Балаларды індеттен қорғай білейік

Облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бірқатар мекемелердің, сауда орындарының жұмыс уақытына, демалыс күндері қоғамдық көліктердің жүруіне шектеу қойылды.

Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасы коронавирус пандемиясының екінші толқынында осы індетпен күреске дайын. Бұл жөнінде медициналық мекеменің бас дәрігері Елена Иванова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Елімізге наурыз айында батпаңдап кірген пандемиямен күрес кезінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасы да нақты ПТР тесті негізінде анықталған немесе жұқтырып алды деген болжамды диагноз қойылған балаларды COVID-19 вирусынан емдеу үшін бөлек тұрған ғимарат – жұқпалы аурулар бөлімшесін дайындаған болатын. Онда 30 төсек орын болса, оның 15-і коронавирус індетіне душар болған науқастарға бөлінді, соның 2-еуі реанимациялық орын. Бас дәрігердің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда бөлімше барлық қажетті материалдық және техникалық құрал-жабдықтармен, орталықтандырылған оттегі жүйесімен, 57 пульсоксиметрмен, 12 оттегі концентраторымен қамтылыпты.
–Қазіргі күні аталған бөлімшеде 5 науқас емделіп жатыр, бірақ олардан коронавирус жұқпасы нақты анықталған жоқ, әлі тексеріс үстінде. Науқас балалардың жағдайы орташа деңгейде. Егер олардан індет анықталмаса, мамандандырылған басқа бөлімшеге ауыстырылады, ал, нәтиже керісінше болып жатса, осы жұқпалы аурулар бөлімшесінде әрі қарай емделеді. Наурыз айынан бері коронавирустан және соның салдарларынан туындаған аурулардан облыста 52 бала емделіп шықты, – деді бас дәрігер.
COVID-19 жұқпасын ұзақ уақыт бойы симптомсыз басынан өткеретін балалар мен жасөспірімдер көптеп қабыну синдромына, кавасаки ауруына ұшырап жатады. Ол аталмыш індетті немесе пневмонияны басынан өткерген балаларда екі немесе бес апта ішінде біліне бастайды. Осы уақытқа дейін көптеп қабыну синдромы немесе кавасаки диагнозымен облыстық ауруханада 8 бала емделіп шықты.
–Егер індет балалар арасында қатты дендеп бара жатса, бөлімшедегі пандемияға арналған төсек-орындарды екі есеге дейін ұлғайтуға қауқарымыз жетеді. Оған кадрлық және материалдық тұрғыдан да дайынбыз. Бірақ, балалар арасында айтарлықтай індеттің қатты белең алуы болмайды деп ойлаймыз. Себебі, оқушылар мектепті қашықтықтан оқып жатыр, балабақшаларда тек кезекші топтар ғана жұмыс істеуде. Балалар барып жүрген білім мекемелерінің барлығында да санитарлық талаптар қатаң сақталған, – деді журналис-
терге ақпарат берген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері.
Індеттің алғашқы толқынында көптеген тар шеңбердегі кәсіби медициналық балалар дәрігерлері учаскелерде болмады, яғни, барлығы жаппай аты жаман індетпен күресуге жұмылдырылды. Енді екінші толқынында бұл жағдай қайталанбай ма деген журналистер сауалына Елена Юрьевна:
– Облыста балалардың денсаулығын қадағалайтын кейбір тар шеңбердегі маман-дәрігерлер өте тапшы. Әсіресе, невропатолог, стоматолог мамандары. Облыста бір ғана невролог бар, ол біздің ауруханада. Мұндай кадр жетіспеушілігінің бір себебі, балалар дәрігерлігіне жастар көп бара бермейді, оны меңгеру өте қиын. Бұл соңғы жылдары облыс деңгейінде қарастырылып жатқан мәселе. Алдағы 4-5 жылда бұл мәселе толығымен шешіледі. Ол үшін әлеуметтік пакет те болады, баспана жағдайы да қарастырылады, –деді.
Сонымен бірге, аудандарда тұратын балалар індетке шалдықса, тұрғылықты жеріндегі ауруханада тексерістен өтіп, емделеді. Аудандық ауруханалар да бұл жағынан 90 пайыз дайын. Себебі, бірінші толқында жан-жақтан, әсіресе, демеушілер, облыс тұрғындары тарапынан оттегі концентраттары, оттегі баллондары мен ИВЛ аппаратын алуға көп көмек көрсетілді. Қазір әрбір ауданға министрліктен бөлінген қаржыға 3 аппараттан сатып алынды. Егер консультативтік көмек керек болса немесе науқастардың жағдайы нашарлай бастаса, олар медициналық мекеменің көлігімен немесе арнайы санитарлық авиакөлікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізіледі.
Індетке көбінесе созылмалы, жүйке жүйесінде ақаулықтары бар, онкологиялық, гемотологиялық, қант диабеті секілді дертке ұшыраған балалар шалдығады.
Брифинг соңында бас дәрігер ата-аналарға өз балаларының денсаулығын қадағалап, оларды адамдар көп шоғырланатын жерлерден алшақ ұстауға, үнемі маска таққызуға кеңес берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар