«Қазпошта» цифрлық қызметті дамытуда

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Қазпошта» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қанат Алпысбаевты қабылдап, цифрландыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, пошта қызметі өз тұтынушыларына алдағы уақытта заман талабына сай, бұдан да қолайлы жағдайларды жасап, жаңашаландыруды мақсат етіп отыр. Жоба аясында «Қазпошта» ұлттық желісі халыққа қызмет ету орталықтары жоқ елді мекендерде мемлекеттік қызмет түрін ұсынбақшы. Қазіргі таңда бұл жоба министрлікте қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, компания есеп айырысу, хаттар, сәлемдемелер, төлемдер мен аударымдар, басқа да қызметтік сервис түрлерін цифрлық жүйеге ауыстыруды қолға алған.
– Қазіргі таңда халық онлайн қызметтің тиімді әрі жылдам екендігін түсініп, сол жүйеге көшіп жатыр. Бұл күнде аудан орталықтарын айтпағанда шалғай ауылдарда да ғаламтор желісі бар. Біз осы орайда тың жобаларды қолға алып, пошта қызметін цифрландыруға көшіру мәселесін толық енгізуді жоспарлап отырмыз. Басты мақсатамыз клиенттерімізге жоғары сапалы қызмет көрсету болып табылады, – дейді акционерлік қоғамының басқарма басшысы.
Өңір басшысы пилоттық жоба ретінде қолға алынған тәжірибені Атбасар ауданында жүзеге асырып көруді ұсынды. Сонымен қатар, аймақ басшысы өз сөзінде жалпы өңіріміздегі елді мекендердегі ахуалды біріздендіріп үйлестіру үшін облыстық деңгейде құзырлы мекеме керек екендігін де атап өтті.
– Қазіргі таңда елімізде цифрландыру бағыты жоғары қарқынмен дамып келеді. Осы орайда, қолға алынған бұл игі бастаманы біз қашанда қолдауға әзірміз. Бұл – заман талабы. Сондықтан, басымдық әсіресе, шалғай елді мекендерге берілгені дұрыс. Жоба аясында «Жол картасын» әзірлеген жөн, – деп атап өткен облыс әкімі Ермек Маржықпаев тиісті сала басшыларына осы мәселені қолға алуды тапсырды.
Цифрландыру жобасы аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамы әзірлеген қаржы және пошта қызметтерінің Post.kz онлайн порталы арқылы компьютерден немесе мобильді қосымша арқылы сервистік қызметтер көрсетіледі. Алдағы уақытта бұл қызметтердің барлығы шалғай ауыл тұрғындарына да қолжетімді болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар