ҒЫЛЫМЫ ИСЛАМНАН БАСТАУ АЛҒАН ҒЫЛМАНИ
Сәдуақас Ғылмани (1890-1972) – көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын. Ерейментау, Ақмола мешіттерінің алғашқы имамдарының бірі. Ол 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін атқарды. Қайраткер 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды да әзірледі. Әйгілі «Кәлила мен Димнаны» қазақшаға аударды. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен Әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуға атсалысты. С.Ғылмани ислам жолындағы ағартушылық қызметі үшін 1929-1946 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған. Батыс Сібір аймағында бас сауғалай жүріп, сол кездің ауыр халін ислам құндылықтарына сүйеніп поэзия тілімен жеткізді. 30-жылдардағы саяси репрессиядан соң кеңестік қазақ әдебиеті сыңаржақты ұраншылдық үрдіске ойысса, С.Ғылмани жырлары ұлт трагедиясын шынайы суреттеуімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан ол сол ауыр кезеңнің сезім мен көңілдің танымдық-көркем күнделігі бола алады. Оның үстіне күні бүгінге дейін азапталған, қуғындалған Алаш зиялыларының 30-жылдардағы еңбектері ғылыми айналымға түспей тұрғанда, С.Ғылмани мұрасы сол «ақтаңдақты» біршама толықтырады деп есептейміз.
ХХ ғасырда жасап өткен ұлт зиялыларының ішінде өзінің лайықты бағасын алып, халыққа бар бітім-болмысымен таныла алмай келе жатқан тұлғалардың бірі – Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани. Оның кім болғанын аз сөзбен түйіндеп айтар болсақ: Қазақстан мұсылмандары қазиатының қазиы (1952-1972), ғұлама дінтанушы, қоғам қайраткері, ақын, ағартушы-күрескер, аудармашы, фольклоршы. Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының алқа мүшесі болған.
«Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, «Ел аузынан жиған-тергендер» (би-шешендер сөзі) жинағын даярлаған. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен уағыздар әзірлеген. Әйгілі шығыс дастаны «Кәлилә мен Димнаны» қазақшаға аударған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен Әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға ат салысқан. Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған. Ең батысы, тұңғыш рет 110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша түсіндірме сөздік құраған.
Өкінішке орай, өзінің жерлестері мен жақын танитын қайсыбір адамдар және дінге қатысты орта болмаса, былайғы жұрт Сәкен Ғылманиды біле бермейді. Оның себебі, Сәкен шығармалары кеңес уағында әдеби айналымға түсіп, ақын ретінде танылған кісі емес. Өлеңдерінен басқа, діни тақырыпқа жазған тәрбиелік-танымдық еңбектері, аудармалары мен арабша-қазақша сөздігінің өзін жарыққа шығара алмаған. Сәкен халфенің бұқара көпшілікке танылмауының тағы бір себебі, ол уақытта мешіт төңірегіндегі адамдарға көпшілік жұрт тек діни уағыздаған молла деп қана қараған.
Сәкен Ғылмани жоғарыда айтқанымыздай, тек ислам ілімі мен сара сөздің ғана көрнекті өкілі емес, сондай-ақ, «замана күйісінен жаңылған» аласапыранды уақыттың бар трагедиясын бастан өткеріп, топас саясаттың тоқпағын жеп, соқтықпалы соқпақтан өткен тұлға.
Осы арада бірер ауыз сөзбен Сәкен халфенің қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек. Ол кісі 1890 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Малтабар ауылында туған. Арғы аталары башқұрт елінен Арқа жеріне келген діндарлар болса керек. Кейін Ереймендегі қанжығалы ішіне «естек» деген бір ата боп біржола сіңісіп кетеді. Бұл жөнінде халфе өзі:
Бабамыз – башқұрт ұру, түрік заты,
Еуропалық Бұлғаның дәмін татты.
Гүберне Самар деген – зор бір шаһар,
Үйезге қарайтұғын Бүгілме атты.
Ауылды Деніс деген мекен етіп,
Тағдырдың басқа жазған бәрін күтіп.
Ғази атты атадан тарап өскен,
Сегіз туыс қатардан бәрі ержетіп.
Сол сегіздің біреуі біздің баба,
Шашқан ырызық тергізіп Хақ тағала.
Сарыарқаға дәм айдап кеткен шығар,
Тағдырдың айдауына бар ма шара?
Башқұрт, ноғай, түрік пен қазақ туыс,
Тарих жүзін көргенге бәрі – әшкәрә.
Бәрі ағайын, бірінде бөтендік жоқ,
Жаралған бір зат емес жеке дара, –
деп өзінің арғы түбі Бұлға (Волга) бойынан, Самара шаһары жағынан екенін білдіреді. Ғази деп отырған арғы бір аталары Уфада мүфти болған екен дейді қайсыбір жазбаларда.
Тағдырдың айдауымен Ереймен жеріне келген Сәкеннің үшінші атасы Мұхамедияр ел ішінде Сармолла атанып, үйлі-баранды болып, кейін патша заманында Ерейментаудағы екі болыс елдің «указной молласы» болып тағайындалып, халықтың бір сыйлы адамына айналады. Сармолладан – Ахмет, Сәлмен, Рүстем атты үш ұл дүниеге келіп, оның Сәлменінен – Ғылман, Шапақ, Рахметолла атты үш бала тағы туады. Осы Ғылман – Сәкен халфенің әкесі.
Бір айта кетерлігі, қазір Сәдуақас Ғылмани деп жазылып жүргенімен, Омбыдан бері қарайғы ел іші бұл кісіні Сәкен халфе деп біледі. Өзінің есімі жайлы халфе 1970 жылдары бір фотосуреттің сыртына мынадай өлең жолдарын жазған екен:
Мен қария – сексен асқан ақын Сәкен,
Еркелетіп атапты солай әкем.
Шын атым азан айтқан – Сағирақадыр,
Мекенім – Ерейментау өсіп-жеткен.
Осыған қарап бұл кісінің шын есімі Сағирақадыр шығар деп топшылап жүргенбіз. Дегенмен, өзі: «Лақап атым – Сәкен, азан айтылып қойған атым – Сәдуақас» – деп жазады. Сол себептен, жоғарыдағы фотосуретке жазылған бір шумақ өлеңнің сыры белгісіз.
«Ештен кеш жақсы» дегендей, осы Сәкен Ғылмани секілді ескерусіз қалған ерен тұлғаға кейінгі 4-5 жылда тарихшылар мен дінтанушылардың, әдебиетшілердің назары шындап ауа бастағанын қуана байқап жүрміз. 2005 жылы арабтанушы Мұхит Салқынбайдың жетекшілігімен Ғылманидың арабша-қазақша сөздігінің бір томы кітап болып жарық көрді. Былтырғы жылы белгілі алаштанушы ғалым, «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры Дихан Қамзебекұлы Сәкен Ғылманидың соңында қалған поэзиялық мұрасын жиыстырып, алғы сөз жазып, кітап етіп шығарды. Осы шаруаның барлығы «ғалымның хаты өлмейтіндігінің» іс жүзіндегі дәлелі және «ғылманитанудағы» алғашқы қадамдар десе де болады. Жоғарыда атқарылған шаруалардан басқа, 2011 жылы қараша айының соңында Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да Сәкен Ғылманидың шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталған «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыппен ғылыми конференция ұйымдастырылғанын да айта кеткіміз келеді. Аталмыш басқосуда сөйлеген белгілі ғалымдар Серік Негимов, Тұрсын Жұртбай және Еуразия университетінің дінтанушы, мәдениеттанушы ғалымдары С.Төлеубаева, О.Темірбеков, К.Тышқан, Е.Шоқаевтар Ғылмани еңбектерінің бүгінгі діни адасушылық уақытта аса қажеттігін, оның түп-тамыры дала төсінде ондаған ғасыр бұрын орнаған ислам негіздерінен бастау алатынын, ал ол құрастырған арабша-қазақша сөздіктің жалпы ұлттық ғылымға қосылған құнды дүние екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп әңгімеледі.
Бір таңқаларлығы, Сәкен Ғылманұлы әрідегі Троицк пен Уфаға, тіпті іргедегі Қызылжарға немесе мына жақтағы Бұқарай-Шәріпке барып, үлкен діни білім алған кісі емес. Ол бар болғаны, Ерейментаудың Тойғанкөліндегі Ахмет (Ақтамақ халфе) Ғосманұлы деген адам ашқан діни медреседе 6-7 жыл ғана оқыған. Бірақ туа-бітті табиғи дарын иесі, зердесі зерек бұл адамның көзі жұмылғанша бір академияның жасайтын жұмысына пара-пар іс атқарған ғұламалығы мен қажыр-қайратына таңдай қақпасқа амалың жоқ. Бұл жөнінде Ерейментау жерінің тумасы, Сәкеннің өз замандасы Ақтан халфе Жақияұлы деген кісінің: «Біз ғылымның есігін қос қолымызбен итеріп ашсақ, ол есік Сәкеннің алдынан өзі ашылатын» – деген сөзінен Ғылманидың табиғи дарынды, аса алғыр, көкірек көзі ашық адам екенін байқауға болады.
Медреседен соң ел ішінде моллалық құрып, өзі де медресе ашып бала оқытып жүрген (мүмкін үлкен оқуға бармаққа қаржы жинағысы келді ме) жас Сәкен Ерейментау еліне үлкен қасірет әкелген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске килігеді. Жазалаушы әскердің ауыл-ауылды аралап, халықты қалай қан-жоса еткенін көзімен көреді. Жазықсыз ажал құшқандардың арасында патша солдаттарының оғынан өлген Сәкеннің өз ағасы Мұқан да бар еді. Бұл кезде оның ұстазы, әрі ақылшысы Ақтамақ халфеге ел ішіндегі есерлердің қолы тиіп, ол біржола Ақмолаға қоныс аударып кетеді…
Бұдан соң іле-шала төңкеріс келіп, дала төсінде тағы да алмағайып күндер орнап, ақ қашып, қызыл қуған заман жетті. Тағы да жазықсыз төгілген қан, тағы да шулаған ел, даланы шаңдатқан қарулы әскер…
Осы аласапыранның аяғы 1928 жылғы кәмпескеге ұласып, оның соңы ел ішіндегі қожа-молла атанған адамдарды аяусыз қуғындауға жалғасып, ақыры аты шулы ашаршылыққа барып тіреледі. Аштықтан есі кеткен Ереймендегі елдің біразы жаяу-жалпылап Омбы ауып кетті. Бұл кезде үйлі-баранды болып, Төренің ауылында мешіт-медресе ұстап отырған Сәкен Ғылманұлы да амалсыздан бас сауғалап, отбасын ертіп Ақмолаға бет түзейді.
Осы бір қасіретті күндер жайлы Сәкен халфенің қызы, тоқсан жастан асып қайтыс болған Үкіжан апа былай деп әңгімелейтін: «…Қысым күшейген соң, мешіт-медіресенің есігін жіппен байлап, үйімізден түк зат алмай, 1931 жылы 9 адам болып екі атпен ғана шыққанбыз. Ақмола қаласына келген күні екінті намазында әкемді ұстап алып кетті. Тамағымызға дейін тартып алды. Сол жерде 5 адамымыз аштан өлді. Анам да ісіп-кеуіп қайтты. Әкем 57 күн түрмеге қамалып қалды. Анам марқұмды орыс зиратының жанына көмдік. Ең болмаса балалары аман қалсын деп, бізді Жаңаарқадағы туыстарымыз алып кетті. Әкем түрмеге түскенде, қасында Мусимов Әбдікерім деген бір адам болған екен. Сол кісі түрмеде қайтыс болғанда, Алланың әмірімен әкемнің бес уақыт намаз оқитынын біліп, иманы оянған түрме күзетшілері өлген адамның құжаттарын әкемнің қолына беріп, оны босатып жібереді. Соның себебінен, мен ұзақ уақыт Мусимова Мүмина Әбдікерімқызы болып жүрдім. Әкем де сол атпен елден қиырда жасырынып тірлік кешіпті», – дейді.
Омбы жағына барып, осылай бөтен біреудің есімімен бой тасалап жүрген Сәкен Ғылманұлы бірер жылдан соң ел іші тынышталды-ау деген кезде Ерейментауға қайта оралып, Еңбек деген ауылда ұсталық етіп жүрсе керек. Бірақ, бұл да ұзаққа бармайды. Түннің ортасында жанашыр бір адам келіп: «Шамаң келсе қазір кет, әйтпесе құрисың» – деген суық хабар жеткізеді. Амал бар ма, тағы да түнделете жаяулап, Омбыға тартады. Осындай аласапыранды тірлік 1946 жылға дейін созылған екен.
Кеңес өкіметі 1943 жылы исламға қабағы сәл жібіп, Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасын ашуға рұқсат бергенін білеміз. Әрине, дінге бүйрегі бұрғандықтан емес, бұның артында үлкен саясат тұрған еді. 1946 жылы осы жақтан жылы хабар барғасын, Сәкен Омбыдан елге оралып, Ақмола мешітінің имамы болып тағайындалады. (Бұл қазіргі Астанадағы өзінің атындағы мешіт). 1952 жылы Қазақстан мұсылмандарының Бас қазиы, яғни, аталмыш діни басқарманың біздің республикадағы өкілі болып тағайындалып, Алматыға қоныс аударады.
Заманның қиын-қыстау шағында соңына шам алып түскен ОГПУ тыңшыларынан бой тасалай жүріп, қағазы мен қаламын қолынан тастамаған Сәкен қандай қасіретті кезеңде де мойымай, кез-келген сәтті өлең етіп қағаз бетіне түсіріп отырған. Бүгінде Сәкен Ғылманұлының осы жазғандарын оқи отырып, оның өзінің өмір жолынан ғана емес, жалпы сол уақыттағы қоғамның тыныс-тірлігінен де талай мағлұматтар алуға болады.
Естуімізше, «Кәлилә мен Димна» дастанын арабтанушы Мұхит Салқынбай Ғылым академиясының қорынан тапқан көрінеді. Бұдан басқа Сәкен халфе ислам дініне қатысты 42 кітапша дайындап, өзге еңбектерімен бірге Ғылым академиясына тапсырған екен. Басқа дүниелері де өзінің іздеушісін күтіп жатқаны белгілі.
Ғылманидың ірі еңбегі – 110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша сөздігі. Кезінде сан босағаны тоздырып, жарыққа шығара алмаған осы мұрасының бір парасы 2005 жылы бір том болып басылып шықты дедік. Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Самал Төлеубаеваның айтуынша, баға жетпес бұл еңбек толықтай оқырмандар қолына тиуі керек. Сәкен ғұлама араб сөздерін тек аударып қана қоймай, оның қалай оқылып, қалай пайдалану тәсілдерін көрсетіп, әдістемесіне дейін жазып кетіпті. Бұл оның араб грамматикасын жетік білгендігінің айғағы. Осы жөнінде халфенің тағы бір қызы Әминә апайымыз: «Әкем 1946-1966 жылдары бірыңғай сөздік жасауға отырды. Бұл – инемен құдық қазғандай еді. Қайтқанша соны түзетумен болды, тіпті каракасын қойып отырғанда дүниеден озды», – дейді.
Ғалымның басқа да еңбектері жайлы Дихан Қамзебекұлы жоғарыда аталған кітаптың алғы сөзінде: «Дерек көздерінде «С.Ғылманидың «Діни педагогика» атты оқулық жазып, Махмұт Шалтуттың «Бейбітшілік пен соғыста» еңбегін және «Діни ғибраттар туралы түрлі мемлекеттерде шыққан заңдар» сынды құжаттарды аударғаны, сондай-ақ, «Париж қаласынан сұрақтар» деп аталатын теологиялық дүние әзірлегені айтылады. Әлбетте, жүйесімен іздестірілсе, ағартушының басқа да жазғандары табылуға тиіс» – депті. Яғни, Сәкен мұрасының біразы әлі де өз іздеушісін күтіп жатыр деген сөз.
Белгілі ғалым Ақжан Машани кезінде Әл-Фарабидың қазақ жерінен шыққан ғұлама екенін дәлелдемекке кіріскенде, бүткіл Қазақстанда арабшадан аударатын адам табылмай, Сәкен халфеге жүгініп, ол «екінші ұстаздың» қажет болған еңбектерін қазақшалап, өлшеусіз еңбек сіңіргенін көп адам біле бермейді. Осыдан соң Машани Сәкенді «ғылыми жетекшім» деп атаған екен.
Сәкен халфе сонымен қатар, ислам дінінің үлкен теоретигі болғанын айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз, ол сол заманда-ақ уахабизм, салафизм секілді біздің дәстүрлі исламға жат ағымдардың жақсылық әкелмейтінін айтқан тұңғыш адамдардың бірі. 1943 жылы Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы ашылып, оған Зияуиддин Бабаханов деген адам Бас мүфти болып тағайындалады. Осы Бабаханов негізгі діни идеологиясы салафизм болып табылатын Сауд Арабиясында алған біліміне сүйеніп, Орта Азия елдерінде салафилік тұрғыдағы «таза ислам» орнатпаққа күш салады. Міне, осы кезде сол басқарманың Қазақстандағы өкілі, яғни, қазиы және алқа мүшесі бола тұра, Сәкен Ғылмани бұған барынша қарсы болып, уахабшылар идеясын теріске шығаратын Мухаммад Махлуф деген кісінің «Құран сөздерінің мағыналарына жасалған ашықтама» атты еңбегін аударып, салафизмнің негізін салушы Ахмад ибн Таимия бағытының қате екенін көрсететін 21 түрлі дәлел келтіріпті.
2015 жылы Алматы қаласынан Сәкен Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалар ғұмыры» деген кітабы басылып шықты. Аталмыш кітапта Сәкен халфенің бүгінгі қолда бар қолжазбалары туралы толық анықтама берілген. Бұл еңбекте сондай-ақ, ғалымның өз өмірбаяны қамтылып, біршама ақын-жырау, би-шешендердің сөздері, діни өлеңдер топтастырылған. Кітаптың негізгі бөлігі сол заманда Атығай-Қарауыл, Керей, Қанжығалы, Қыпшақ, Сүйіндік елдерінен шыққан діни қайраткерлердің өмірі мен қызметтеріне арналған.
Мысалы, Ерейментау жерінен шыққан Қанжығалының Есіргеп атасынан Тоқан хазірет Домаұлы, Төлеңгіт Ахмет (Ақтамақ халфе) Оспанұлы, Қожа Күдері ишан Шыңқожаұлы, Баукен Күдеріұлы, Қожа Әкбар халфе Жортпаұлы, Бөгенбайдың Тасбақа атасынан Мұхаметжан Біржімбайұлы, Малай атасынан Кәкібай Теміржанұлы, Қылшар Мұхаметжан Төлеубайұлы, Жолымбет Байдүйсен хазірет Түйтеұлы, Лабашы Қондыбай хазірет Таңжарықұлы, Киікбай Ғалымқожа Тілеуқожаұлы, Естек Бейіс молла Рахметоллаұлы, Төлеңгіт Көшмұхамет Қашқынұлы, Төлеңгіт Әбу-Шахман халфе, Баспан Абылқан молла Тайжанұлы, Базаргелді табынан Мұстафа Ұзақұлы, Аққоза атасынан Мұртаза Мұстафаұлы, Киікбай Рамазан халфе Бекежанұлы, Сүйіндік Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қожа Исабек ишан Мұратұлы, Сүйіндік Әбілғазы молла Мағұрыпұлы, Қарауыл руының Жауар атасынан шыққан Мұстақым хазірет Әзмағамбетұлы, Қыпшақ Аллаберген хазірет Шүлембайұлы, Қарауыл-Шұңғырша атасынан Науан хазірет (Наурыз-Мұхаммет) Таласұлы, Ғалымтай имам Науанұлы, Атығай-Қараменде атасынан Әлиасқар Айтқожаұлы, Момақан Абдолжаппарұлы, Атығайдың Құдайберді атасынан Қожахмет хазірет Тұхфатуллаұлы, Қази Айтуарұлы, Сейітахмет хазірет Әбдірахманұлы, Атығай Аббас хазірет Ғұмарұлы, Атығай Ысқақ хазірет Бердіқожаұлы, тағы басқа адамдар жайлы азды-көпті деректер беріледі.
Түйіндеп айтар болсақ, есімі жалпы жамағатқа жаңа ғана белгілі болып жатқан Сәдуақас (Сәкен) Ғылмани сынды тұлғаға бағыштап айтылатын пікірлер де, берілетін баға да және мол мұрасының халық игілігіне айналар күні де келіп жетті.
Сайлау Байбосын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ерейментау.