Абай мұрасы – халықтың қасиетті қазынасы

Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының данасы, дарасы, біртуар ұлы. Кемеңгер, ойшыл ақын, қазақ ұлтының тарихынан орын алған Абай атамыздың шығармалары халқымыздың сан ғасырлар бойы құндылығын жоймайтын асыл қазынасы. Ақынның мол мұрасы қазақ әдебиетінің айнасы, сәні тәріздес. Менің ойымша, қанша ғасыр өтсе де, қанша заман өтсе де, Абай шығармалары жас ұрпаққа үлгі берер туынды болып қалады. Себебі, Абай қазақтың бас ақыны, қараңғы қазаққа жарық сәулесін шашқан, адастырмас темірқазығы, жол сілтеушісі болған адам. Абайдай ақын, халық жанашыры қай заманда болсын кездесе бермейді. Сондықтан, Абай туындыларын оқып дәріптеу, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – біздің парызымыз. Абай атамызды Гималай тауына да теңеуге болады, себебі, ақынды қанша білем дегенмен де, ақын мұрасы өте биік әрі өте зор мағынада. Абай жолы роман-эпопеясын жазған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай –тұңғиық теңіз астындағы асыл тастар мен сол теңіздің бетін ғана шолып өттім» деген екен. Ұлы жазушының өзі осындай сөз қалдырса, біздің ақын мұрасы туралы көп білеміз дегеніміз артық болмақ. Сол себепті, жас баладан бастап ересек адамға дейін ақын мұрасынан сыр шертіп, оны оқып-білгені абзал.
Ақын өлеңдерінде табиғат құбылыстарын көркем суреттеді, адамзатты білім-ғылым үйренуге шақырды, халықты тең дәрежеде ұстап, би-болыстардың қаталдығын, жағымсыз мінездерін әшкереледі. Бір кәдеге жарар деп жазып қалдырған қара сөздерінің әрбірі мән-мағынасы терең, оқыған сайын адамды ақылға шақыратын туындылар. Ақын қара сөздеріндегі басты ерекшеліктер адамды ойландыру, гуманистік қасиеттерді бойға сіңіру болып табылады. Абай атамыздың бар болмысы мен мұрасын қазақ халқымен қатар, өзге елдер де мойындап отыр. Бүкіл әлем елдері мойындаған дара тұлғаны қай жағынан да әспеттеу біздің ұлттық парызымызды орындағанымыз болып саналады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абай туралы сөз» атты кітабында Абай сөзінің халқымыздың бойтұмары екендігін де жазып кетті. Биыл ойшыл ақынымыздың дүниеге келгеніне 175 жыл толып отыр. Осы мерекеге орай, Абай мұрасын жас ұрпаққа насихаттау барысында әртүрлі іс-шаралар өтті. «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, ақынымыз дүниеден өтсе де, мұрасы әрқашан жадымызда сақталады!
Динара Нұрмұханова,
Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар