Жүйрік жылдар жемісі

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Люция Фитратовна Подолько бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Балаға деген мейірім мен шапағаты, сүйіспеншілігі мен махаббаты оның ақжарқын жүзі мен ашық дауысынан-ақ сезіліп тұрады. Болмыс-бітімі, таным-түсінігі, өмірлік ұстанымы тек бала тәрбиесімен ұштасып жатқан ардақты ұстаздың білім беру жүйесіндегі тәжірибесі 25 жыл.

Люция Фитратовна Бұланды ауданының Макинск қаласында дүниеге келді. Туған жеріндегі алтын ұя мектебін бітірген соң, Щучинск қаласындағы педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгерген. Жоғары білімді Қостанай әлеуметтік академиясында оқып, оны қызыл дипломмен тәмамдаған. Ол осы оқу орындарына педагог мамандығын саналы түрде таңдап келген.
–Қолыма қалам ұстатқан алғашқы ұстазым Валентина Васильевна бала кезден бізді өзімізден кішілерді жақсы көріп, оларға ізет пен ілтипат көрсетуге, адамгершіл, мейірімді болуға баулыды. Оған қатты еліктедім. Сонымен бірге, отбасындағы тәрбие де, анамның болмыс-бітімі де менің мұғалім болуыма себепші болды. Біз отбасында жетеуміз, осылайша көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен, әке-шешем бізді бір-бірімізге қамқор, мейірбан, қайырымды болуға үйретті. Бала кезімде жасым кіші болса да, мектептің не екенін білмесем де, көрші-қолаңның балалары жиналып, мектеп ойнайтынбыз. Мен оларға мұғалім болып сабақ өткізетінмін. Ең қызығы мектепте оқитын оқушылар мені тыңдап, маған қол шапалақтап отыратын. Тұқымымызда мұғалім болмаса да, ата-анам осындайда менің мұғалімдік қабілетіме тамсанып, қуанып отырады екен. Осының барлығы менің болашақта мұғалім болуыма әсер етті деп ойлаймын, – деді Люция Подолько әңгіме барысында.
Болмысынан зиялылық қасиет есіліп тұрған аяулы ұстаз сұхбат кезінде ең алғаш қатысқан аудандық конкурсы есіне түсіп, біраз толқып та алды. Ол кезде жас маманның небары 3 жылдық қана тәжірибесі болыпты. Макинск қаласының №3 орта мектебінде жұмыс істеп жүргенде, сынып жетекшілері байқауына қатысқан. Анасының қолдауы мен сенімінің арқасында жеңіске жетіпті. Бұл ең алғашқы конкурсы аудандық деңгейде өтсе де, оған үлкен дайындықпен барыпты. Қазір ата-анасы о дүниелік болса да, осындай жауапты, қиын сәттерде олардан әлі күнге бір қолдау сезінгім келеді дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Люция Фитратовнаның берекесі мен мерейі тасып, татулығы жарасқан отбасы бар. Өмірлік серігі екеуі қазір Арина мен Радион есімді ұл-қызын тәрбиелеп отыр. Отағасынан бастап, мұғалім Люцияның жұмысына әрқашан түсіністікпен қарап, үнемі қолдап, көмектерін беріп отырады екен. Ұстаз деген ұлы мамандықты жанына серік еткен аналарын ұл-қызы жұмыстан келгенше сағына күтіп отырады. Бұл орайда, ұстаздың оларға алғысы шексіз.
–Менің әрбір байқау-сайыстарға қатысуыма жан жарымның, яғни, күйеуімнің үлесі мол. Ол педагог болмаса да, менің түрлі конкурстарыма қатысуыма қолдау білдіріп, дайындық кезінде өз тарапынан ақыл-кеңес айтып, кейін мен үшін уайымдап жүреді. Тіпті, қатысып жатқан байқауларымның қорытындысын менен гөрі ол қатты күтіп жүреді, балаларым да әрқашан тілеулес. Сол үшін оларға алғысым зор, – дейді ұстаз.
Қаншама азаматтың білімге құштарлығын ашып, қолына қалам ұстатып, алғаш әріп танытқан Люция Подолько 2008 жылдан бері Макинск қаласындағы мектеп-гимназияда еңбек етіп, жас мамандарға өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүрген тәлімгер. Яғни, ұлағатты ұстаз жас мамандардың авторлық ғылыми жұмыстарын жазу барысында көмектесіп, өз тарапынан ақыл-кеңес беріп отырады. Аудандық, облыстық педагогтардың кеңесіне қатысып, түрлі тақырыптарда баяндамалар жасайды.
–Жас мамандардың сабақ өткізу барысына бағыт-бағдар беремін. Қазіргі уақытта бір жас маманды маған бекітіп берді. Оның ертең ұстаз деген атқа лайықты болуы, қалыптасуы, абыройға кенелуі менің де жауапкершілігім. Сондықтан, барымды салып, үйретіп жатырмын. Қазір пандемияға қатысты оқу форматы да өзгерді. Осы ретте, дәстүрлі форматтан уақытша қашықтықтан оқыту түріне ауыстық. Бұл жағынан жас маманға көмек екі есе көп керек. Дегенмен, жастардан да үйренетініміз мол. Қазір мектепте екеуіміз кезекші топтарды жүргізіп келеміз. Сабақ жоспарларын бірге жасап жүреміз, – дейді Люция Фитратовна.
Әріптестерінің айтуынша, ол мектепте абыройлы да сыйлы, әркімге жанашырлық танытып жүретін кең жүректі оқытушы. Түрлі байқауларға қатысу кезінде мектеп директоры да қолдау көмек көрсеткен. «Жылдың үздік педагогы» байқауына қатысуға кім барады дегенде, бірден оның кәсіби шеберлігіне риза болып, сенім артқандары үшін Люция Фитратовнаның алғысы шексіз.
–Қазіргі мұғалімдер туралы түрлі пікірлер айтылып келеді. Жалпы, ұстаз өмір бойы оқып, үйрене беруі керек. Оқу, оқу және оқу деген сөз бар. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Осылайша мен 25 жыл бойы еңбек етіп келемін. Ұстаздар әрқашан білімдерін жетілдіріп, жаңа заманның реформаларына бейімделіп, сіңісіп кетулері тиіс. Қашанда ізденіс үстінде жүрген дұрыс. Осындай қасиеттер әр мұғалімде болуы керек. «Жоғары білімді кез-келген адам ұрпақ тәрбиелей алады» дейді, мен бұл пікірмен келіспеймін. Жоғары білімді азаматтардың барлығы бірдей адам тәрбиелей алмайды, бала тәрбиесімен, ұрпақ тәрбиесімен тек қана үлкен жүректі, баланы жақсы көретін, болмысынан ұстаздың иісі аңқып тұратын, мұғалім ғана жақсы айналыса алады,– деді сөзін жалғап бұландылық ұстаз.
Мектепте, ауданда, облыста мемлекеттік байқауларға қатысып, үнемі тәжірибе жинақтау – оның жас мамандарға, оқушыларына қоятын талабы. «Мен де күн сайын бала тәрбиелеп отырғандықтан, балалар маған қарап үлгі алады. 2018 жылы Вероника Павленко облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында екінші орын алды. Бұған дейін мен де республикалық үздік авторлық жобалар байқауына қатысып, бірінші орын алдым» деді ол. Жалпы, байқаулар мен сайыстардан алған жүлделі орындары, шыққан биіктері көп екені байқалады.
Заманауи мұғалім ұрпаққа рухани бай мұраларын қалдырған ұлы ғұламалар жайында ұмытпауы тиіс. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздеріндегі» адамгершілік, кісілік қасиеттерін де жас ұрпаққа түсіндіріп, мән-мағынасын айтып жүреді. Оқушыларына ғұламалардың өмірі мен ғұмырын айтып отырады. Сара Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» еңбегіне сүйене отырып та, оқушыларды тәрбиелейді екен. Осы пәннен өзі де сабақ береді. Бүгінде өзекті мәселе болып тұрған қашықтықтан оқыту жайында сұрағанымызда:
–Қашықтықтан оқыту үшін мемлекет тарапынан мұғалімдерге көп жағдай жасалуда. Қаншама платформалар бар. Мен үшін бұл жағынан қиындық көп деп айта алмаймын. Әрине, оның екі жағы бар. Оқушылар өздігінен жұмыс істейді. Дайын шаблон бойынша емес, өздері ізденіп, оқып үйренеді. Біз қашықтықтан бағыт-бағдар, тапсырма береміз, мұндайда ата-аналардың да көмегі керек. Кейбір балалар интернет болмай қиналады. Бірақ, мектептердің барлығы балаларды қолдан келгенше қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етуде, –деген пікірін білдірді.
«Жылдың үздік педагогы» облыстық байқауында жүлделі екінші орын алған ұстаздың «25 жылдық еңбегім далаға кетпегеніне қуандым. Бұл байқау менің бүкіл еңбек жолымның нәтижесі деп білемін» деген қуанышы ұзағынан сүйіндіріп, республикалық сайыста да шыңнан көрінсін деген тілегіміз бар.
Ұлағатты ұстаз, ардақты ана, аяулы жар Люция Фитратовнаның ғибратты ғұмыры, тәлімді тәжірибесі алда да жас мамандарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар