Сайлау комиссиясының отырысы өткізілді

Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында 2021 жылдың 10 қаңтарында партиялық тізім бойынша өтетін Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының кезекті сайлауына дайындалу және оны өткізу бойынша негізгі шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.

Өз сөзінде Манарбек Сәдуов 2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтетінін хабарлап, саяси науқанның ашық, әрі әділ өтуіне тілектестік білдірді.
Облыстық сайлау комиссиясы отырысында күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин баяндама жасап, депутаттыққа кандидаттарға қойылатын талаптар жөнінде кеңінен тоқталып өтті. Мәслихат депутаты болып жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Республика азаматы бір ғана мәслихаттың депутаты бола алады. Кандидаттың тиісті сайлау құқығы болуы керек. Яғни, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Кандидаттарды ұсыну үстіміздегі жылдың 10 қарашасында басталып, 2020 жылдың 4 желтоқсанында аяқталады.
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес, депутаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға берілді. Мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыруды аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, комиссия құжаттарды қабылдап, партиялық тізімдер мен сенімді өкілдерді тіркейді, – деді Николай Политкин.
Осы орайда, айта кетсек, облысымыздың аумағында 722 сайлау учаскесі бар. Тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған сайлаушылар жергілікті атқарушы органдарға барып, тізімде барын растаулары қажет немесе жергілікті атқарушы органдардың call-орталықтарына хабарласуларына болады.
Отырыста комиссия мүшелері Степногорск қалалық аумақтық сайлау комиссиясының жаңа мүшесін бекітті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар