Менің анам – мұғалім!

…Түн. Ұйықтап кетіппін. Түн жарымында шамның жарығынан ояндым. Анам ояу отыр екен… Алдында жайып қойған ескіріңкіреген фотосуреттер. Көзіне қарасам, көзі жасаураған тәрізді. Шаршағаннан ба, әлде шәкірттеріне деген сағыныштан ба, әлде… «Мен, оятып жібердім бе», көзінен өкініштің де ізін байқадым. Әйтсе де, мен бұл сәтке таңданған жоқпын. Маған таныс жайт еді.

Өйткені, менің анам – мұғалім! Ол мектепте мұғалім, ал үйде аяулы ана! Мен анамның мамандығы мұғалім болғанына мақтанамын, кейде аяп кетемін… Иә, иә аяп кетемін… Күні-түні ізденуден бір сәт таймайды. Мүмкін менің анамның басы компьютер болса, жанып кетер ме еді… Кім білсін?
Бір қызығы кейде мен де анама ұқсап мұғалім болғым келеді. Неге дейсіз ғой? Анам тарих пәнінің мұғалімі. Біз қолымыз қалт етсе немесе шай үстінде тарихқа үңіліп кетеміз. Кейде өзімше анаммен пікір алмасу сәтінде дауласып қалатын кезіміз де болады. Сондай сәттер маған қызықты. Тағы бір ұнайтыны: Мен өз халқымның тарихын, салт-дәстүрін, тәрбиесін күнделікті анамнан бойыма сіңіремін, ол дәріс маған «баға» үшін айтылып жатқан жоқ, ол анамның тәрбиесі… Бір қуанарым, анам сол кейбір тарихи кесенелерді көру үшін жазғы демалысы кезінде арнайы барады әрі мені де ала барады. «Көзбен көріп барып, балаға жеткізсем кеңірек мәлімет бере аламын», – деп сондай кездерде ерекше қуанышқа бөленеді. Сол әсермен қажетті нәрселерін жазып алып жатады.
Үйге келгенде үй тіршілігі, тағы да сабаққа дайындықтан қолы босамайтын анам. Қыдырып жүрсе де шәкірттеріне керек деген дүниелерді дайындап жүреді. Міне, осындай сәттерде маған анаммен сөйлесуіме, онымен жақын болуға мүмкіндік туады. Кейде мен анамды басқа балалардан қызғанатын кезім де болады. Маған емес елдің баласына көбірек алаңдап, «айналайын, сен айта аласың», – деп еркелетіп бастарынан сипап қояды. Ал, мен мынау дұрыс па десем де, бұрыс па десем де «иә» деп жауап береді. Міне, осы кезде менің жан дүнием астан-кестен болып, қызғаныш па, әйтеуір, белгісіз бір нәрсе кернейді. Деседе, мен анамды қатты жақсы көремін.
Ал, анамның көзіндегі қуаныш алыстан-ақ байқалып тұрады. Мен де сол сәтте анам үшін мақтанамын. «Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі», – деп бекер айтылмаған ғой. Бұл менің анамның шәкірттері үшін түн ұйқысын бөліп, түнімен жасаған еңбегінің жемісі. Мен оның сол сәттерін құрмет тұтамын. Тек мен емес анамды мектептегі оқушылары да, олардың ата-аналары да құрмет тұтады. Мұндай кезде жүрегімді қуаныш кернеп, «Менің анам – мұғалім!»,– деп бар әлемге жар салып айқайлағым келеді. Осындайда Шәмші атамыздың «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған»,– деген жолдары еріксіз есіме оралып, «Әлемнің жарығын, сыйладың бәріне», – деп өзімше ыңылдап қоямын.
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді», – деген мақал бір жағынан осы мұғалім-аналарға да қатысты айтылған ғой. Иә, мен үшін «түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянған» анам, қазір шәкірті үшін түнде қалам ұстап отыратынына мен куәмін. Жалғыз мен емес барлық анасы мұғалім балалар осылай ойланатын шығар. Бұл менің «мұғалім – анам» жайлы ақтарып отырған жан сырым.
Ендеше, барлық «мұғалім-аналарды» кәсіби мерекелерімен құттықтап, «осы күнге жеткізген анама мың алғыс», – дей отырып, «Менің анам – мұғалім!» деген мақтанышпен ойымды аяқтаймын.
Қайрат БАУЫРЖАН,
Астрахан ауданындағы Жалтыр №4 орта мектебінің
8-сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар