Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бүгінгі ұрпақтың темірқазығы - АРҚА АЖАРЫ

Бүгінгі ұрпақтың темірқазығы

Әркім өзінің қай жерде, кімге, неге қызмет етіп жүргенін түсінуі керек. Менің де Шоқан Уәлихановтың өмірі мен артында қалған мол мұрасына  көңіл бөлуіме, ең біріншіден, осы ұлы тұлғаның атындағы оқу орнына қызметке келуім түрткі болды.

Ең алдымен, Шоқан өз ғұмырының соңына дейін қазаққа қызмет етіп кеткен қастерлі тұлға. Әсіресе, ғылымға ден қойған жас буынның Темірқазығы осы Шоқан Уәлиханов болуы тиіс. Алайда, мұнда бір парадокс бар. «Шоқан, Шоқан» деп көсіле сөйлегенімізбен, шын мәнінде біз ол жайында көп ештеңе білмейміз, шығармаларын оқымаймыз. Ғалымның нағыз тұлғасын аршып алу – бүгінгі жастардың ісі.  Ол үшін біз кейінгі буынға Шоқанның өткен дәуірге ғана емес, бүгінгі күнге тікелей қатысы бар ғалым екенін көрсетіп беруіміз керек.
Бұл біртуар азаматтың  шығармашылығын зерттеу негізі кеңестік кезеңде қалыптасты. Бүгінгі оқулықтар, ондағы деректер сол заманның көзқарасымен жазылған. Енді тәуелсіз ел болғандықтан, біздің тарихымыз, тұлғаларымызға деген көзқарас қайтадан зерделенуге тиіс. Былайша айтқанда, Шоқанды өзімізге қайтаруымыз керек. Әйтпесе, көп жерде оны ағартушы деп қана қарастырады. Ал, шын мәнінде ол  – жан-жақты тұлға.  Демек, энциклопедиялық ғалым дегеніміз жөн.
Осы мақсатпен 2006 жылы мен өзім дәріс беретін философия кафедрасының магистранттарынан  Шоқан клубын құрдым. Сол тұста сәті түсіп, Омбы қаласына ғылыми конференцияға барған болатынмын.  Бұл  – Шоқанның оқып, білім алған, ізі қалған, Ресейдің алғаш қазақтан да  дарындар шығатынын мойындаған жері. Ғылыми конференцияға Омбыдағы зиялы қауым, соның ішінде өзіміздің қазақтар да келді. Жиында мен тілдерін, түп тамырын ұмытуға сәл-ақ қалған шеттегі бауырларымызды қазақылыққа қайта оралту үшін осындай тұлғаларды зерттеу керек екендігін айтып, оларды  Шоқанның туған жерін көруге шақырдым. Соның артынша Омбыдағы белгілі қазақ сәулетшісі Сәкен Құсайынов жұбайы Рабиғамен, Тіл орталығының жетекшісі Юля Привалова өз орынбасары Сара Кәрімқызымен, журналист Айгүл Бескемпірова, тағы біршама адам Көкшетауға келді, бәріміз бірге Сырымбетке бардық. Сол жолы  Омбы – Көкшетау – Сырымбеттің аралығын жалғайтын «Шоқан жолдары» экспедициясы құрылды. Келесі сапарымызда Омбыдағы Шоқан оқыған кадет корпусынан бастап, мұражайларды аралап, кешкісін академиялық драма театрда ғалым жайлы «Любина роща» атты қойылымды тамашаладық. Сөйтсек, аталған театр жыл сайын жаңа маусымын аталған қойылыммен ашады екен. Бұл – Ертістің екі жағындағы салты мен дәстүрі, тілі мен діні бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі бөлек әлемде туып, кейіннен осы Омбыда табысқан қос тағдыр, қос жүрек – Шоқан мен Любаның махаббат аңызы. Бір ғажабы, өмірде бірін-бірі көруге, кездесуге зар болған екі ғашықтың көшелері бүгінде түйісіп тұр. Заманында ашық айтылмаған осы ақиқатты тәуелсіздік заманы туғанда Ресей Федерациясының Халық әртісі Георгий Котов өз пьесасына арқау етіп алыпты. Оны әйгілі режиссер Владислав Казенин сахналаған.  
Шымылдық ашылды да, Омбының ескі көрінісі  көз алдымызда тұра қалды. Сол тұста Батыс Сібір губерниясының губернаторы болған генерал – лейтенант Густав Христианович Гасфорт.      Алпысты алқымдаған кәрі губернатордың жап-жас әйелі Любовь Федоровна үлде мен бүлдеге оранып ғұмыр кешіп жатқандай көрінгенімен, көптен бері құрт ауруына шалдыққан. Бірақ, сырқатты елең қылып тұрған ол жоқ, өйткені, оның одан да үлкен дерті – Шоқан бар еді. Жүріс-тұрысы, сөзі, өзін-өзі ұстауы хан тұқымынан шыққан ақсүйектігін айғақтап тұратын. Ол  алғаш көргеннен-ақ Любаның көңілін аударып, келе-келе еркін түгел билеп алған-ды. Әрине, Шоқанның да Любаға деген көңілі алабөтен еді. Бір күні сарай маңындағы гулеген өсек Гасфордқа да жетеді. Бірақ, ол қызбалыққа салынбай, әрі өзінің сенімді қызметкерімен арадағы сыйластыққа сызат түсірмей, екеуін екі жаққа жіберумен ғана шектелген. Ең өкініштісі, қойылым соңында жас ару Шоқанның қолында жан тапсырады. Шығарманың өн бойынан сол кездегі орыс шенеуніктері мен оқыған азаматтарының, тіпті губернатордың өзінің де Шоқан бабамызға деген құрметі айқын сезіліп тұрды. Спектакль соңында сахнаға шығып, басты рөлді сомдаған Бүкілресейлік оперетта және халықаралық вокалистер байқауының лауреаты, актер А.Хмыревтің иығына шапан жауып, Люба рөліндегі  Татьяна Боброваға қамзол кигіздік. Қазақ рухы аспандаған кеш пен Шоқан Уәлихановтай  бабаларының ізімен келген қазақстандық делегация жөнінде сол күні кешке Омбы телеарналары жарыса көрсетіп жатты. Айтпақшы, әлгі «Любина роща» деген тіркес – Шоқанның сөзі. Кешкісін жоқ болып кететін одан достары қайда болғандығын сұраса, ол осылай жауап береді екен. Бұрын ол жер жай тоғай болған. Сол тоғай бертінге дейін сақталып, «Любина роща» аталған. Қазір  «Любинский
проспект» деп аталады. Онда әйгілі ару Любаның жалғызсырап отырған мүсіні бар. Ал, әлгі даңғыл Шоқан көшесімен тоғысады. Міне, көрдіңіз бе, орыстар өз тарихына бейтарап баға бере алады.     
Сырымбет пен Омбыдан кейін Алтынемелде, Санкт-Петербургте, Аягөз, Семей, Тарбағатайда болып, Орал, Жетісу, Оңтүстік,  Сыр еліне барып қайттық. Баян мен Қозының зиратын көрдік. Алдағы  уақытта Қытай, Қырғызстан, Франция, Германияға сапарлау ойымызда бар. Ондағы мақсатымыз – тек бару, көру емес, елең  еткізерліктей тың дерек іздеу. Тың дерек демекші, Шоқанның өліміне қатысты да даулы пікірлердің шеті шығып жүр ғой. Мәселен, ол  біз айтып  жүргендей, 1865 жылдың сәуір айында қайтыс болмаған деген болжам бар. Мен ғалымның біз «өлді» деп жүрген  жылдың ақпан айында генерал Колпаковскийге жазған хатын  оқып шыққан соң, әлгі «өлмеген» деген пікірдің жаны бар ма деп қалдым. Онда Шоқан: «Сіз мені қызметке қайта шақырып жатырсыз. Мен осыған дейін біраз ауырып жаттым: бұрын өкпем мен тамағым ауырса, бірақ, қазір жазылып келемін, тек тамағым ғана аздап ауырады. Қызметке қайта кірісуге дайынмын. Алайда, дәл қазір маған 100 рубль жібере тұруыңызды сұраймын.  Мен қарап жатпай осы кездің өзінде үлкен ғылыми-зерттеу жұмысына кірісуді жоспарлап жатырмын, соны бітірген соң қарызымды қайтарамын»,  – деп жазады. Сол хат ол «қайтыс болғаннан» кейін жарияланған. Өйткені, ол Ресей әскері құрамынан кетіп, ант бұзды ғой. Ал, олай етуге итермелеген оның генерал Черняевпен бірге Әулие атаға барған экспедициясы барысындағы жағдайлар екені анық. Сол сапарда Черняев датқаларымызға:  «Бізге көнсеңдер, сендерге барлық жағдайды жасаймыз» – деп қазақ датқаларын сатып алмақ болған. Сатылған біреуін басқаларын үгіттеуге жібергенде, біздікілер ұлтын сатқан әлгі кісіні өлтірген. Бұл генералдың ашу-ызасына тиген де, ол қазаққа қарсы оқ атқан. Жергілікті датқалар сонда Шоқанға ауыр-ауыр, бірақ, ойланарлық сөздер айтады. Генералдың қазақты зеңбірекпен атқылағанын естіген соң, ол иығындағы әскери  белгісін лақтырып, кетеді де қалады. Осыдан кейін Қашқар экспедициясына аттанды, елге келді, ауырды. Бәлкім, сол кезде  ол әрі қарай не істеу керек екенін саралап, стратегиялық жоспар құрған болар. Әйтеуір, Шоқан сол 1865 жылы қайтыс болмаған деген болжамның жаны бар сияқты.   Меніңше, ол қайтадан Қашқарға кеткен. Сол арқылы ғана Ресейдің құрығынан құтыла алатынын білді. Сонда жүріп, кейінірек қайтыс болған. Себебі, барғандар онда Шоқан атындағы бір емес, екі бірдей ауылдың барын айтады. Кей ғалымдар тіпті, ол қайтыс болғаннан кейін де ағартушыға қатысты деректерді кездестірген. Міне, осы мәселені жан-жақты зерттеу керек.
Биыл біз Шоқанның 180 жылдығын  жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз. Сол мақсатпен алғашқы рет дарынды жастардың арасында жыл Шоқанын таңдап, марапаттаймыз. Сонымен қатар, Шоқан көшесінің мерекесі өтеді.  Осы тұста айта кететін бір жайт – ағымдағы жылы біз  бірлестіктің  бес жылдық мерейтойын атап өтеміз. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Мен жастарды осы іске атсалысуға шақыра отыра, сөнбес жұлдыздай болған баба мұрасын бірге зерделейік демекпін.

Раушан КӨШЕНОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық  университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы,
«Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар