Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа мешіттегі Құрбан айт намазы - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа мешіттегі Құрбан айт намазы

Көкшетау қаласында таяуда ғана ашылған Науан Хазірет атындағы жаңа мешіт Құрбан айт мейрамы күні жамағатқа есігін айқара ашты. Қала тұрғындары имандылық үйіне түн қараңғысы сөгіліп, таң шапағы білінісімен ағыла бастады.

Айт намазының алдында ине шаншатын жер қалмады. Дүмеп келген халықтың соңы тіпті сыймай да қалды. Әлдебіреулер қап десті. Біз іштей жақсылыққа жорыдық. Өйткені, аумағы ат шаптырым, төрт-бес мың адам еркін сыятын кең залға халықтың сыймай қалуы елдің имандылыққа бет бұруын көрсетеді емес пе. Жиналған жұрттың ішінде әсіресе, жастар көп.
Алдымен уағыз айтылды. Адам көп болғанымен, сөйлеушінің жанға жайлы сөзі самалдай есіліп анық естіледі екен. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин жиналған жұртты исі мұсылман қауым үшін қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елге жақсылық тілей келе, алғашқы сөзді облыс әкімі Сергей Кулагинге берді. Облыс әкімі сөзін қазақ тілінде бастады. Жатық сөйледі. Ел мерейі бұған да өсіп қалды.
– Мінекей құрылысы бірнеше жылға созылған мешіт үйі пайдалануға беріліп отыр. Бұл облыс жұртшылығы үшін үлкен оқиға. Бүгінгі күні біз Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін кең көлемде тойлап жатырмыз. Тарихымыздың тым тереңде екендігін білдіретін, елдігімізді танытып, ерлігімізді дәріптейтін тамаша шаралар өткізілуде. Ел іргесі бекем, шаңырағының биік болуына өзіндік үлесін қосатын осындай шаралар экономикалық қиындықтарға қарамастан халықтың рухын көтеру үшін ұйымдастырылуда, – деді облыс әкімі
Сергей Кулагин, – бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын. Әрбір отбасына жақсылық пен игілік, бақыт пен береке тілеймін!
Мұнан соң айт намазы өткізілді. Сәулетті де сәнді Алланың жердегі үйінде имандылыққа ұйып, өз басына емес, жалпақ жұртқа жақсы тілек тілескен ел намаздан соң бірін-бірі арқа-жарқа болып Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Құрбандыққа шалынған малдардың еті әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген, жәрдемге, жан жылуына мұқтаж жандарға бөлініп берілді. Бұл күні мешітте балаларға арналған, жас толқынды бауырына тартқан әлденеше шаралар өткізілді.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Суретті түсірген Берік Ескенов.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар