Толағай тұлға

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары санатты дәрігер, қоғам қайраткері Болат Жанәділовтің 80 жылдық мерейтойына орайластырылған «Толағай тұлға» атты электронды басылым жарық көрді. Ел ағасы туралы бұл жинақты Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұжымы әзірледі.

Жалпақ жұрт Болат Сүлейменұлы Жанәділовтің бойындағы кіршіксіз адамгершілік қасиетін, кісілік келбетін қапысыз таниды. Ол туған өлкесіне бір адамдай еңбек сіңірген дара тұлға. Оның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа таныс-
тыру, медициналық білімін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жинақтың тұсаукесерін журналист, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев жүргізді.
–Облыстық кітапхана жанынан «Алтын арқа» клубы ашылған болатын, ол осы уақытқа дейін Ақмола облысынан шыққан ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері туралы көптеген деректер жинақтап, оны электронды нұсқада шығаруда. Мұндағы мақсат Ақмола өңірінен шыққан тау тұлға азаматтардың ғибратты жолдарын жас ұрпаққа насихаттап, қажет болған жағдайда ғылыми-танымдық тұрғыдан пайдалануға ұсыну, – дей келе, Серік Жетпісқалиев қоғам қайраткері өмірінің сәулелі сәттеріне шолу жасады.
Шара барысында кітапхана қызметкері, өлкетану секторы бөлімінің меңгерушісі Аида Амангелдинова «Толағай тұлға» электронды басылымымен таныстырды. Басылым ел ағасының ғибратты ғұмыры, өнегелі қызмет жолы, медицина саласына сіңірген ересен еңбектері, наградалары мен фотосуреттері секілді 11 бөлімнен тұрады.
Болат Жанәділов 1940 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Сырымбет ауылында дүниеге келген. Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер. Адам өмірі үшін арпалыс-
та жоғары кәсіби біліктілігімен танылған қатардағы маман, кейін бөлім меңгерушісі, бас дәрігер, бұрынғы Көкшетау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланып, елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосты. «Құрмет» орденінің иегері. Сексеннің сеңгіріне табан тіреген ел ағасы өзі сөз алған кезінде «ер жігіт аяғын жерге, арқасын елге тірейді. Халыққа шын жүрекпен қызмет қылған азаматтың қашанда мерейі үстем болады» дегенді айтып, өзінің өмірден алған тәжірибесін, көрген-түйгенін үнемі жас ұрпаққа үлгі етіп айтып жүретінін жеткізді.
Біз білетін Болат Сүлейменұлы жалпақ жұртқа жақсылық шарапатын тигізген, бірақ, сол жақсылығын «мен осылай істедім» деп дабыралап айтып көрмеген, ақырын жүріп анық басатын арда азамат. Үнемі ел үшін сіңірген еңбегін айтудан бойын тарта ұстап, қарапайым адам болып қалуды жаны қалап тұрады. Кешегі өткен жиында да ағамыздың бойынан қарапайымдылық пен мейірімділіктің, адамгершілік пен кішіліктің, білімділік пен біліктіліктің асыл бейнесін көре алдық. Айтқан әңгімелері, әсіресе, әкесінің берген тәрбие-өнегесі туралы толғана жеткізгені тыңдарманды да толғандырды.
1992 жылдың ақпан айында Болат Сүлейменұлы Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. 1997 жылы Көкшетау облысы әкімінің орынбасары болды. Осы жылдары облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе, денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосты. Облыс орталығындағы «Милосердие», неврологиялық сырқаттары бар балаларды емдейтін «Болашақ», медицина-генетикалық орталықтарының ашылуына мұрындық болды. Психикалық жетілуі кешеуілдеген, есту қабілеті төмендеген балаларға арнап ғимарат бөлгізді. Денсаулық сақтау саласындағы қадау-қадау қажырлы еңбегі де ересен. Көкшетау жұртшылығы үшін айрықша оқиға болған Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық- драма театрының ұйымдастырылуына да зор үлесін қосты. Болат Сүлейменұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене аралас-
ты. Халық депутаттары қалалық кеңесінің бірнеше шақырылымының депутаты болды. Қалалық партия комитетінің мүшесі ретінде де келелі істердің оңынан оңғарылуына өз үлесін қосты. 1990 жылы баламалы негізде Қазақ ССР Халық депутаттары Жоғарғы кеңесінің ХХІІ шақырылымының депутаты болғанда егемендікті жаңа алып жатқан жас мемлекеттің жаңа заңдарын қабылдауға белсене араласты. Оның ішінде Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылдарда өз пікірін білдіруі тарихи оқиға болды. Алғашқы Ата Заңның қабылдануына да қосқан салмақты үлесі бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы сайлауы қарсаңында сенімді өкілі болуы көп жайды аңғартса керек.
Тұла бойынан тектіліктің лебі есіп тұратын абзал ағаның омырауында «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендері жарқырап жүр. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, елге сіңірген еңбегіне орай, Көкшетау қаласының құрметті азаматы атанды.
Осынау тау тұлғалы азаматтың бар ғұмыры мен өнегелі өмірін жинақтаған облыстық кітапхана қызметкерлерінің еңбегі елеулі. Кітапхана директорының орынбасары Қуаныш Оспанов өз кезегінде ел ағасын 80 жылдық мерейлі жасымен құттықтап, электронды жинақтың дискісін сыйлады және қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасады. Іс-шараға қатысқан көкшелік ғалымдар мен ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары Болат ағаның ғибратты ғұмыры жайында пікір алмасты.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар