Коронавирус туралы алғашқы кітап

Жуырда Көкшетаудағы «Мир печати» баспасынан коронавирус мәселелеріне арналған «Өмір үшін күресте – Ради жизни» атты кітап жарық көрді.

Кітап авторлары – денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбектерімен көрініп, көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың құрметіне бөленген тәжірибелі басшы дәрігерлер Қ.Тәшметов, С.Ілиясов және Ж.Нысанбекова.
Бұл – күні кеше ғана елімізге үлкен ауыртпалық әкеліп, енді екінші толқыны басталуы мүмкін деп болжанып отырған коронавирус індеті және оған қарсы күрес, алдағы ескеретін мәселелер туралы республикамызда жарық көріп отырған осындай тұңғыш кітап. Екі тілде шыққан кітаптың бас кейіпкерлері емханалар мен ауруханаларға осы індеттің белгілерімен келген әр науқастың өміріне жанқиярлықпен араша түсе білген ақ халатты абзал жандар. Кітапта медицина қызметкерлерінің осы жұқпалы да қатерлі науқасқа тосқауыл қоя білген толассыз еңбегі, аты жаман індетке қарсы ұйымдастырылған жан-жақты күрес шаралары, осы жолда басшыдан қатардағы қызметкерге дейін танытқан табандылық пен іскерлік қасиеттері тартымды баяндала түседі. Сонымен бірге, кітап шындықты да бүкпесіз алдымызға жайып, коронавирус індеті лап қойған алғашқы беттегі абдыраушылық, жұмыста жіберілген олқылықтар және олардан алатын алдағы сабаққа дейін жасырмай, көп нәрсенің бетін ашады. Бұл да осы аурумен одан әрі күресте көп болып ескерілуі тиіс жайлар. Сол тұрғыдан да кітаптың шындықпен өрілгендігін құптаймыз.
«Өмір үшін күресте» деп аты айтып тұрғанындай, коронавирус індеті шын мәнісінде дәрігерлер қауымы, қалың халық үшін де өмір мен өлім арасындағы тартыс, адам ғұмыры, денсаулығы үшін кәдімгі майданның алғы шебіндегідей үлкен күрес алаңы болғаны белгілі. Ендеше, біраз адам шығыны болса да, облыс әкімі, басқа да тиісті орындардың шұғыл шешімдері, бір кісідей жұмылған іс-қимылдары арқасында медицина қызметкерлерінің жеңісімен аяқталған сол мазасыз күндер жайында енді еліміздегі алғашқы кітап та жарық көріп жатқандығын қолдауымыз керек. Оның үстіне бұл кітап өткеннен сабақ алатын пікір-ұсыныстарымен құнды екендігін тағы бір ауызға алмай болмайды.
Демек, көпшілік қауымға, қоғамдық денсаулық сақтау саласы, емханалар мен ауруханалардың қызметкерлеріне сөзсіз көмегі тиетін әрі оларды беті жаман аурумен күресте жігерлендіре түсетін қос тілдегі кітаптың өз мақсатынан шыққанын айту өте орынды болмақ.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар