Экология органдары құрылғаннан бері бұл салада көптеген адамдар жұмыс істеп, қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғауға тырысты. Бүгінгі күні бұрынғы Көкшетау мен Ақмола облыстық басқармаларының зейнеткерлері Ақмола облыстық департаментіне бекітілген.
Департамент өз қарамағындағы 26 зейнеткерге қолдан келген көмектерін көрсетуде. Оның ішінде 9 зейнеткер Нұр-Сұлтан қаласында, 17 зейнеткер Көкшетау қаласында және Ақмола облысының аудандарда тұрып жатыр. Бұл адамдардың арасында экология саласына беріліп қызмет атқарған жандар бар. Олар бізге мықты базасы мен жұмыс тәжірибесін қалдырды. Өмір – өзен, қазір барлығы өзгерді. Бүгінгі күні барлық қызметкерлердің экологиялық білімі бар. Дегенмен де тәжірибелі зейнеткерлерге қарап білімімізді толықтырамыз, кеңестеріне жүгінеміз. Атап айтқанда Алма Ерғұсаева, Құбайдолла Күйшенов, Евгений Малышев, Сәуле Жанәбілова сияқты жаны жайсаң жандарды ерекше атап өткім келеді. Өкінішке орай, Бекболат Қабиденов, Қазақбай Тоққожин, Сабыр Сүлейменов, Есмағанбет Мамбин бұл дүниеден өтті. Жатқан жерлері жайлы болсын.
Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында Ақмола облыстық экология департаментінің басшылары өз зейнеткерлерімен кездесті. Көкшетау қаласында тұратын зейнеткерлердің үйіне барып, азық-түлік тағамдарын табыс етті. Көкшетау қаласынан тыс жерлерде тұратын ардагерлерге ақшалай конверттер табысталды. Экология ардагерлері көрсетілген ықылас пен қолдау үшін үлкен алғыстарын білдірді. Тарихты білмегеннің болашағы бұлыңғыр демекші, өткенімізді еске алып, өскелең ұрпаққа мұра қалдыру міндет.
Күләш РАҚЫМОВА,
Ақмола облыстық экология
департаментінің бас маманы.