«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Birgemiz:Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы аясында «АЛЖИР» музейіндегі қалпынан келтіру жұмыстарына атсалысты.
«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының баспасөз хатшысы Серік Бағланның айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарих, мәдениет ескерткіштері мен мемориалдық кешендерді қалпына келтіру.
– «Алжир» музейі еліміздегі маңызды тарихи-мәдени орындардың бірі. Бұл жерде қаншама әжелеріміз, аналарымыз жазықсыз азапталып, көз жұмды. Осындай киелі жерді қалпына келтіру үшін «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының 10 волонтері жұмылдырылды. Музей қызметкерлерінің нұсқауымен волонтерлер сол жердегі экспонаттардың шаңдарын сүртіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар жастар арасында қол еңбегін насихаттауға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова.
«Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының маңызды бағыттарының бірі – волонтерлерді қалпына келтіру жұмыстарға жұмылдыру. Осыған орай, волонтерлер жоба аясында арнайы оқытудан өткен болатын.
– Мен үшін еліміздің тарихи-мәдени мұраларын қалпына келтіруге үлес қосу үлкен мақтаныш. «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы арқылы біз бұрын білмеген бірнеше тарихи-мәдени орындармен танысып қана қоймай, оларды қалпына келтіруге де үлесімізді қосып жатырмыз. Осы игі шараларға атсалысқаныма қуаныштымын. Жастарды осындай игі істерге шақырамын, – дейді волонтер Мағжан Сағынтаев.
Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін волонтерлер үшін музейге арнайы экскурсия ұйымдастырылмақшы.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.