Партияішілік сайлау науқаны сәтті аяқталды

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында партияішілік праймеризге қатысушыларды аталмыш саяси науқанның сәтті аяқталуымен құттықтап, оларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Партияішілік праймериз қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Ермек Маржықпаев партияда өткен партияішілік сайлау партиялықтардың, сондай-ақ, дүйім халықтың зор қызығушылығын туғызғанын айтты.
–Пропорционалды сайлау аясында праймериз өткізу демократияның шынайы көрінісін білдіреді. Партиямыздың әрбір мүшесіне, сонымен қатар, партияның қажеттілігін түсінетін кез-келген азаматқа өзінің сайлауалды бағдарламасында өңірдің проблемаларын шешудегі көзқарасын халыққа еркін жеткізу мүмкіндігі берілді. Сайлаудың ашық әрі әділ, тең дәрежеде өткендігінің куәсі болдық. Ақмолалықтар ар-ождан мен жүрек қалауларына, өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, өз таңдауларын жасады, – деді Ермек Маржықпаев.
Алдын ала дауыс беру қорытындысы тұрғындардың облыстың дамуында белсенділіктері мен қызығушылықтары зор екенін, жалпы, партияішілік бәсекелестік жоғары екенін көрсеткен. Облыс бойынша праймеризге 827 адам қатысқан. Күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, кандидаттар бастауыш партия ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қарапайым халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізген.
Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі кандидаттарға нұротандықтардың 91,4 пайызы дауыс бергенін айта келе, осылайша Ақмола облысы еліміз бойынша үздік нәтижелердің біріне қол жеткізгенін атап өтті. Бұл тұрғындарымыздың барлық жасампаз істерге қатысуға дайын екенін көрсетеді.
Ермек Маржықпаев алдағы барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісінің сайлау науқанында праймериз көшбасшыларының ірі командалық жұмыс атқаратынына сенім білдіріп, праймериз қатысушыларына Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар белсенді жасотандықтарды «Халық алғысы» медалімен марапаттады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар