Құтқарушы – құрметті әрі қажетті мамандық

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында қауіпсіздік өмір сапасының бөлінбейтін бөлігі болып табылатынын атап өтті.

Жыл сайын 19 қазанда Қазақстан Республикасында Құтқарушы күні аталып өтіледі. Құтқарушылар қатарында тек қана таңдаулы адамдар тұр. Өйткені, бұл мамандық адамнан ерлік пен өжеттілікті, жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Олар қиын жағдайда көмекке келеді. Бұл – олардың кәсіби міндеті. Құтқарушылар өз өмірін тәуекел етіп, адам өмірін арашалап алады. Мұндай істің маңызын бағалау қиын. Сондай-ақ, бұл мамандық қиыншылықпен бетпе-бет келген адамдарға көмектесуге және жақсылыққа тәрбиелеуге ықпал етеді. Өзгелер үшін құтқару мен ерлік белгілі бір оқиға болса, құтқарушылар үшін күнделікті жұмыс. Биылғы жылы төтенше жағдайлар бойынша кәсіптік қызмет құрудың 25 жылдығы аталып өтіледі. Қазақстандағы құтқару қызметін құру тарихы 1995 жылдан басталады.
Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті өз Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетті құрды. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін рес-публикада тұрғындарға қызмет көрсететін кәсіптік апаттан құтқару ұйымы жұмыс істеді. Адамдарды құтқарумен Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің туристік бақылау-құтқару қызметі және Қазақ спорт комитетінің альпинистік бақылау-құтқару бекеті айналысты. Бүгінгі күні Төтенше жағдайлар комитетінің Астана мен Алматы қалаларында, Қазақстанның облыстарында 30 мың адамнан тұратын 100 ведомстволық ұйымы жұмыс істейді. Олар күн сайын ондаған рет төтенше жағдайды жоюға шығады. Осы жылдары құтқарушылар тұрғындарды ескерту және қорғаудың сенімді жүйесін құрды. Жедел құтқару отряды жаңа ақпараттық технологияның, ғылым мен техниканың жетістігін пайдалану арқылы қазіргі жұмыс әдістерін енгізіп, құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша көп жұмыс атқарды. Қаржыландыру мәселесі шешіліп, Көкшетау қаласының іргесіндегі Қопа көлінде контейнер түріндегі судан құтқару станциясы тез арада салынды.
Мемлекеттік сатып алудың конкурстық үрдісін сақтап, үнемделген қаржымен 3 автокөліктің жабық тұрағы, қызмет иттері үшін вольер, автоматтық шлагбаум, Щучье көлінің жағалауында бақылау бекеті салынды. Жиһаз бен конвекторлар сатып алынды. Сондай-ақ, Қопа, Щучье мен Бурабай көлдерінің жағалауында пирстердің жамылғысы жаңартылды. Жылжымалы үйлер базасында облыс аумағында жедел жылжитын құтқарушы бекеттер құрудың техникалық жағдайы жасалды. Сондай-ақ, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында құтқарушы бөлімшелері ғимаратының құрылысы бойынша барлық қажетті құжаттар дайындалды. Бүгінгі күні олар Зеренді және Кіші Шабақты көлдерінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кеңінен пайдаланылуда. Жаңа әдістер қолдану және алдын алу жұмысын жүргізіп, су нысандарындағы төтенше жағдайды ескерту жөніндегі жұмыс жетілдірілді. Күзетілмейтін су айдындарында қоғамдық құтқару бекеттері құрылды. Алдыңғы қатарлы бұл жұмыс үлгі ретінде барлық республика өңірлеріне таратылды. Шомылу маусымы кезінде су айдындарында адамдар көп жиналатын демалыс орындарында суға кетудің алдын алу рейдтерін жүргізу бойынша жергілікті полиция қызметімен, көлік бақылау инспекциясымен және Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясымен өзара іс-қимыл тәртібі қарастырылды.
Сондай-ақ, суға шомылу маусымы кезінде қалалық суға шомылатын орындарда қоғамдық қауіпсіздік бекеттерінің жұмысы ұйымдастырылды. Отряд құтқарушылары табиғи және техногендік түрдегі төтенше жағдай салдарын жоюға тартылды, табиғи және техногендік түрдегі апаттан құтқару жұмысына 519 мәрте шығып, 147 адамды құтқарды, 278 адамды көшірді. Департамент Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі саласында стратегиялық звено болып табылады. Ішкі істердегі әріптестерімен бірге облыста маңызды міндеттер жүзеге асырылуда. Біз өзіміз үшін азаматтық қорғау саласына инновация енгізуге, табиғи және техногендік апаттармен күресте одан әрі күшті біріктіруге ықпал ететін жаңа басымдықтарды анықтаймыз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, азаматтық қорғау мен жедел құтқару қызметінің барлық мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекеміз – Қазақстан Республикасының Құтқарушы күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, отбасының амандығын, еңбектің жемісін тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты, әр күніміз тыныш әрі қауіпсіз болсын!
Дәулет ШАМИҒАНОВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару отрядының бастығы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар