Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақмола облыстық департаментінің ұйымдастыруымен жергілікті БАҚ өкілдері Көкшетау қаласындағы «Көкше Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің энергия тарату нысандарында тарифтік смета және инвестициялық бағдарламаларды орындау шеңберінде жаңғырту мен қалпына келтіру жұмыстарының барысына көңіл бөлді, сондай-ақ, қолға алынып жатқан жаңа жобалармен танысып, алда тұрған міндеттерді пысықтады.
Шараға қатысушылар алдымен «Көкше Энерго» серіктестігінің мәжіліс залында мекеме басшысының орынбасарлары Гүлшат Иржанова және Татьяна Воротынцеваның тарифтердің өсуінен түскен ақшалай қаражаттар мен инвестициялық бағдарламалардың тиімді іске асыру жөнінде есептерін тыңдады.
Бұдан кейін Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Жалғасбаев бастаған топ Краснояр кентіндегі «Көкшетау Энерго» серіктестігіне тиесілі 110/35/10 киловатт трансформатор шағын станциясында болды. Қазір аталған шағын станция арқылы Краснояр, Нұрлы көш, Симферополь, Садовое, Еленовка елді мекеніндегі абоненттер және «Насосная» ПС электр қуатымен қамтамасыз етілуде. Серіктестіктің техникалық даму жөніндегі бас инженерінің орынбасары Владимир Попов инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы жайлы айтып берді.
– Өткен жылы Краснояр кентіндегі 110/35/10 киловатт трансформатор шағын станциясында жоғары технологиялы ЗРУ-10 киловатт жабдығы орнатылды. Жұмсалған инвестиция арқасында тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіліп, пайдалануға жұмсалатын қаржы шығыны да біршама азайып отыр, – дейді Владимир Попов.
Шағын станцияның ішін аралап, қондырғыларды көзімен көрген табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары мен журналистер бұдан әрі облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды және тұрғын үйлерді электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған «Батыс» 110/10 киловатт, ТП131, ТП147, ТП58 сияқты трансформатор шағын станцияларында болып, монополистердің электр энергиясы тарату қондырғыларын орнату, қызмет сапасы мен тиімділігін арттыру бағытындағы инвестициялық бағдарламаларымен жақын танысты.
Осы жерде журналистерге сұхбат берген Нұрлан Жалғасбаев тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз етуде монополия секторында мемлекеттік реттеу жүйесін дамыту табиғи монополияларды реттеу департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Сонымен бірге, тарифтерді қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету, монополистердің тариф өсуінен түскен қаражаттарды мақсатты пайдалану, бәсекелестікті дамыту және реттеліп көрсетілетін қызметтер сапасын көтеру қажеттігі айтылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.