«Миллениумдер Абайы»

Жуырда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына ұлы Абайдың есімі берілген-ді. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен осы білім ордасында Абай аллеясының ашылуы салтанаты болып, жаңа аллеяда ағаш көшеттері отырғызылды. Біз бүгін «Арқа жары» газетінің оқырмандарын осы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының дарынды балаларының шығармаларымен таныстырып отырмыз.

Ақниет Озатұлы 1993 жылы өмірге келген, миллениумдердің өкілі. 2008 жылы Жидебайда өткен Республикалық Абай оқуларының жүлдегері. 2010 жылы Көкшетау қаласы, (қазақ тілінде оқытылатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатын бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әдебиеттану мамандығының бакалавры мен магистратурасын аяқтаған. Университет қабырғасындағы «Әңгіме-дүкен» герменевтикалық клубының және YouTube бейнехостингіндегі «Ғақлия» бағдарламасын құрушылардың бірі. PhD докторант, халықаралық Haileybury Astana мектебінің ұстазы, халықаралық «Болашақ» (АҚШ) стипендиясының иегері.

2008 жылдың күзі… Жидебайда өткен республикалық Абай оқуларында облысымыздың атынан қатысу мүмкіндігі туды. Көңілі жұмсақ, әсершіл, әр мектеп оқушысына Абай еліне жасаған сапар өте ыстық лебіздермен, естеліктермен сақталып қалып еді. Тура осы уақыттан бір мүшел өткенде, ұлы хакімге арналған «Миллениумдер Абайы» атты шағын еңбегіміздің жарыққа шығуы нәсіп болыпты. Біріншіден, бұл жұмысымыз ақынға деген ізетіміз деп білеміз. Екіншіден, 2020 – ерекше жыл. Олай дейтін себебіміз, биыл қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, қазақ ойшылдығының, мәдениетінің, музыкасының ірі өкілі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Шекспир десе ағылшын, Пушкин десе орыс еске түсетіні сияқты, шынымен де қазақ десе Абай аты ойға оралады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде құндылықтар мен мәдени процес-
тер жедел өзгеру үстінде. Осы орайда, Абай шығармашылығы қазіргі буын танымында қалай қабылданады деген сұрақ алдымыздан шығатыны хақ. Себебі әр дәуірдің, әр толқынның өзіндік ерекшеліктері, проблемалары, сұрақтары болады. Ал, Абай ойы, шығармашылығы жаңа замана алдында несімен өзекті? Біз өз кезегімізде аталмыш сұраққа кітабымызда жауап беруге ұмтылып к

өрдік. Сондықтан да, кітап аты: «Миллениумдер Абайы».
Миллиениум – әлеуметтік түсінік, яғни, 2000 жылға дейін өмірге келген буын атауы. Әр уақыттың өз постулаттары, өз ерекшеліктері бар. Абай мұны:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек? – деп өрнектейді.
Ең қызығы, бұл ұрпақ кеңестік қираған кезеңді де, ел тәуелсіздігін енді алған тұстағы экономикалық қысылтаяң шақты да көріп үлгерді және қазіргі даму үстіндегі жаңа технологиялар заманында өмір сүріп жатыр. Қысқаша айтқанда, екі үлкен әлеуметтік кезеңді көрген «миллен», яғни, латынша «ортасын» көрген толқын. Бізден кейінгі «Z» ұрпақтары – таза технологиялық дәуірдің буыны. Цифрлық аскетизм, популизм элементтері басым топ.
ХХ ғасырдың басында Алаштың аймаңдай ұлы Міржақып Дулатұлы: «Абай өлген күннен қанша алыстасақ, соншалықты рухына жақындармыз. Замана бұл күйде тұрмас, ағарар, өнер-білімге қанар, сол кезде Абай құрметі күннен-күнге артар. Ол күнді біз көрмеспіз, бірақ рухымыз сезер, қуанар», – дейді. Міржақып айтқандай, уақыт өткен сайын Абай құрметі арта бермек, себебі, келер толқынның бір өрнегі бүгінгі мына бізден де артық болары айдан жарық, күннен раушан дүние. Сол себепті де хакім мұрасы қазақ атты халық барда өшпесі, жоғалмасы анық. Лайым, солай болғай!

Ақниет Озатұлы,
Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 2010 жылғы түлегі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар