікке толы. Осы арада, орысша болса да, ақын қыздың өлеңдерінен бірер шумақтарды мақаламызға қоса кетсек дейміз.
Эх, мне бы родится,
Степной вольной птицей,
И лететь, куда душа стремится,
Пусть позади прошлое пылится.
Я бы крыльями взмахнула,
И назад не оглянулась.
Я бы поднялась выше гор,
Оглядев земной простор.
Я бы дружила с облаками,
Нежась в их холодном плену,
И летала бы закрытыми глазами,
Миру шепча тихо «жизнь люблю».
Бүгінде Әлияның Ақмол ауылында косметика және тұрмыстық химия құралдарын сататын жеке дүкені бар. Бұдан бөлек, ол аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары және де жастар ресурстық орталығында маман болып жұмыс істейді. Әрі ауданда мүмкіндігі шектеулі азамат Амангелді Қапанов жетекшілік ететін «Болашақ» қоғамдық бірлестігінде кедергісіз орта құру, мүгедектердің құқығын қорғау жұмыстарымен де айналысады. Кейіпкеріміздің айтуынша, елімізде мүгедектердің құқығын қорғауға тиісті жағдайлар жасалуда. Алайда, кей кездері қоғамдық орындарға барғанда пандус істен шығып немесе есіктері тар болғандықтан, арбамен өтуге қиналатынын жасырмады.
Мүмкіндігінің шектеулі екендігі осындайда көрініп қалғанымен, Әлияның қабілеті өте зор. Реті келсе, адамдарға психологиялық көмек беретін орталық ашсам деген ойы бар. Міне, мүмкіндігі шектеулі жандар қайратты, рухани бай келеді деген жоғарыдағы сөзіміздің анық дәлелі осы.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ақмол ауылы,
Целиноград ауданы.