Жастар тәрбиесі сөз болды

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің төрағалығымен 30 қыркүйекте кезекті алқа мәжілісі өтіп, онда жастарға патриоттық тәрбие беру, волонтерлік қозғалысты ұйымдастыру мәселесі қаралды. Жиынға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсембаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Ақынов қатысты.

Жастарға рухани және патриоттық тәрбие беру жөнінде Краснояр селосындағы №3 агротехникалық колледжі мен Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-лицей әкімшілігімен бірлесіп атқарған жұмыстар туралы бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрайымдары Күлбәршін Жүсіпбекова мен Дәмежан Шекенова хабарлама жасады. Колледждегі «Аяла» клубы қарттар мен мүгедектердің үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізсе, «Жас сарбаз» клубы Сәкен Сейфуллин көшесіндегі майдангерлер обелискісінің маңын абаттандырды. №3 мектеп-лицейде 1 сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер үшін «Мәліктану» апталығы, «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» конкурсы, білім ордасының 100 жылдығына арналып конференция өткізілді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Жауқазын» студенттер театры қарттар үйінде болып, концерт қойды.
Волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлердің үйін тазартып, картобын жинауға көмектесті. Сондай-ақ, №3 Сандықтау балалар үйінде «Жылы жүрек», «Біз біргеміз» іс-шараларын өткізді. «Аманат» клубы «Жақсылық жаса» жобасы бойынша жүз отбасына көмек жасауды ұйғарды. Студенттердің белсене қатысуымен жүргізілген бұл іс-шаралар жайлы университеттің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Тыныштық Ахметова әңгімелеп берді.
Алқа мәжілісінде мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің 90 жылдығына орай, Көкшетау қаласында ескерткіш орнату, бастауыш ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау жиналыстарын өткізуге қатысты мәселе де қаралды.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар