Шәкірттерін спортқа баулыған

Шәкірттерін спортқа баулыған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 27 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген. Заңның қабылдануы мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге, әсіресе, ауыл мұғалімдерін әлеуметтік қолдау мен ынталандыруға бағытталған. Осыған орай, Ортақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оралбек Жайсаңбайды әңгімеге тарттық.

Жалпы, елімізде жыл сайын білім саласына, оның ішінде мұғалімдердің жалақысын өсіруге қаржы бөлініп отырады. Бұл бастаманың 2021 жылы да жалғасатынын Мемлекет басшысы биылғы жылдың 1 қыркүйек күнгі халыққа арнаған Жолдауында келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздар еңбекақысының 25 пайызға өсетінін айтқан болатын. Сондықтан, ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген Оралбек Жайсаңбай үшін бұл тіптен, жақсы жаңалық болған. Ол қалаға кетуді ойламайды да. Қайта ата-анасының қасында немерелерін бауырларына салып, ауылының өркендеуіне, елден шығатын еңселі азаматтардың өсуіне үлес қосқанды жөн көреді. Оралбек орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыс колледжін тәмамдап, біраз жыл осы салада еңбек етеді. Кейін бала кезінен спортты жанына серік еткен ол бұрынғы Көкшетау колледжі болған көпсалалы азаматтық колледжге оқуға түсіп, оны дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Сөйтіп, өзі білім алған туған ауылындағы мектебіне оралады. Ол жақта қазіргі ауыл әкімі, сол кездегі мектеп директоры болған Мархабия Ерғалиева өзінің шәкіртін қуана қарсы алады. Міне, содан бері Ортақ орта мектебінде шәкірттерін спортқа тәрбиелеп жүрген жас маман Оралбек Хабсаламұлы Мархабия Қағабатқызының 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін сынып жетекшісі болғанын да мақтанышпен әңгімеледі. Оның үстіне мектепте бір жыл жұмыс істеген ол әскерге шақырту алады. Сөйтіп, бір жыл Ұлттық Ұлан қатарында Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп, мектебіне қайта келіп, еңбек жолын жалғастырады.
Бүгінде Ербол Бейсенбаев жетекшілік ететін ауыл мектебінде 75 бала білім алса, оқушыларға 20 ұстаз дәріс береді. Олардың үшеуі ер мұғалім. Әрине, мектептегі ер мұғалімдерді саусақпен санауға болатын уақытта бұл құптарлық жайт. Өйткені, ер азаматтардың көбі жұмыстан қолдары босамайтындықтарын желеу қылып, бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтіндерін өздері мойындап, ұлын да, қызын да тәрбиелеп отырған анасына алғыстарын айтумен шектеліп жататын сәттер болады. Сондықтан, бұдан былай мектепте шәкірт тәрбиесімен айналысуда ер азаматтардың рөлі басым болса нұр үстіне нұр.
Оралбек Хабсаламұлы шәкірт тәрбиелеумен қатар, өзі де облыстық жарыстарға қатысып, әр оқу жылының соңына қарай өтетін спартакиадада жүлделі орындардан көрініп жүр. Ал, оның шәкірттері үстел теннисінен аудандық жарыстарға қатысып, екінші жүлделі орынды иеленсе, футбол, волейболдан, қыздар арасындағы жарыстарда да бақтарын сынауда.
– Мен өзім Ортақта туып-өстім. Коледжді бітіргесін де алтын бесік ауылымда еңбек етіп келемін. Алғаш мектепке келгенде жас маман ретінде өзіме де, жұбайыма да көтермеақы төленді. Қазіргі таңда А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде сырттай оқуымды жалғастырып жүрмін. Мектебімізде жаңа оқу жылында пандемияға байланысты санитарлық режимнің сақталуына үлкен мән берілуде. Яғни, спорттық ойындар кезінде арақашықтықты сақтай отырып, теннис, волейбол сияқты ойындар өткіземіз. Күнде таңертең оқушылар мектепке келгенде кіреберісте дене қызуын өлшейтін медицина қызметкері отырады. Оқушылар сабаққа мас-камен келуі қадағаланады, залалдандырғыш құралдары да қойылған. Жалпы, мектебімізде оқушыларды футбол, волейбол, теннис, шахмат түрлерінен жаттықтыруға мүмкіндік мол. Ал, ауыл балаларының қазақша күреске деген қызығушылығы болса да, өкінішке орай, онымен айналысуға маттың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Шәкірттерімнің жетістігіне тоқталып кетер болсам, шахматтан көптеген балаларымыз аудандық жарыстардан жүлдемен оралды.
Мысалы, осы спорт түрінен Алуа Ғаббасова, Амангелді Асанәлі, ал, футболдан ағайынды Хамза Арсен, Хамза Нариман, үстел теннисінен Зарина Тоқтасынды мақтанышпен айтуға болады, – деген Оралбек Жайсаңбай мектепке соңғы екі жыл қатарынан осы ауылдың тумасы, мектеп түлегі Медет Көкешовтің демеушілік жасап келе жатқанын да жеткізді.
Бүгінде жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруы тұрғысында Ортақ ауылындағы орта мектептің жанында футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаңдар, турниктер ыңғайлы жерге орналасқан. Брусялармен, лабиринттермен жабдықталған, доптар да жеткілікті. Әр баланың өздерінің үйлердің алдында жеке турниктері де жоқ емес. Ауыл балалары бос уақыттарын үнемі спортқа арнауды әдетке айналдырған. Бұл да болса, шәкірттерін өрге жүздірген мектеп мерейі.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.

Суретте: Оралбек Хабсаламұлы шәкірттерімен спорт залында.
Зеренді ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *