Ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі жұмыр жерді жаман тұмау жайлаған кезде айқын көрінді. Жандарын шүберекке түйіп жүріп жалпақ жұрттың денсаулығы үшін өз бастарын қатерге тігіп, бейбіт замандағы ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сондықтан да дәрігерлер қауымына қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.
Таяуда облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Көкшетау қаласының, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Серік Кәкеновтің еңбек жолын қамтитын кітап жарық көрді. Белгілі журналисттер Дәулетжан Ахметжанов пен Байқал Байәділовтің қаламынан туған жинақтағы дәрігер еңбегі кейінгі жас үшін өнеге.
«Көкшенің Серігі» деп аталатын ғұмырбаяндық жинақтың тұсаукесерінде Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсенбаев, әріптесі Тадеуш Янковский, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Боранбай Бегалиндер сөз сөйлеп, Серік Қабдөшұлының абыройлы еңбек жолын қамти отырып, жүрекжарды пікірлерін білдірді.
Дәрігер еңбегінің дәріптелгені дұрыс. Қанша адамды ажал аузынан алып қалған ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі қай уақытта да бағалануы керек қой.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.