Биылғы жылы Ақмола облысының су қоймаларына 4 миллионға жуық балық шабақтары жіберілді. Бұл іс-шара, әсіресе, ағымдағы жылдың күз айларында жандана түседі. Біз Шағалалы су қоймасына барып, балықшылардың жұмысымен таныстық.
Облыс аумағынан Есіл, Нұра, Сілеті тәрізді республикалық және халықаралық маңызы бар өзендер ағып өтеді. Сондай-ақ, үлкенді-кішілі 564 су айдыны бар. Өңірдегі тауарлық балық шаруашылығымен айналысатын 45 шаруашылыққа 349 өзен мен көлдер бекітілген. Облыс бойынша балық ресурстарын молайту, бәсекелестікті арттыру мақсатында шамамен 3 миллион теңге игерілген.
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Сансызбай Ыдырысовтың айтуынша, Көкшетау ауданаралық аңшылар мен балықшылар қоғамының ұйымдастыруымен Зеренді балық өсіру орталығынан алынған 20 мың шабақ суға жіберілген екен. Әр шабақтың салмағы орта есеппен 70 грамнан асады. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс аясында Есіл өзеніне ағымдағы жылы 650 мыңнан астам балық жіберіліпті. Су қоймаларын балықтандырудың үшінші кезеңі жоспарлануда. Биыл өңірдегі балық өсіру шаруашылықтары 15 тоннадан астам балық сатқан. Бұл көрсеткішті келешекте 77 тоннаға жеткізу межеленіп отыр.
Көкшетау аңшылық шаруашылығының директоры Марат Әубәкіров өз сөзінде бұл жоспарлы жұмыс екенін, жыл сайын су айдындарын балықтандыру жұмысы жүргізіліп тұратынын айтты. Осылайша әуесқой және кәсіби балықшылардың балық аулауына жағдай жасалады екен. Шаруашылыққа 6 су айдыны бекітілген. Жыл сайын осы су айдындарына балық жіберіледі. Келесі кезекте Балықты көлі және Бурабай ауданындағы Хан көліне балық жіберу жоспарлануда. Ақмола облысының су қоймаларына жергілікті орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бақылау жұмысын жүргізеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ағымдағы жылы облыстың су қоймаларында 314 заң бұзушылық анықталып, кінәлілерге 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған екен.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.