Биыл халқымыздың ұлы перзенті, ақын, ғұлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында Педагогикалық ғылымдар академиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Абайдың 175 жылдығына арналған «Мүшәйра» республикалық жас ақындар конкурсын ұйымдастыруда.
Осыған байланысты аталған мүшәйраның аймақтық ұйымдастырушысы – Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі республикалық жас ақындар конкурсына Ақмола облысы бойынша іріктеу сайысының өз мәресіне жеткендігін хабарлайды. Байқау өңіріміздің жас жазушылары, ақындары, журналистері және 16-29 жас аралығындағы жас дарындары арасында өткізілді. Облыс бойынша прозалық және поэзиялық жанрдағы жұмыстар қабылданды.
Республикалық шара болғандықтан, мүшәйраға оқу орнының басшысы, белгілі әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахатұлының басшылығымен колледжіміз барынша зор мән берді. Атап айтқанда, жас ақындар мен жазушыларға жаңа шығармалар жазуға көмектесетін кәсіби жазудың практикалық дағдыларын қалыптастыру мақсатында ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде «Абайдың 175 жылдығына арналған «Мүшәйра» республикалық жас ақындар конкурсын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» әлеуметтік жобасы аясында «Әдеби жазу дағдыларын дамыту» тақырыбында тренинг өтті. Тренері – әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР ПҒА корреспондент мүшесі Аян Қажыбай. Онлайн форматта өткізілген тренинг қатысушылардың сөз шеберліктерін шыңдай түсуге үлкен сеп болды деген сенімдеміз. Тренингте хакім Абай творчествосын әдеби процесте қарастыру арқылы замана шындығын бейнелеудегі ақын ізденістерін, табыстары мен жетістіктерін айқындау, Абай өлеңдеріне арқау болған оқиғалардың көркемдік берілу нәтижесі арқылы олардың жанрлық табиғатын айқындау, Абай шығармаларын әдеби процесс контексінде қарастыра отырып, өз кезеңіндегі шығармашылықпен байланысын, сабақтастығын талдау, сол арқылы оның өзіндік даралық сипатын зерделеу мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, жас жазушылардың, ақындардың, журналистердің шығармашылық дамуына және шеберліктерін арттыруға ықпал ету мақсатында 7 қыркүйек күні «Қалай жазуға және өзіңіздің талантыңызды қалай ашуға болады?» атты шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Дәрісті жүргізуші ретінде әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек шақыртылды. Оған қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға толық жауап алып, талантын толыққанды ашудың жолдарымен таныс-
ты. Түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындау, қызық ойындар жүргізу арқылы жазу дағдыларын өздігінен дамытуға болатындығын үйренді.
Ақтық кезеңге өтетін жеңімпаздарды анықтау мақсатында 3 әділқазы тағайындалды. Олар Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, журналист, жазушы-аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері Ғосман Төлеғұл, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, журналист-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбай Төреғожа, «Көкшетау» газетінің бас редакторы, журналист-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев. Сөйтіп, қазылар алқасының шешімі бойынша ойының түйінділігі, тілінің оралымдылығы, көркемдігімен көзге түскен үш жеңімпаз анықталды. Осылайша, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Ерден Нұрахмет, жас ақын Айгерім Сабыр, Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкері Серғазы Қайырболды республикалық кезеңге жолдама алды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдылығы – жетілудің көрінісі» деп атап көрсеткен еді. Олай болса, Абайдың шығармашылығын терең зерттеуде жас ақындар мен жазушылар өмірлік маңызды бағыт табады деп сенім білдіреміз. Байқауға қатысушы барлық дарынды жастарға шығармашылық табыс тілейміз!
Камила ӘБИЕВА,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің тіл және әдебиет кафедрасының жетекшісі.