Ес біліп, етек жиғалы көргені шоқ жұлдыздай шағын ғана Бірлестік ауылындағы майталман механизаторлар, алдынан жұмыс үркіп отыратын комбайншылар, жүгі жолда қалмайтын жампоз жүргізушілер. Ол тұста жұмыс қайнап жататын. Мал қораларының жанындағы қоянжон маялар үйіліп, қырманда тау-тау астық тау-теңіз болып жататын. Кеудесінде орден-медалі жарқыраған аптал ағалары еңбектерінің нәтижесіне масаттанып, қоғамға қосар үлесін бірінен-бірі асыруға тырысып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, еңбек ететін. Солардың арасында өз әкесі Мүстажап та жүруші еді…
Береке соның бәрін бала кезінен көріп өсті. Ауылдағы техника тізгіндеген көрші-қолаңның есігінің алдына әлдеқалай трактор мен машина қаңтарыла қалса, құстай ұшып жететін. Әр тетігіне зейін салып қарап, оның атқаратын жұмысының мәнін білуге тырысатын. Осылайша техникаға деген ынтасы арта берді. Талап деген жақсы да күшті қасиет қой. Әншейінде қазақ «талапты ерге нұр жауар» деп тегін айтты дейсіз бе. Сегізінші сыныпты бітіргенше әлгі ауылдастарының тақымындағы техникалардың түр-түрін, алуан сырлы, бала үшін біртүрлі жұмбақ құрылысын зерек көкірегіне құйып алды.
Облыс орталығындағы ДОСААФ мектебінің жүргізушілер дайындайтын арнайы курсына түскен кезде қасындағы көгенкөздерге өзі сабақ бере алатын дәрежеде еді. Еңбек жолын сол кездегі Айыртау ауданының «Карасев» кеңшарында жүргізуші болып бастады. Мына қызықты қараңыз, бала жасынан техникаға құмар, білмекке ұмтылып тұратын Берекеге кеңшардың жалғыз «КамАЗ»-ын жүргізу жүктелді. 1990 жылдардың орта шені еді. Көкірегі сау болғанымен, көнетоз «КамАЗ»-дың ақауы көп-тұғын. Жатпай-тұрмай жөндеп алды. Енді тізгінін өрім жас ұстаған жалғыз «КамАЗ»-дың жортпайтын жері қалмады. Ел іші былай тұрсын, іргедегі Ресейге ұзақ-ұзақ сапар шегеді. Қасқалдақтың қанындай таптырмайтын құрылыс материалдарын, кеңшарға қажетті қосалқы бөлшектерді тасымалдайды. Ел егемендігін жаңа алып жатқан елең-алаң тұста екі ел арасындағы кеденнен өтудің қиындығы мен қызығын осы күні күліп еске алады.
Кейін Көкшетау қаласына көшкен. Елдің жұмыссыз қаңтарылып қалған уақыты. Бірде ағайынның үйінде есімі Көкше өңіріне кеңінен танымал, ақын-жыршы, марқұм Жұмабай Есекеевтің көлігін жөндеп берген. Жұмабай ағасы Берекенің бойындағы қабілетке әбден риза болып, «сен бізге жұмысқа келсеңші, редакция мықты жүргізушіге жарымай жүр» деп қолқалаған. Сөйтіп, ендігі дәм-тұз редакциядан бұйырды. Қазір Берекенің кең-байтақ Ақмола облысының елді мекендерін қамтитын күре жолдарының бәрінде сайрап жатқан ізі бар. Журналистер бармайтын жер бар ма, соның бәріне тізгін ұстаған Береке бастап барған десек, артық айтқандық емес. Және бір жақсысы, жолда қалған жері жоқ.
Кәсіби шеберлігі өз алдына, адамның тұлғасын биіктетіп, мерейін асыратын жан тазалығы – ар алдындағы адалдық. Осы тұрғыдан келгенде кейіпкеріміздің бойындағы кісілік пен адамгершіліктің менмұндалап тұратындығы қуантады. Жолға шыққанда да жолдасыңның бойынан ізгі ниеттің ізеті менмұндалап тұрғаны қандай жақсы.
Асылында журналистика саласындағы адамдардың жеке басының тіршілігін ойлай бермейтіні бар. Бірде ана шаруасы, бірде мына шаруасының құлағы қылтиып, кәдімгі мәселеге айналатыны болып қалады. Міне, сондайда өтініш айтқан әріптестің бетіне қағып, көңілін қалдырған жері жоқ. Үлкендерді үлкендей, кішілерді кішідей сыйлайды. Кәдімгідей ағаға – іні, ініге – аға!
Бүгінде елуді еңсеріп отырған жаны жайсаң жігіттің түтінін түзу ұшқан отбасы иесі екенін айта кетсек артық болмас. Бірлестіктен шыққан бір мамандықтың мықты иесі өз ажарын ақ адал еңбегімен кіргізіп, ұжымға кісілігімен сыйымды, сыйласты болып келе жатқандығы қуантады бізді.
Алда талай жол бар. Редакциядағы қалам ұстаған қауым болашақ сапарларын осындай білікті жүргізушімен ұзартып, еліне қалтқысыз қызмет етпек.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Құрметті Береке Мүстажапұлы!
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Береке Мүстажапұлы Жаниенов ердің жасы 50-ге толып отыр.
1999 жылдан бері осы ұжымда абыройлы еңбек етіп келе жатқан ол өз ісінің шынайы маманы ретінде құрмет пен сыйға бөленіп жүр. Береке осы жылдар ішінде кез-келген тапсырманы ойдағыдай орындап, үлкен-кішімен әрдайым тіл табысып, елгезектік танытады. Қашан да кісілігі мен кішілігін, іскерлігін және жақсы қасиеттерін көрсетіп жүрген Береке Мүстажапұлының ұжымда өз орны бар.
Бұл күндері Береке жары Айгүл екеуі Назгүл мен Мадияр атты балаларын оқытып, оларға жақсы тәрбие беріп отырған өнегелі отбасының иесі.
Ердің жасы елуге толып отырған Береке Мүстажапұлын «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы облыстық «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» газеттері, аналитикалық сараптама орталығы және «Agmolanews.kz» ақпараттық орталығы ұжымдары атынан елу жасқа толу мерейтойымен құттықтай отырып, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасына аманшылық пен бақыт тілейміз!
Ізгі тілекпен,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.