«Dombyra» ұлттық телеарнасының түсірілім тобы – Көкше өңірінде

«Dombyra» ұлттық телеарнасының түсірілім тобы – Көкше өңірінде

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен және облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының ұйымдастыруымен «Dombyra» ұлттық телеарнасының түсірілім тобы Көкше өңіріне атбасын тіреді.

«Достар» мәдениет үйінде елімізде домбыра жайлы ғана емес, өзге ұлттық музыка аспаптары жайлы да хабар тарата бастаған «Dombyra» ұлттық телеарнасының түсірілім тобы өз жұмысын бастап кетті. Жалпы, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі бекітілгені белгілі. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында қаймағы бұзылмаған қазақтың өнер туындыларын паш ету мақсатында келген аталмыш телеарнаның бас редакторы Қанат Ержігітов:
– «Dombyra» ұлттық телеарнасы 2019 жылдың наурыз айынан ашылып, жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнде еліміздің барлық аймақтарына кабельдік жүйемен тарап отырмыз. Жуық арада спутниктік жүйеге қосыламыз деген үміттеміз. Біздің келгендегі мақсатымыз – қазақ халқының ұлттық өнерін жаңа бағытта жазып алу. Барлық өңірдің өзіндік орындау ерекшеліктері, ұлттық бояуы бар. Сондықтан, өзінің жергілікті нақышында орындалған әндерді бұзбай, сол күйінде жазып алу үшін барлық облыстардың аудан, қалаларын аралап жүрміз. Дәл қазір еліміздің батысы, оңтүстігі, шығысы, бәрі түсірілді. Енді міне, Ақмола облысы әкімінің қолдауымен солтүстік өңірге де келіп жеттік. Бүгін облыс орталығы Көкшетау қаласында болсақ, ертеңнен бастап Степногорск қаласы және тоғыз ауданды аралап, 11 күндік іссапар барысында өнерпаздардың үздік өнер туындыларын халыққа жаңа форматта жеткізу тұрғысында түсірілім жасаймыз, – дейді. Ол сондай-ақ, бұдан әрі Қарағанды, Павлодар облыстарына жол тартатындарын да жеткізді.
Ал, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова:
–Халыққа ұлттық аспабымыз – домбырамен орындалатын ежелгі ән-күйлердің құдіретін сол қалпында жеткізу мақсатында келген ұжым облыс орталығындағы өнерпаздардың өнеріне тәнті болуда. Мұнда жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды. Облыс әкімінің қолдауымен өткізіліп отырған бұл жоба алдымен әлеуметтік желілер арқылы құлақтандырылды. Халықтың ішінен шыққан өнерпаздар жиналып, тізімге тіркелуде. Бұл бір күннің ісі емес, ертең де жалғасады деген ойдамын. Өйткені, өтініш білдіріп, қатысамын деушілер өте көп. Әрине, іріктеуден нағыз таланттар өтеді деген үміттемін. Біз осы домбыра ұлттық телеарнасының келгеніне өте қуаныштымыз, – дейді.
Сонымен, аталған телеарна ұлттық салт-дәстүрімізді, күмбірлеген домбырада орындалатын ән-күйлерімізді
насихаттау бағытында Көкшетау, Степногорск қалаларына қоса, Бурабай, Ақкөл, Ерейментау, Целиноград, Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан, Атбасар, Аршалы аудандарында болуды да жоспарлап отыр.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *