Үміткер қабілеті мен ұстанымы пікірсайыста білінеді

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаев Достық үйінде өз пікірсайыстарын өткізген партияішілік праймеризге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, праймериздің партия, тұтастай еліміз үшін зор маңызына тоқталды және үміткерлерге жауапты сында сәттілік тіледі.

Бүгінде партия өз алдына тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру бағытында айқын мақсаттар қоюда. Сондықтан, еліміздің тарихында алғаш рет өткізіліп отырған жалпыреспубликалық партияішілік іріктеу праймеризіне Көкшетау қаласының партия мүшелері де белсене атсалысуда. Кезекті пікірсайысқа партияның кадр резервіне іріктеуден өткен үміткерлер, қоғамдық пікір жетекшілері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен, пікірсайысқа қатысушылар мен үміткерлерді осы шарамен құттықтаған өңір басшысы праймериздің партияластар арасында ғана емес, жалпы халық арасында да қызығушылық тудырып отырғанына тоқталды.
– Әрбір партия мүшесінің партияішілік сайлауға қатысуға мүмкіндіктері мол және праймериз партия мен қоғам өміріндегі демократиялық өзгерістердің көрінісі. Сонымен қатар, праймериздің өкілетті органдарға беделді, кәсіби, адал, бастамашыл нұротандықтарды жұмылдыруға мүмкіндік беретіні де белгілі. «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық!» атты бірегей партиялық жобалар көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға, олардың азаматтық ұстанымдарын жандандыруға бағытталған. Мұның өзі праймеризге қатысушылардың бағдарламалары мен алға қойған жоспарларының орындалатынына сенім тудырады, – деді Ермек Боранбайұлы.
Сонымен, праймеризді өткізу ережелеріне сәйкес ағымдағы жылдың 7 қыркүйегі мен 3 қазан аралығында кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында қоғамдық пікірсайыстар өткізіліп жатыр. Осыған орай, праймеризге қатысуға тілек білдірген кандидаттар арасында өткізілген бұл жолғы пікірталасқа облыстық білім басқармасы жанындағы «Болашақ сарайының» директоры Айнагүл Балташева, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев, «Гормолзавод» серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықов, Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Мұхамед Қоңқаев, «Вера в добро» қоғамдық қайырымдылық қорының төрайымы Татьяна Спиглазова сынды кандидаттар қатысып, жеребе арқылы өздерінің нөмірлерін таңдады. Одан әрі екі кезеңнен тұратын пікірсайыстың бірінші кезеңінде үміткерлер нақты елді мекендердің проблемаларын шешуге деген көзқарастарын ұсына отырып, білім, денсаулық сақтау, қаланы көркейту, ерекше қажеттілікті талап ететін жандарға кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытында сайлаушыларға өздерінің сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп берді. Ал, екінші турда қатысушылар арасында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өткізілді. Онда кандидаттар бір-біріне сұрақтар қойды. Сондай-ақ, дебатқа қатысушы көрермендер мен әлеуметтік желідегі тыңдаушылардың да көкейлеріндегі сұрақтарына жауап берді. Осылайша көпшілік сынынан өтіп, шешуші сәтке тағы бір қадам жақындай түсті.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар