Тәртіпті қатаң сақтайық!

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдық етуімен өңірімізде коронавирустың екінші толқынына жүргізіліп жатқан дайындық шаралары туралы брифинг болып өтті.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында COVID-19 вирусының лабораториялық расталған 3544 дерегі тіркелген. Оның ішінде ересектерде – 3276, 14 жасқа дейінгі балаларда – 268 жағдай анықталған. Үстіміздегі айда облыста коронавирусқа шалдыққан 63 науқас тіркелген. Брифинг барысында эпидемиолог мамандар мен дәрігерлер вирустың дендеуіне тұрғындардың бұрынғысынша белсенді өмір дағдысына оралуы, санитарлық талаптарды орындамауы себеп екенін айтты.
–Қазіргі таңда Еуропа, ТМД елдеріндеэпидемиологиялық жағдай күрделене түсуде. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, ТМД мемлекеттерінің жартысында коронавирусқа шалдыққан науқастар саны Қазақстанға қарағанда 11 есеге көп. Еліміздегі эпид-
ахуал жіті бақылауда. Коронавирустың кең таралуының алдын алу үшін тікелей эпидошақтармен жұмыс жүргізілуде. Пандемия таралған кезеңнен бастап, облыста 77 науқас көз жұмды. Бүгінде стационарларда және үй жағдайында 142 науқас ем қабылдап жатыр. Оның сегізінің жағдайы ауыр. Бірақ, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар жоқ. Облыс бойынша 565 инфекциялық төсек орын әзірленді. Осы күні олардың 17 пайызы қолданыста, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.
Брифингке қатысқан Қазақстан Респуб-ликасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев пандемия кезеңінде дәріханаларға мониторинг жүргізу кезінде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттатудың 32 дерегі анықталып, 14 әкімшілік хаттама толтырылғанын айтты. Мұндай фактілерді байқаған тұрғындар кез-келген уақытта «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 1424 Call-орталығына хабарлай алады. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің бағасын dari.kz сайтынан да қарауға мүмкіндіктері бар.
Ақмола облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина еліміздің солтүстік өңірлерінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түскенін айта келе, біздің облыстың аумағында да 16 қазаннан бастап карантин шаралары күшейтілгенін жеткізді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, сауда орындарының жұмыс уақыты шектелді. Сонымен қатар, демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді.
Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов коронавирусқа қарсы күрес шараларына жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы, індеттен қайтыс болған ақ халаттылар мен олардың отбасыларына берілетін өтемақы жөнінде кеңінен айтып берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар