Еліне еңбегі сіңген аяулы тұлға

1996-2002 жылдардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі мәрте депутаты, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, милиция полковнигі Қайролла Ғазизұлы Ескендіровтың туғанына 80 жыл толып отыр. Көзі тірісінде туған еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен осы бір аяулы жанның биік болмысы, адамгершілік зор тұлғасы көпшіліктің есінде мәңгі сақталары анық.

Тағдырдың адам баласына тартар сыйы мол ғой. Біреулер жастайынан үлде мен бүлдеге бөленіп, ауырдың асты, жеңілдің үстімен ғұмыр кешсе, енді біреулер қаршадайынан тіршіліктің тауқыметін бастан өткізіп жатады. Ал, соғыс жылдары дүниеге келген аға ұрпақты қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай «тәтті» өмір сүрді деп айта алмаспыз. Көкшетау ауданындағы Биіктесін ауылында 1940 жылғы 25 қазанда өмірге келген Қайролла досымыз әкесі Ғазиз ақсақалдан үш жасында айырылды. Отбасының барлық ауыртпашылығы аяулы анасы Әсияға жүктелді. Ерінен ерте айырылған азабы аздай үлкен қызы Қалима госпитальда жатқан күйеуінің жағдайын білуге барғанда жол апатына ұшырайды. Ендігі үміт еткен Хамиті он жеті жасында өз қалауымен майданға аттанады. Жеңісті жорықпен Берлинге дейін барған Хамит ағамыз Қиыр Шығыстағы жапон милитаристерімен болған соғысқа да қатысып, елге тек 1947 жылы ғана оралады. Еті тірі, білімді азамат Көкшетау сүт комбинатына жұмысқа орналасып, Жылымдының қырмызы қызы Қазимамен отау құрады. 1948 жылы анасымен бірге қарындасы Әлима мен Париданы, інілері Қабыкен мен Қайролланы Көкшетауға көшіріп алады. Қала тұрмысына тез бейімделген сегіз жасар жасөспірім көршілердің балаларымен футбол ойнап, көлде балық аулайды. Сол кездегі қазақ балаларына арналған бірден-бір білім ордасы – №3 орта мектепте оқып, оны үздік бітіреді. Алайда, басқа құрбылары сияқты жоғары оқу орнына түсуге талпынбай, осындағы Көкшетау аспап жасау заводына жұмысқа барады. Табаны күректей бес жыл токарь болып істейді. Үсті-басы май-май болып, ауыр темір-терсекті көтергенін Қайрағаң мақтанышпен еске алатын.
1962-1965 жылдары Украинадағы ракета әскери полкінде азаматтық борышын өтегеннен кейін ол бірден Көкшетау қалалық комсомол комитетіне қызметке қабылданып, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Жастайынан еңбек майданында шыңдалып, әскери қатаң тәрбие көрген өршіл өрен қала жастары арасында құрметке бөлене білді. Осылай өмір тәжірибесін жинақтай жүріп, жүрек қалауымен Омбы жоғарғы милиция мектебіне түсіп, оны 1970 жылы ойдағыдай бітіреді. Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінде инспектор, тергеуші болып істеген кезінде де кәсіби шеберлігімен танылған Қайролла Ғазизұлы Көкшетау қаласы прокурорының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғаны үшін бірнеше мәрте КСРО Бас прокурорының марапаттау қағаздарына ие болады. Осындай іскерлік қабілеті жоғары бағаланған Қайролла Ескендіров Көкшетау облыстық партия комитетінің аппаратына нұсқаушы болып қабылданады. Кейін мемлекеттік-құқықтық бөлім меңгерушісі болып істейді. Қай істі болмасын асқан жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен атқара білетін іскер жігіт адамдарға деген ілтипатты сыйластығымен ерекшеленді. Облыстық ішкі істер басқармасының штаб бастығы болып істеген кезінде өзінің бай тәжірибесін іскерлікпен пайдалана отырып, алдымен әріптестері арасында тәртіпті нығайтуға, жеке құрамның тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше мән берді.
1996 жылы Қайролла Ескендіров Солтүстік Қазақстан және Көкшетау өңірлері бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатына депутат болып сайланды. Өзіне жүктелген зор сенімді абыроймен атқара білген халық қалаулысы Парламент қабылдаған бірқатар заңдардың авторы атанды. Атап айтқанда, Қылмыстық Кодекстің жекелеген тарауларын жазуға, «Нотариус туралы», «Адвокатура туралы» заңдарды дайындауға қатысты. Сенаттың Конституциялық заңдылықтарды қорғау жөніндегі комитет хатшысы, Жоғарғы Сот кеңесінің мүшесі, Халықаралық Парламенттер Одағы өкілдігінің мүшесі бола отырып, өзінің жоғары білімдарлығын таныта білді. Жерлестері оған тағы да зор сенім көрсетіп, Сенат депутаттығына екінші мәрте сайланады. Қоғамдық белсенді қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Ардақты азаматтың бұдан басқа да алған марапаттары жеткілікті. Бірге өсіп-өнген сыйлы інілері болғандықтан, біз де Қайрағаңның адамгершілік өнегелі қасиеттерін жақсы білетінбіз. Әсіресе, достықты ерекше ардақ тұтты. Жастайынан Көкшенің топырағында бірге өскен аяулы жолдастары Қадес Сағадиев, Жандарбек Төребаев, Айдархан Бисембаев, Рашид Ғайнуллин, Сансызбай Мұхитановпен жиі араласып тұрды. Парламент қабырғасында академик Ж.Әбділдинмен, З.Федотовамен, Алматыда табысқан құрдасы, атақты композитор Е.Хасанғалиевпен де байланысы берік болатын. Қоғамдық ғылымдар академиясы мен Омбы жоғарғы милиция мектебінде Ресейдің бүгінгі мемлекет қайраткерлері В.Матвиенко мен В.Рушайломен жолдастық жақсы қарым-қатынаста болғанын жиі айтушы еді.
Отбасылық дәстүрді ерекше құрметтейтін Қайролла Ескендіров ұлы Асан мен қызы Аиданың да жоғары білім алуына әкелік қамқорлығын аяған жоқ. Екеуі заңгерлік білім алды. Келіні мен күйеу баласы да осы саланың білікті маманы болғандықтан Қайрағаң: «Біздің үйдегі бес заңгердің жалғыз прокуроры бәйбішем Зейнеп Зейноллақызы»,– деп әзілдейтін. Иә, айтса айтқандай, Зейнеп жеңгеміз де Көкшенің адал сүт емген айтулы перзенті. Алғашқы еңбек қадамын Көкшетау облыстық комсомол комитетінде бастаған ол ұзақ жыл қалалық партия комитетінің жалпы бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. Қайролла Ғазизұлының бойындағы тағы бір үлгі аларлық қасиеті – оның бауырмалдығы мен адалдығы. Бәлкім, осыдан болар ол өзімен сыйлас, сырлас дос-жарандарының, әріптестерінің туған күндерін, телефондарын жатқа білетін. Қайраға-ау, бірлі-жарымды емес, 600-700-дей адамның өмірбаян деректерін жадыңызға сақтау оңай емес қой дегенде, мұның бәрі жылдар бойы қалыптасқан дағды ғой дейтін.
Көкшенің ардақты перзенті бүгіндері арамызда жоқ болғанымен, оның есімі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Құқық қорғау саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасында былтыр мемориалдық тақта орнатылды. Сексен жылдық мейрейтойына арналып, кітап та шығарылды, бейнефильм де түсірілді. Қайрекендей елін сүйген асыл перзент, адал досымызды өскелең ұрпаққа үлгі ете отырып, ардақ тұтуды парыз санаймыз!

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.
Жасболат ХАСЕНОВ,
ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар