Өткен сенбі күні бүкіл республика аумағында бүкіләлемдік «World clean up day» экологиялық акциясы өтті. Ауқымды шараға ақмолалықтар да бір кісідей атсалысты. Облыс бойынша барлығы мыңнан астам адам акцияға қатысып, елді мекендер мен өзен, көлдердің маңын күл-қоқыстардан тазартты.
Экология департаменті бастамашылық танытқан акция Көкшетау қаласында, сондай-ақ, Целиноград, Бурабай, Зеренді және Атбасар аудандарында өткізілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіләлемдік «World clean up day» экологиялық акциясын қолдап, қазақстандықтарды оған қатысуға шақырған болатын. Соған бүгін ақмолалықтар, оның ішінде Көкшетау тұрғындары да бір кісідей атсалысуда, – деді қала әкімі Амангелді Смайылов.
Акцияға түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, волонтерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілерден құралған 650-ден астам адам қатысып, Бұқпа тауы, Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауын және Зас-
танционный шағын ауданын қоқыстан тазартты.
Қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ксения Андросованың айтуынша, волонтерлер пластик, шыны және картон қағаз қоқыстарды іріктеп жинап, «LS Kokshetau» серіктестігіне қайта өңдеуге өткізді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.