Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Оқжетпес» – ел кубогының иегері - АРҚА АЖАРЫ

«Оқжетпес» – ел кубогының иегері

Таяуда Ақтау қаласында 3х3 форматындағы баскетболдан еліміздің біріншілігі өтті. «Aktau Open Fest» фестивалінің аясында ұйымдастырылған турнирге Астана, Алматы, Көкшетау, Рудный, Атырау, Павлодар, Қостанай, Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан 14 команда қатысты. «Оқжетпес» ерлер командасы осы турнирде сәтті өнер көрсетіп, біріншілік жеңімпазы атанды.

Мұндай спорттық шара Қазақстанда үшінші рет өткізілді. Оның біріншісіне қатысып, сегізінші орынды қанағат тұтқан жерлестеріміздің тәжірибесі айтарлықтай емес еді. Соған қарамастан, ақмолалықтардың бас жүлде – кубокты иемденуі басқалары үшін күтпеген жағдай болды десек, артық емес.
Алдымен 3х3 форматының не екеніне тоқтала кетейік. Басқаша айтқанда, бұл жастардың Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін және бүкіл әлемде кең түрде дамып келе жатқан стритбол деп аталатын спорт түрі. Кәдімгі баскетболдан оның айырмашылығы, алаңда әрбір командадан үш ойыншы ғана өнер көрсетеді. Сондай-ақ, қарсыластарда доп салатын бір ғана ұяшық болады.
– Стритбол әлі жас спорт түрі, оның пайда болғанына үш-төрт жыл ғана. Алайда, қазірдің өзінде жастардың Олимпиада ойындары бағдарламасына еніп үлгерді. Ақтаудағы біріншілікті ерекше деп айтуға болады. Себебі, мұнда ойыншылар жамылғы төселген және әлемдік стандартқа сәйкес келетін баскетбол алаңында өнер көрсетті,–деп өз ойымен бөлісті бізбен фестивальді ұйымдастырушыларының бірі Самсон Аракелян.  
Команда мүшелері Самат Кәрібаев, Сергей Хренов, Владимир Иванов, Виктор Гассман және олардың жаттықтырушысы Пернебай Ысқақовты ақмолалық жанкүйерлер мен қоғамдық жұртшылық өкілдері облыс орталығының кіреберісіндегі «Құлагер» ескерткішінің жанында зор құрметпен күтіп алды. Осы арада жеңімпаз команданың атына ізгі лебіздер білдіріліп, жылы тілектер айтылды. Жиналғандар спортшылардан қолтаңба алып, бірге суретке түсті. Жанкүйерлер әрбір ойыншыға ескерткіш медальдар табыс етіп, кубоктың біздің қолда екеніне шынайы қуаныштарын білдірді.
Бұдан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында ел біріншілігі жеңімпаздарының құрметіне қабылдау болып өтті. Оған «Оқжетпес» спорт клубының тәрбиеленушілері қатысып, басқарма басшысы Надежда Патюткина жоғары деңгейдегі жарыста жеңіске жеткендері үшін команда мүшелеріне алғысын жеткізді. Баскетболшылар өз кезегінде жылы қабылдауға ризашылықтарын білдірді.
–Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ,–деп ой бөлісті команда капитаны Самат Кәрібаев. –Біздің қарсыластарымыз жеңіске бас күштерін салып, қайткенде де кубокты өздері иеленуге ұмтылды. Алайда, өз шеберлігіміздің арқасында біріншілік жеңімпазы атану бақыты бізге бұйырғанына бәріміз де өте қуаныштымыз.
Расында, біріншіліктің өте тартысты өткенін «Оқжетпес» командасының ақтық бәсекеде былтырғы ел чемпионы Рудныйдың «Арман-1» командасын бір ғана доп айырмашылығымен ұтқанынан да аңғаруға болады. Ойын аяқталғанда таблодағы есептің 16:15 болуы жерлестерімізге кубок иегерлері атану мүмкіндігін туғызды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 600 мың теңге болса, оның 300 мыңын оқжетпестіктер, ал, 200 мыңын екінші орынды месе тұтқан рудныйлықтар еншіледі. Алматы қаласының командасына үшінші орын мен 100 мың теңге жүлде қоры бұйырды.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар