Басқаларына есе жібергенімен, «Қайратқа» есе жібермеді

Коронавирус пандемиясы біраз кедергі келтірген футболдан жоғары топтағы Қазақстан біріншілігі бұл күндері екі қалада – Алматы мен Талғарда ғана өтіп жатыр.

Оның өзінде жанкүйерлерсіз. Басында біріншілік жүлделеріне күш сынасатын командалар саны 12 болғанымен, кейін қаржылық жағдайына байланысты Павлодардың «Ертісінің» бұл саптан шығып қалуына орай, чемпионатқа 11 команда қатысуда. Солардың бірі – өткен жылы турнир кестесінде жетінші орынға тұрақтаған Көкшетаудың «Оқжетпесі».
Премьер-Лигадағы биылғы футбол маусымы жерлестеріміз үшін өте ауыр соғуда. Бүгінге дейін олар 11 ойын өткізіп, қарсыластарынан алты-ақ ұпай еншіледі. Атап айтқанда, бір рет жеңіп, жеті рет жеңілістің ащы дәмін татты. Ал, үш кездесуді тең аяқтады. Қарсыластар қақпасына 10 доп соғып, өздеріне 22 доп өткізіп алды. Осының өзі-ақ «Оқжетпестің» биылғы маусымда жағдайы мүшкіл екендігін, коронавирустың салдарынан екі айналыммен ғана өтетін біріншілік барысында жоғары топтан бірінші топқа түсіп қалу қаупі төніп тұрғандығын көрсетеді. Неге десеңіз, қазір клуб болмашы ұпаймен турнир кестесінің оныншы сатысында тұр. «Оқжетпестен» кейін онда тек жоғары топқа биыл өткен Ақтаудың «Каспий» командасы жайғасқан.
Ал, чемпионатта биыл өзгелерден жылдағыдай «Астана» командасы емес, Алматының «Қайраты» қара үзіп тұр. Оның 18 ұпаймен екінші орынға тұрақтаған «Астанадан» жеті ұпайы артық. Осыған қарағанда, биыл алты жыл қатарынан жеңімпаз болған астаналықтарды алматылықтар кейін ысырып, өздері чемпион болатын сияқты.
Міне, жерлестерімізге соңғы 11 турдың ойынында осы көш басында тұрған «Қайратпен» күш сынасуларына тура келді. «Қайрат» мұның алдында қатарынан алты ойында қарсыластарын шыдатпай, тек жеңісті тойлаумен келе жатқан команда болатын. Бұл жолы да футбол мамандары мен букмекерлік кеңселердің бәрі жеңісті алдын ала алматылықтарға беріп қойған. Соны аңдағанда, олар бұл ойында да жеңісті шаппай жұлып алатындай еді.
Бірақ, ойын барысында олай болмай шықты. Чемпионаттың өн бойы басқа командаларға есе жіберіп жүрсе де, «Оқжептес» бұл жолы «Қайратқа» есе жібермей, ерен жігер көрсетті. Сөйтіп, «Қайрат» командасы үйреншікті қарқынына басқанымен, екі рет гол айырмашылығымен алға шығып кеткен «Оқжетпесті» әрең сабасына түсіргендей болды. Алдымен, алтыншы минутта қақпа алдындағы қарбалас сәтті ұтымды пайдаланған Пламен Димов есеп ашып, жерлестеріміз алға шықты. Одан кейін Н.Косович есепті теңестіріп, А.Айымбетовтың голынан кейін 2:1 есебімен «Қайрат» алда тұрды. Бірақ, ойынның алғашқы кезеңіне қосылған екі минут уақыттың ішінде А.Дмитриев есепті 2:2 етіп, үзілістен кейін тағы да осы футболшы «Оқжетпесті» алға шығарды. Сөйтіп, ойынның басты фавориті саналған қайраттықтардың жағдайы қиындай түсті. Оларды тек ойынның 73-інші минутында бразилиялық легионер Вагнер Лавтың соққан голы ғана жеңілістен құтқарып қалды. Осылайша қалған уақытта «Қайраттың» тегеурініне шыдап беріп, өздері де ара-тұра алға ұмтылған «Оқжетпес» шиеленіске толы бұл тең ойынымен талайларды таң қалдырды.
Расында, азулы қарсыласқа мұндай тегеуірін жерлестеріміздің қалған ойындарын да ширақ өткізіп, турнир кестесінің соңынан жоғары қарай сытылып шығарына үміт отын молайта түседі. Енді «Оқжетпесті» 2 қазан күні Қызылорданың «Қайсарымен» дәл осындай қиын ойын күтіп тұр.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар