Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шығыстың ұлы ғұламасы - АРҚА АЖАРЫ

Шығыстың ұлы ғұламасы

Әлемдік өркениет тарихында есімдері мәңгі сөнбес алаудай жалындап, жарқырап тұратын тұлғалар – адамзат руханиятының өткенін, бүгінін, болашағын жалғайтын алтын тін, алтын өзек. Адамзат пәлсапасының антикалық дүниедегі ойшылдары – Сократ, Платон, Аристотел, Гераклит, Демосфен, Демокрит, Цицерон, Сенекалар, шығыс ойшылдары – Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина, Хорезми, Бируни, Әл-Ғазали, Ибн-Ғадж, Ибн-Туфейль, Ибн-Рушд, Ибн-Араби тағы басқалары адамзат мәдениетінің жауһар тұлғалары, сарқылмас алтын қазынасы деп білеміз.

Әсіресе, Шығыс руханияты, Шығыс мәдениетінің адамзат тарихындағы орны антикалық мәдениеттің күні сөніп, еңкейген шақта Еуропаны схоластикалық ілімнің қара түнегі жайлаған шақта, қайта өрлеу дәуірі басталғанға дейінгі уақытта өркениет туын жықпай, алауын сөндірмей тұруымен маңызы орасан әрі аса қастерлі. Адамзат тарихындағы шығыстың орны дегенде, осыны ұмытпағанымыз жөн. Осынау шығыс ойшылдарының арасында Әл-Фараби бабамыздың тұлғасы біздер үшін ерекше ыстық.
Әл-Фараби есімі Күллі мұсылмандық Шығыста, Араб өркениетінде, Араб философиясында түгел мойындалып, ардақ тұтылып, қастерлі есімдердің қатарына енген. Сондықтан да, мұсылмандық Шығыстың ғылыми әлемі оны екінші ұстаз, «Муаллими Сани» деп атады. Араб ғылымы Аристотельді «бірінші ұстаз» деп білсе, ал, Фараби бабамызды «екінші ұстаз» деп таныды. Бұл түркі топырағынан шыққан ұлы бабамызға берілген өлшеусіз, зор баға, теңдессіз құрмет еді! Ұлы бабамыз Арыс өзенінің Сырдарияға құя беріс сағасындағы ежелгі Отырар шаһарында туған. Бұл қаланы орта ғасырлық қыпшақтар Қарашоқы деп те атаған. Отырар шаһарының маңында Қыпшақ, Қоңырат, Қаңлы тайпалары мекен еткен. Бұл тайпалар көшпелі мал шаруашылығымен, әрі отырықшы-егіншілікпен айналысқан. Орта ғасырлық жазбалар мәліметтеріне қарағанда, Отырар қаласы 9 ғасырда Жібек жолы өтетін сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
«Ежелгі Ұлы Жібек жолында», Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласын арабтар Фараб, Барба-Фараб деп атаған. Осында Әл-Фараби жастық шағын өткізген. Нақты айтқанда, Әл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қаласында туған. Весиж Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан Солтүстік батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сәйкес келетінін анықтады. Қалашық ішкі қамалдан, қабырғамен қоршалған Шахристаннан және Рабаттан тұрады. Қалашықтың 8-15 ғасырларда өмір сүргені анықталды. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті.
Әл-Фараби бабамыздың толық аты-жөні араб дәстүрінде толық былай беріледі: Әбу Насыр Мухаммед ибн Мухаммед Мухаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ Әл-Фараби ат-Турки. Бір кездері біз көбіне бабамыздың есімін Абу Насыр деп жүрдік. Ұзақ сонар кісі есімдерінің алдында тұрған соң, біз солай ойладық. Араб дәстүрінде кісі есімдерін жазудың өзіндік ерекшелік принциптері бар екенін ойламадық. Енді ғұламаның толық аты-жөнін талдап көрейік. Ат-Турки – шыққан тегі, турки дегенді білдіреді. Әл-Фараби – Фараб қаласынан шыққан деген сөз, ибн Мухаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ – ұлы ғұлама Мухаммедтің баласы, ол кезегінде Тарханның баласы, ол Узлақтың баласы деген сөз. Басқалай таратсақ, ұлы ғұламаның әкесінің аты – Мухаммед, атасының аты – Тархан, бабасының аты – Узлақ. Ұлы ғұламаның азан шақырып қойған өз аты – Мухаммед. Әбу-Насыр – Насырдың әкесі дегенді білдіреді. Арабтарда баласы жоқ адамды мүсәпір деп есептеген. Сондықтан, бірінші баласы дүниеге келгенде «енді құрметті адам болды» деп адамның өз атына баласының атын қосып атау құрметтеудің белгісі деп есептеген. Мысалға, Әбу Райхан Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Бәкір тағы басқалары.
Әл-Фараби түркі тайпасының дәулетті отбасында дүниеге келген, әкесі әскербасы болған. Әкесінің әскербасы болғанын «тархан» деген атаудан да байқауға болады. Біздің жерімізді мекендеген ежелгі түркі тайпалары «тархан» деп әскери лауазымды кісілерді айтатын болған. Фарабиді әскери ортадан шықты деп жобалауға болады. Кейбір тарихи деректерде «Әл-Фараби мықты, күшті және ержүрек болған. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін, деп жазылады. Бұл деректерден әкесі әскербасы болғандықтан, жас Мұхаммедтің де жауынгерлік, соғыс өнерінен хабары болған сияқты.
Әл-Фараби – жан-жақты энциклопедия, ғұлама ғалым болған. Әлемге әйгілі ойшыл ғылым әлемінің философы, әлеуметтанушы, математик, физик, астраном, ботаник, лингвист, логика музыка зерттеушісі, әдебиеттанушы ғалым ретінде танылған. Фараби өскен Отырардағы кітапхана, сол замандағы жазбалармен ел аузындағы әңгімелерден қарағанда, кітап қорының саны жағынан әлемдегі атақты Александрия (Әл-Ескендрия) кітапханасынан соң екінші орында болған. Ғылымға деген ынта жас Фарабиде осы Отырар кітапханасының арқасында пайда болғаны күмән туғызбайды. Отырар аймағын мекендеген қыпшақ, қаңлы, қоңырат сияқты, түркі тайпалары сонау арғы заманнан қалыптасқан. Өзіндік өнері, ғылыми, түркі жазуы болған. Жас Фараби қала медресесінде сауатын ашып, хат танып, Отырар кітапханасының мол қорынан сусындап өскен. Ғалым тіл үйренуге жастай көңіл қойған. Араб ғалымы Ибн Халликан «Әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген» деп жазса, енді бір ғалымдар «ол шындыққа жанаспайды» десе, ғалымдардың тағы бір тобы Ибн Халликанның жазғандарын құптаған. Жас Фараби өз заманындағы ғалымдардың еңбектерін оқу үшін жастайынан тіл үйренуге әбден ден қойған сияқты. Әл-Фараби өзінің түркі тілімен қатар араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік меңгерген. Ғылыми шығармаларын, өлең-жырларын өз дәуірінің рухани-мәдени, ғылыми тілі саналған араб тілінде жазды. Әл-Фараби ғылым іздеп, Бағдад қаласына бармас бұрын, Шаш (Ташкент) пен Самарқанд, Бұхара қалаларына барып, білім алған сияқты. Кейінірек Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфахан қалаларына келді. Иран халықтарының мәдениетімен танысады. Содан соң барып, Бағдадқа аттанады. (Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары (Алматы: Рауан, 1995. – 12- б).
Ғұлама бабамыз біраз жыл Бағдад шаһарында ғылыми-зерттеулермен айналысқаннан кейін, Шам (Дамаск) өлкесіне қоныс аударып, сексен жасқа жетіп, өмірден озғанша сол өлкеде қалады. Шам өлкесіне келгеннен кейін, Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын әрі қарай жалғастырады. Ол, әсіресе, мантих (логика) ілімін терең зерттеп, осы салада жазылған барлық еңбектерді шұқшия парақтап, түгел оқып шығады. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан, қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысады. Ол бақ қарауылы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай кітаптарды оқып тауысады. Өзінің еңбектерін де жазып шығады.
Әл-Фарабидің бұл қасиеттері туралы ғалым Ибн Әби Усайбиа былай деп жазыпты: «…Әл-Фараби Дамаскіге алғаш барған кезінде бір бауға қарауыл еді, сол бау ішінде отырып ұдайы хикмат-философия ғылымымен айналысатын. Әбу Насыр бұл жерде ежелгі дәуір ғалымдарының көзқарастары, шығармалары мен оларға жазылған түсініктерді бас алмай оқып отыратын. Ол өзі жарлы кісі еді, тіпті түні бойы ұйықтамай, шығарма жазумен айналысатын, кедейлігі сондай, қарауылдығы үшін беретін шамның нұрын пайдаланатын еді. Біраз уақыт Әбу Насыр осылай өмір сүрді. Кейін оның есімі төңірекке мәлім болып, беделі артады, жазған шығармалары да мәшһүр болып кетеді. Сөйтіп, оның шәкірттері де көбейеді. Соның нәтижесінде ол өз заманының бірден-бір, аса ірі ғалымы дәрежесіне ие болды.
Ел билеуші Әмір Сайф ад-Даула (Абул Хасан ибн Абдуллах ибн Хамдан ат-Тағлабий) Фарабимен әңгімелесуді ұнататын болған, Әмір оның біліміне таңданып, оған көп ізет-құрмет көрсетеді. Сол арқылы Әмірдің Әбу-Насыр қатысатын жиындарының да даңқ-дәрежесі артады, бұған әміршінің өзі де рақаттанады. Елдің айтуынша, Әбу Насыр өте қанағатшыл адам болғаны үшін әмірші Сайф ад-Дауланың ерекше құрметіне бөленген екен. Алайда, соған қарамастан, Фараби күніне төрт дирхам күміс ақшадан басқа ешқандай сый-сияпат пайдаланбайды екен. Сол төрт дирхамды тіршілікке зәрлі болған нәрселерге ғана жұмсайтын болған. Ол «тұрмыс-тіршілігім не болады» деп қайғырмайды екен. Тіпті, баспана етерлік үй-жайды да, өзіне келетін бірен-саран пайданы да ойламай өтіпті. Елдің айтуына қарағанда, Әбу Насыр қозы жүрегі мен райхан шәрбатын өзіне тамақ еткен екен. Әбу Насыр алғашқы кезде қазы болып істеген дейді. Ғылым дүниесіне тереңірек бойлаған соң бұл жұмысты тастап, бар жан-тәнімен білімін асыра түсуге кірісіп кетіпті, мал-дүниеге ешқашан қызықпаған екен. Ол қарауылдау үшін кешкісін бауға барады екен де, шырақты жағып, кітап оқуға кіріседі екен (Н.Келімбетов Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы. «Ана тілі» 1991,130-131 б.б.)
Ғұлама ғалым Әл-Фараби барлық ғылым салаларымен айналысқан, ол атсалыспаған, зерттеу жүргізбеген ғылым саласы жоқ деуге болады. Ол философия, логика, математика, астрономия, медицина, музыка, тіл білімі, әдебиет теориясы басқа да ғылым салалары бойынша қыруар көп ғылыми еңбектер жазды. Алайда, оның көптеген шығармалары ел арасында қолжазба күйінде тарап, бірте-бірте жоғалып қала берген. Фараби еңбектерінің кейбір тізімдері ғана сақталған. Соның өзінде ұлы ғалым еңбектерінің саны жөнінде нақтылы деректер жоқ. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш.Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ол өзбек ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Ұлы ғалымның ұшан-теңіз еңбектерінен біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені қырыққа жуық шығарма деуге болады (А.Ирисов. Фараби адеб. Ташкент, 1975,10-бет). Алайда, осы қырық шақты еңбегінің өзімен-ақ, Әл-Фараби энциклопедист-ғалым, дарынды әдебиетші, ұшқыр ойлы ақын болғанын байқаймыз.
Әл-Фараби еңбектері мұсылман әлемінің батыс бөлігінде (Мағрұп) де таралып, Кордова халифатына (Андалузая) да жетті. Кордовалықтар (Андалузиялықтар) Әл-Фараби еңбектерін оқып-үйреніп, олардан көрші еуропалықтар танысып, көп еңбектерін өз тілдеріне аударады. Әл-Фараби ғылымдары басты екі бөлімге бөлінген. Біріншісі, теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екіншісі, практикалық ғылымдар, ол топқа этика, фақһ, кәләм ғылымдарын жатқызған. Данышпан ғалым бұл көзқарасын Ихса әл-Улум «Ғылымдардың классификациясы» атты еңбегінде келтірген. Бұл кітаптың құндылығы – Әл-Фарабидің түрлі ілім-танымдармен тұңғыш жүйелеген ғалым екендігін паш етті. Аталмыш еңбекте ғұлама бабамыз оқырманды әрбір ғылым саласының қыр-сырымен, ерекшеліктерімен таныстыруға тырысқан.
Әбу Насыр Әл-Фараби «Шығыстың Аристотелі» атанған есімі әлемге мәшһүр философ болды. Ол көне заманның Платон, Аристотель, Гален сияқты ақыл-ой алыптарының шығармалары туралы көптеген трактаттар мен түсіндірмелер жазды. Сондай-ақ, Шығыс пен Батыстың ғылыми қауымын грек философиясымен, логика ғылымымен, ежелгі мәдениетімен таныстыруда зор еңбек атқарған. Әл-Фараби өзінің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» атты еңбегінде Аристотельдің философиясын меңгеру үшін қажетті болатын тоғыз шарты жайлы өз пікірлерін ортаға салған. Өзін Әл-Фарабиге шәкірт санайтын Әбу Әли ибн Сина Аристотельді түсінуде Фарабиге қарыздар екендігін былайша тебірене еске алады: «Мен мантик (логика), жаратылыстану және риезет (математика, геометрия) ғылымдарын жақсылап меңгердім. Сосын теологияны оқып үйренуге кіріскенімде Аристотельдің «Метафизика» кітабын оқыдым. Бірақ, онда не жазылғанын оқып түсіне алмадым бұл кітапты жазған кісінің мақсаты маған құпия болып қала берді. Тіпті оны қырық рет қайталап оқып шықтым. Бұл кітапты тіпті жаттап та алдым. Бірақ, соның өзінде, мен оны түсіне алмадым. Ақыры одан үмітімді үзіп, бұл түсінуге болмайтын кітап екен деген қорытындыға келген едім.
Бір күні бесін намазы кезінде кітап сатушыларға бардым. Онда бір делдал мұқабалы бір кітапты қолына ұстап алып, мақтап тұр екен. Ол мені қасына шақырып, маған кітапты көрсетті. Сонда мен бұл ғылымды білудің пайдасы жоқ деген оймен әлгіні жақтырмай, алмайтынымды айттым. Делдал маған. «бұл кітапты ал, бағасы арзан – үш дирхам, кітаптың иесі ақшаға мұқтаж» – деді. Осылайша кітапты мен сатып алдым. Қарасам, ол Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Метафизика» кітабының мақсаты жайында жазылған шығармасы екен. Үйге келген бойда оны оқуға кірістім. «Метафизика» ойымда жатталып қалғаны себепті сол сәтте-ақ кітаптың мазмұнын түсініп алдым. Бұған қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптың табылғанына шүкіршілік жасап, ертесіне-ақ кедейлерге біраз садақа бердім». (Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы «Ана тілі» 1991). Бұдан біз орта ғасырлық ұлы ғұлама ибн Синаның Аристотельді Әл-Фараби арқылы танығанына көз жеткіземіз.
Фараби бабамыздың ғұламалығын тек мұсылмандық Шығыс қана емес, қайта өрлеу дәуірінің кезеңінде Еуропаның ұлы адамдарының бәрі танып, білді. Мысалы, Бэкон, Леонардо да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц сияқты ғалымдар одан көп үлгі алған. Фараби философиялық ой-толғаныстарын ежелгі грек философтары Аристотель, Платондардың пікірлері негізінде өрбіте отырып, сол ой-тұжырым, пікірлерін исламият негіздеріне орайластырған. Әл-Фарабидің музыка теориясына арналған ірі шығармаларының бірі – «Музыканың ұлы кітабы». Бұл еңбегі жарық көрген соң, оны ғылыми қауым Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп таныған.
Ғалым мұрасын кеңестік кезеңде зерттеуді алғаш бастаған академик В.В.Бартольд болды. Қазақ ғалымдарынан Ақжан Машани, А.Қасымжанов, А.Көбесов, Ғ.Есім сияқты ғалымдар Әл-Фараби мұраларын зерттеуге көп үлес қосты. Белгілі шығыстанушы, әдебиеттанушы ғалым Ә.Дербісәлиев Отырар топырағынан шыққан, бізге белгілі Әл-Фараби бабамыздан басқа, кейінгі уақытта шығып, араб ғылымына өлшеусіз үлес қосқан 24 Фараби есімді ғалымдардың еңбектерін тауып, ғылым әлеміне қосты.
Қорыта келгенде, Әл-Фараби есімі – әлемдік ғылым мен мәдениет тарихында теңдессіз энциклопедист-ғалым ретінде сақтала отырып, ұлы баба тұлғасы өзі туған еліндегі өскелең ұрпаққа болашақтың жарқын жолына тұғыр етер бағдаршам, құбыланама, жарық жұлдыз болып қала бермек!

Сәбит ЖӘМБЕК,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар