Әзірге көмірден тапшылық жоқ

Қоңыр күз – қарбаласы көп маусым. Солтүстік өңір үшін қысқа қапысыз қамданудың мәні ерекше. Бораны жиі, аязы қатты қыс аяуды білмейді. Сондықтан, отын-көмірді уақытылы қамдаған абзал. Биыл көмірден тапшылық көрмейтін түріміз бар. Тек бағасына байыпты назар аударсақ…

Өткен жылдары көмір таситын вагондардың жетіспеушілігінен отын базаларында ұзын-сонар кезек орын алып, орынды өкпе-наз туындап, дүрбелең қатты болып еді. Биыл жағдай біршама тұрақты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченконың айтуына қарағанда, облысқа 1,4 миллион тонна көмір қажет екен. Оның 730 мың тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторына, 662 мың тоннасы жергілікті тұрғындарға.
Қазіргі күні жергілікті тұрғындар үшін 412 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл жалпы қажетті көлемнің 62 проценті. Облыста 52 отын базасында көмір іркіліссіз сатылуда. Енді бір ауыз сөз баға туралы. Облыстағы көмірдің әр тоннасының орташа бағасы 12 мың теңгені құрайды. Мәселен, жақсы жанатын, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие «шұбаркөл» көмірі 14250, «майкөбе» 10740, «қаражыра» 12870, «богатырь» 9790 теңгеден сатылуда. Демек, өткен жылмен салыстырғанда, көмір бағасы өзгерген жоқ. Тіпті, бірқатар аудандарда көмірдің кей сортының сәл-пәл арзандағаны да байқалуда. Коммуналдық-тұрмыстық сектор 368 мың тонна көмір қорын жинақтаған. Бұл қысқа қажетті барлық көлемнің тең жартысы. Қазір белгіленген кесте бойынша қалған көлем жеткізілуде.
Кейбір қазандықтар отын ретінде мазутты да пайдаланады. Облысқа 46 мың тонна мазут қажет. Павлодар мұнай зауытымен келісім-шарт жасалып, мазут жеткізіле бастады. Қазір 500 тонна қор жинақталған. Қазан айында мазут қоры 3000 тоннаға жеткізілмек.
Көпшілікті толғандырып отырған баға мәселесі туралы айтқан кезде мына бір жайды ескерген жөн. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмат Фазылдың айтуына қарағанда, көмір тұтынушыға жеткенше қымбаттап кетеді. Оның негізгі себебі, екі ортадағы делдалдардың бағаны үстемелеуі. Мәселен, облыста қатты отынмен 70 процент қамтамасыз ететін көтерме сауда иелері жұрт үстінен жонып жеп, табысқа кенеліп отыр. Мәселен, шұбаркөл сорты көмір разрезінде әр тоннасы 5819 теңгеден босатылады. Көмір тасумен айналысатын 17 көтерме сауда кәсіпорындарының иелері үстеме бағасын қосқан кезде әлгі баға 12500 теңге болып шығады. Барлық көмір сорттарының қымбаттап кетуі себебі осыдан.
Шағын отын базасындағылар мұндай есеп-қисапты біле бермеулері де мүмкін. Көмірді көтерме сауда арқылы толайым сатып алу үшін қыруар қаржы қажет. Оған екінің бірінің шамасы келе бермейді. Демек, ел жайын екшеп қалтасын қақпау үшін осы мәселеге мұқият назар аудару қажет.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар