Қазақ елі мен өз ұлтына сіңірген еңбегі бар

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі мен көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы башқұрт-татар этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Сулькарнаев мәдениет саласында қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық істерден қол үзбей келе жатқан өнер иесі.

Ресейдің Түмен өлкесінде туып-өскен Рафаил Саитұлы Челябинск мемлекеттік мәдениет институтын тәмамдағаннан кейін 1979 жылы жолдамамен бұрынғы Көкшетау облысына келіп, Куйбышев аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, он жылдан астам уақыт бойы Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Осылайша ұжымды басқарудағы тәжірибесі мен жауапкершілігінің арқасында өзі іргесін қалаған «Колкент» серіктестігінің директоры, «Сулькарнаев» жеке шаруашылығының жұмыстарын да дөңгелетіп әкетеді. 2013 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, қоғамдық қызметтермен айналысады. Сөйтіп, 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін башқұрт-татар этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып келеді.
Қазіргі таңда бұл қоғамдық бірлестіктегі «Ғалиябану» татар-башқұрт вокалдық ансамбліне 30 жыл толып отыр. Ансамбль 2016 жылы Халықаралық өнер фестивалінде лауреат атанса, 2018 жылдың желтоқсан айында халықтық ұжым атағына ие болып, осы арқылы халықаралық деңгейге көтерілген. Шығармашылық ұжым қатарында Сарвар Мубаракшина, Хуррия Фатхиева, Ануза Урманова, Гаухар Аминова, Рауза Бадретдинова, баянда сүйемелдеуші Сәкен Қарбаев, аналы-балалы Светлана және Альфия Ибрагимовалар сияқты талантты өнерпаздар бар. Бүгінде 84 жастағы Фарида Ханафиева да осы ұжымда жемісті өнер көрсетті. Олар бүгінге дейін «Ғалиябану» вокалдық халық ансамблімен республикалық сабантойларға белсене қатысып, татарлар тығыз орналасқан өңіріміздегі Атбасар, Щучье, Степногорск, Қызылту, Степняк, Имантау сынды жерлерде өнер көрсетіп жүр. 30 жылдық тарихы бар, репертуарға бай ансамбль барлық ұлттың тілдерінде халықтық және қазіргі заманғы әндерді орындайды. Осылайша ансамбль қалалық, облыстық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысқандары үшін түрлі дәрежедегі дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестікте кішкентайлар мен ересектерге арналған екі би ансамблі өнер көрсетеді. Солардың бірі «Юлдуз» балалар би ұжымына Лилия Жакишева жетекшілік етеді.
– Мен бала кезімнен «Сабантойдың» ұлттық мереке екенін, оның қалай өтетінін көріп, сезініп өстім. Содан да болар, өнер институтын тәмамдағаннан кейін мәдениет саласында үздіксіз еңбек ете жүріп, Көкшетауда алғаш рет «Сабантой» мейрамын өткізуді қолға алдым. Тіпті, еліміз бойынша бірінші мен бастама көтергенімді де мақтан етемін. Башқұрт-татар халқында бірлік пен достық байрамына айналған «Сабантой» ең бірінші орында тұрған мейрам. Қазір әлем бойынша этно-мәдени бірлестіктердің бәрінде бұл мейрамды өткізу дәстүрге айналған. Оған қоса, «Чак-чак» байрамы, «Мин яратам сине, Көкшетау» мейрамдарын да жыл сайын өткізіп тұрамыз. Осылардың бәрінде «Ғалиябану» вокалдық халық ансамблі мен би ансамбльдері өнер көрсетеді. «Сабантуй» маусым айында өтсе, «Чак-чак» байрамы күзгі жиын-терін кезінде ұйымдастырылады. Жалпы, біздің ұжымда биыл төрт үлкен мейрам аталып өтуге тиіс болатын. Өкінішке орай, жыл басынан қауіпті індеттен орын алған карантинге байланысты бәрі тоқтатылды. Десе де, жуырда «Ғалиябану» вокалдық халық ансамблінің 30 жылдығына орай «Достар» мәдениет үйінде іс-шара өткізілмекші, – деген Рафаил Саитұлы Алматы Теңге сарайында өнерге еңбегі сіңген ұжым мүшелерін марапаттау мақсатында арнайы тапсырыспен мерекелік медаль жасатқанын да жеткізді. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» мекемесінен арнайы орын бөліп, жексенбілік мектепте татар-башқұрт ұлтының балаларын өз ана тілдеріне оқытып жатқандарын мақтанышпен айтып, қашанда қолдау көрсетіп отыратын облыс әкіміне, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімоваға, қалың қазақ еліне ризашылығын білдіруді де ұмытпады. Ол өз сөзінде татар халқына сіңірген зор қызметі үшін медальдармен марапатталған А.Дінікеев, Г.Бәйкенова, Ф.Сахибгареев, Э.Хабибуллина сынды бірқатар әріптестерін де мақтанышпен атады.
Қазақ, татар, башқұрт, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін 70 жасты алқымдаған біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Бірлік» алтын медалімен қоса, дүниежүзілік татарлар конгресінде «Татар халқына сіңірген зор қызметі үшін» және 2016 жылы Ресейдің Қазақстандағы ынтымақтастық өкілеттігінің «Махаббат пен адалдық үшін» медальдарымен, көптеген Құрмет грамоталарымен, дипломдармен марапатталған. Зайыбы Валентина Николаевна да кітапхана саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етсе, екеуінен тараған қыздары Асия болса, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің магистратура және бакалавриятын қызыл дипломмен тәмамдап, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқып, филология ғылымдарының кандидаты атанған. Асия Рафаилқызы PһD доцент, ғылыми монография мен оқу құралдарының, сөздіктер мен 20-дан астам кітаптардың авторы. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде 100-ден астам мақалалар жазған ол 2010 жылы Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен білім алған. Қазіргі кезде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының ғылыми хатшысы, филология кафедрасының доценті. Ақмола облысынан «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» аймақтық турының жеңімпазы. Міне, біліммен, өнермен өрбіген отбасында қыздары Асия да ата-ана үмітін ақтап, екі немере сүйгізіп отыр.
Бүгінде Рафаил Саитұлы басшылық ететін шығармашылық ұжым белсенді өмірлік ұстанымымен татар және башқұрт тілдерін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға үлес қосып қана қоймай, өңірдегі бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал етіп келеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар