«Серпін» бағдарламасымен оқу бітіргендер солтүстік өңірлерге неге тұрақтай алмай жүр?!.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан алты жыл уақыт бұрын елімізде қолға алынған «Серпін» жобасы бірталай жалындаған жастың білім алуына үлкен сеп болды. Бұл мемлекеттік бағдарламаға қыруар қаржы бөлініп, оңтүстік аймақтардың балалары солтүстік өңірлерге келіп, тегін білім алды. Олардың оқуына толық жағдай жасалды. Осы бағдарлама еліміздің 7 жоғары оқу орнында іске асырылып, солардың бірі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті болды. Осы аралықта білім алып шыққан жас мамандар қазір қайда екен? Біздің өңірде тұрақтап қалғандары бар ма?

Елбасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы біршама жастың тегін білім алып, жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасайтын жобалардың бірі. Біздің облыста аталған бағдарлама шеңберінде білім алып жатқан жастарға барлық жағдай жасалған. Дегенмен, олар сенімді ақтап жатыр ма?
Біз тілдескен Шымкент өңірінің тумасы Фариза Қадырбекова «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуды биыл бітірген жас түлек. «Киім дизайны» мамандығын меңгеріп шыққан ол қазір жоғары техникалық колледжіне жұмысқа орналасып, педагогикалық еңбек өтілін бастап кетті. Шетелден жеткізілген су жаңа тігін машиналарын меңгеріп, студенттерге киім тігудің жай-жапсарын барынша үйретуде. Өзімен бірге бітірген талай замандас түлектер жұмыс жоқтығын сылтауратып, туған елдеріне «жылы жаққа қарай ұшып кетіпті». Ал, шын іздеген жанға жұмыс табу қиын емес деді әңгіме барысында жас маман.
– «Серпін» бағдарламасымен білім алып, оқуларын бітірген группаластарым өздерінің ауылдарына кетті. Олардың өз облыс-
тарына кетуінің басты себебі – жұмыстың жоқтығы. Меніңше, іздеген адамға жұмыс әрқашан табылады. Бойыңда бір жұмыс істеуге деген ынта-қабілетің болса, екі қолға бір күрек дегендей, нан табуға болады. Мен де біраз жүріп, жұмыс іздедім, таптым. Осы колледжде еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Олай болса, неге осында қалып жұмыс істемеске?! –дейді ол.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» деп аталған мемлекеттік бағдарламаның түпкі мақсаты – адам тығыз орналасқан оңтүстік өңірдің азаматтарын солтүстікке қоныстандыру. Сол үшін де серпіндіктер тегін оқытылып, жатақханамен қамтамасыз етілді. Өкініштісі сол, төмен балмен тегін грант ұтып алып, бағдарламаның шарапатын көрген түлектер қайта өз аймақтарына ат басын бұруда. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті соңғы 3 жылда 714 серпіндік түлекке диплом беріпті. Алғашқы түлектердің 90 проценті, былтыр 60 проценті, биыл болжам бойынша 40 проценті ғана жұмысқа орналасқан. Оның өзінде жұмыс көзі осы жақта емес.
–Биыл  «Білім туралы» Заңға арнайы бағдарламамен оқу бітірген түлек үш жыл бойы жіберілген аймақта сынамадан өтуі міндетті» деген өзгерту енгізілді. Біз түлектермен онлайн жиналыс өткізіп, жұмысқа орналасу проблемасына бірге үңілгіміз келді. Бұл жерде алғаш енгізілген сынамадан өту мәселесі талқыланды. Жергілікті кәсіпорындар әрдайым жұмыспен қамтамасыз ете бермейді. Көбінесе, еңбек өтілін талап етеді. Және жергілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау керек. Себебі, басқа өңірдің жастары үшін баспана мәселесін шешудің жолын қарастыру керек, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы жұмысқа орнастыру және мансап орталығының жетекшісі  Айжан Тәжмиева.
Серпіндіктердің жұмысқа орналасуына осы жолы карантин де кедергі болды дейді кейбір жауапты мамандар. Одан басқа, отбасын құрып, магистратураға түскендер, әскерге кеткендер тағы бар. Мемлекеттік бағдарламамен оқуға үміт білдірген талапкерлер биыл да аз емес.
– «Серпін» бойынша оңтүстіктен келген талапкерлерді оқуға қабылдаушы білім ордалары арасында біз жылда алғашқы орындарды иеленіп келеміз. Былтыр 450 адам қабылдасақ, биыл 266 адам алдық. Осы нәтижемен алғашқы орындамыз, – деп атап өтті Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Темірхан Жарқынбеков.
Жоғары оқу орнынан басқа облыс колледждерінде атаулы бағдарламамен биыл тағы 176 студент бітірген. Оның 89-ы жұмысқа орналасқан, алайда, тек 9-ы ғана біздің өңірді тұрақтап қалыпты.

P.S: «Серпіндіктер» солтүстіктің жоғары оқу орындарына тек тегін білім алу үшін ғана келіп, кейін өз өңірлеріне қайтып жатса, бұл бағдарламаның керегі қанша? Балдары аз болса да, жоғары балмен конкурсқа қатысып отырған біздің балалардың жолын орағанша, өздерінің оңтүстіктерінде жүре бергендері дұрыс шығар. Одан да, сол мемлекеттік гранттарды өзіміздің өңірімізге қажетті мамандықтарға оқуға түскісі келіп жүрген талапты жастарға неге бермейміз?! Мұның өзімізге серпіндіктерден гөрі пайдасы мол болмай ма?!

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар