Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның белсенділігі арттырылсын - АРҚА АЖАРЫ

Жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның белсенділігі арттырылсын

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Antikor» орталығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесуге қатысып, өңірдің қоғам белсенділері алдында мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы және әлеуметтік-экономикалық салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы сөз қозғады.

Кездесуді ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев бүгінде еліміз бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын, осы кеселді тоқтатуда қоғам белсенділерінің рөлі зор екенін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің консультативтік-кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері қатысқан жиында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Президент биылғы Жолдауында қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту мәселесіне баса мән бергенін, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз ететін қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырғанын айтты.
–Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, барша қоғамның негізгі міндеті саналады. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға балама ретінде қоғамдық бақылаудың рөлін ерекше атап өтті. Бүгінде сәтті жүзеге асырылып жатқан «Ақмола – адалдық алаңы», «Адал көмек», «Antikor live» жобалары, «Саналы ұрпақ» республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының құрылуы Мемлекет басшысының «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы болып табылады, – дей келе, әкім аталған тұжырымдама аясында облыста «open space» форматын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жаңа шаралар қолға алынып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жоғарылағанын тілге тиек етті.
–Бүгінде облыста сервистік қызмет көрсету форматында 67 мемлекеттік орган және 19 қалалық және аудандық әкімдіктер жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін себептерді анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар ішкі анализ жасап отырады. Бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда. Барлық қалалық, аудандық және ауылдық әкімдіктерде 1424 Call-орталығына қосылған өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылды, – деді облыс әкімі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда елімізде құрылған ақпараттық-ағартушылық штабтар белсенді жұмыс атқаруда. Кездесуде сөз алған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың және Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабтың төрағасы Ғосман Төлеғұл халықты толғандырып отырған осы мәселеге қарсы үгіт-насихат үздіксіз жүргізілуі керектігін айтып, әсіресе, жастармен жұмыс істеу қажет, жемқорлықпен күрес еліміздің егемендігі, тағдыры үшін маңызды іс екендігіне тоқталды. «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тәйтенова өзі басқарып отырған мекеменің жемқорлықпен күрес жолындағы жұмыс жайында айтса, республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Владислав Шуль Көкшетау қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты бірқатар мәселелер барын, қалалық әкімдік соларға назар аударса деген тілегін жеткізді. Басқа да қоғам белсенділері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі өңірімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Биыл пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулерге қарамастан облысымыз барлық салаларда алға жылжып келеді. Құрылыстың және жөндеу жұмыстарының қарқын алуына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негіз болды. Облыс бойынша аталған бағдарлама аясында және жергілікті бюджет қаражатына шамамен 500-ге жуық әлеуметтік нысан қайта жаңартылып, салынуда. Денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы салаларында ауқымды жобалар іске асырылуда. Осының барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Күзгі орақ науқаны да аяқталуға жақын. Биыл облыс бойынша 5 миллион тонна бидай алынады деп болжам жасалуда. Оның 2 миллион тоннасы ішкі нарықта қалса, қалғаны экспортқа жөнелтілмекші. Осы ретте, Ермек Маржықпаев бидайдың сапасы жоғары екенін, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына зор көңіл бөлініп отырғанын айтты.
Бүгінде құс тұмауы облысымыздың алты ауданында таралып үлгерген. Індетті тоқтату үшін жедел шаралар қолға алынуда. Өз сөзінде осындай мәселелерге тоқталған облыс басшысы қоғам белсенділерін ел игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Кездесу соңында шараға қатысушылар Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің атқарған жұмысы туралы бейнероликті тамашалады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар