Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күні Қазақстанда 2011 жылдан бері аталып өтілуде. Бұл мереке ерекше сипатқа ие, өйткені, бұл сала қамқорлықты қажет ететін адамдардың қиын тағдырымен ұштасып жатқан ізгілікті істің, жүйелі жұмыстың айқын көрінісі. Сондықтан, бұл атаулы күн –халыққа қол ұшын беріп, көмек көрсететін қызметкерлердің күні.
Бұл кәсіби мерекені біз өткен кезеңдегі осы салада атқарылған істерді бағалауға мүмкіндік беретін кезекті белес деп қарастырамыз. Сонымен, Премьер-Министр мен облыс әкімінің арасында жасалған меморандумға сәйкес биыл 20,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғандар 12,5 мың адамды құрайды. «Еңбек», яғни, нәтижелі жұмыспен және жаппай кәсіпкерлікпен қамту бағдарламасы аясында 9733 азамат қамтылды.
Жұмыспен қамтудың нәтижелі қызметін, арнайы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, жұмыссыздықты қысқарту, жұмыс орындарына мониторинг жасау, мемлекеттік көші-қон саясатын жүзеге асыру – біздің облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының 36 қызметкерінің негізгі жұмыс бағыты. Аудандық және қалалық деңгейдегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларын үйлестіру бөлімдерінде 500-ден астам маман халыққа қызмет көрсетуде.
Осы жылы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 3384 отбасы өтініш білдірді, олардың 2780-іне жәрдемақы тағайындалды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасылардың 1 және 6 жас аралығындағы балаларына ішінде гигиеналық құралдар мен азық-түлік жинақтары бар кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер ұсынылды.
Әлеуметтік саланың аса маңызды бағыттарының бірі – ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау. Олардың жалпы саны шамамен 29 мың адамды құрайды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың негізгі мәселелерінің бірі – оларға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету екендігі белгілі. Осы орайда, облыста мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында және олардың құқығын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары белсенді іске асырылып жатыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мүгедектердің өмір сүру деңгейі жақсарды. Олардың денсаулығын оңалту үшін берілетін қаржыландыру да жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл өткен жылғы қаржыландыруға қарағанда, бөлінген қаржы көлемі 461 миллион теңгеге артты. Былтырғы көрсеткіш 467 миллион теңге болса, биылғы 928 миллион теңгеге дейін ұлғайған.
Жыл соңына дейін 8526 кембағал жанды техникалық оңалту құралдарымен қамтып, 1726 адамды санаторлық-курорттық емдеуге жібереміз. Бүгінгі күні облыста үйде көрсетілетін әлеуметтік көмектің 23 бөлімшесі жұмыс істейді. Оларда 548 әлеуметтік қызметкер 2887 көмекке мұқтаж адамдарға, соның ішінде 473-і мүгедек жанға қызмет етеді.
12 үкіметтік емес ұйымда 55 әлеуметтік қызметкер бар. Олар өмірдің қиыншылығымен бетпе-бет қалған, тағдырлары ауыр 368 жан көмек қолын созуда. Сонымен бірге, облыста 10 медициналық-әлеуметтік мекемесі бар. Оның 5-еуі жалпы, 4-еуі психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектерге арналған және біреуі психоневрологиялық дертке шалдыққан мүгедек-балалардың мекемесі. Онда осы күні 1307 адам тұрады, соның ішінде 55-і кембағал балалар, 820-сы 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар, қалған 432-сі қариялар мен 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек адамдар. Оларға тәулік бойы қызмет көрсетуге мыңнан астам әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандары жұмылдырылған.
Жоғарыда атап өткен орталықтарда өмір сүру жағдайлары кәдімгі үйдегі атмосфера тәрізді ұйымдастырылған. Соңғы бес жылда «Мейірім» орталығынан басқа 9 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, коронавирус жұқпасымен күрес кезінде алғы шепте болған әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғысымды айтқым келеді.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалімен пандемиямен күресте ерекшеленген жерлестеріміз марапатталуда. Солардың ішінде карантин кезінде жұмыс орындарында қалып, қорғаншылықтағы азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсеткен 21 әлеуметтік сала қызметкерінің де болуы біз үшін үлкен абырой. Сөз соңында барша әріптестеріме табыс, зор денсаулық және отбасылық бақыт тілегім келеді.
Алтын АҚБАРОВА,
Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы
басшысының орынбасары.