Ғұбайдолла Әбдірахманов атындағы Жаңа Қима орта мектебінің математика пәні мұғалімі Еркегүл Сүлеймен республика бойынша «Үздік педагог» атанды.
Аталмыш орта мектептің директоры Гүлсім Мейрамованың айтуынша, білім саласы мамандарының біліктілігі сынға салынған республикалық «Үздік педагог» конкурсында Еркегүл Сүлеймен облыс пен аудан намысын ойдағыдай қорғап, жеңімпаз атанды.
–Мұндай математика пәнінің мұғалімі облыс пен аудан мектептерінде сирек қой деген ойдамын. Арманының ең биік шыңынан көрінуге тырысатын Еркегүл Сүлеймен өз білімін тұрақты жетілдіреді. Ол облыстық математика пәні мұғалімдері конкурсы алқасының мүшесі. Сондай-ақ, аудан мен мектептің әдістемелік бірлестігін басқарады. Білім бағдарламасын жаңарту бойынша шығарылатын оқулықтарды тексеру жөніндегі педагогтардың сараптама тобының мүшесі. Ол 5-7 сыныптардың оқушыларына арналған бақылау жұмысы үшін сұрақтар мен жауаптар дайындауда. Үздік педагог өз жұмысы мен мамандығын жанындай сүйеді. Мектебіміздің ұжымы атынан Еркегүл Сүлейменді үлкен жеңісімен құттықтаймыз! Қол жеткізген нәтижесімен шектеліп қалмай, кәсіби тұрғыдан өсіп, алға басып, жаңа жеңістерге жетуіне тілектеспіз!»,–дейді үздік педагог еңбек ететін мектеп директоры Гүлсім Мейрамова бізбен әңгімесінде.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.